Бұл өмірдің құндылығы неде? Осы сауалға бұрын онша мән бермеуші едім. Есейген соң адамның өмірге көзқарасы өзгереді екен. Көп ойланатын болдым.
Мен Тимирязев ауданының тумасымын. Балалық шағым ауылда өтті. Отбасында біз үш ағайындымыз. Қыздан жалғыз әпкем ғана бар. Тоқсаныншы жылдардағы таршылық бүйірден қысқан кезде біз де тұрмыстық қиындықтарға тап болдық. Әкем “ащы судан” жұбаныш іздеді. Анам байғұс талай тепкі көрді. Алайда, әйелдің жаны қырық емес пе, бар қиындыққа шыдап бақты. Кейде әкеме ерегісіп өзі де “ащы судан” ұрттап жүрді. Бірақ балапандарын тамақтан тарықтырмауға тырысты.
Ауылда жұмыс жоқ. Анашым біреудің шаруасына қолғабыс етіп, еңбегіне асауқат алатын. Соны місе тұтқан әкем де жұмыс істеуге онша құлшынбады. Ішкімдік ішкен үйде қандай береке болады. Күн сайын үйде ұрыскеріс. Қорадағы азын-аулақ малдан да айырылып қалдық. Күн артынан ай, ай артынан жылдар жылжып жатты. Үйдің үлкендері мектепті тамамдап, қалаға кетті. Бірақ біздің жағдайымыз түзелмеді.
Әкемнің қылығына қатты ұялатын едім. Араққа сылқия тойып, көшеде құлап жатқанын көргенде намыстанатынмын. Бірте-бірте бұған да етіміз үйреніп алды. Тез ержетіп, әкемді жөнге салуды ойлайтынмын. Не істеу керек? Көзім ұйқыға кеткенше қалың ойдың құшағында жататынмын. Көршінің балаларына қызыға қарайтынмын. Тұрмысымыз түзеліп, біз де өзгелер сияқты бақытты өмір сүрсек қой деп армандайтынмын.
Бірақ өмір біз ойлағандай емес екен. Мұны есейгенде түсіндім. Өмірдің сыны мұнымен бітпеді. Мектепті тамамдаған соң, әскери борышымды өтеуге аттандым. Отан алдындағы парызымды абыроймен атқарып, бір жылдан кейін елге оралдым. Бірақ бәрі бәз баяғы қалпында. Ата-анамның жүдеу көңілі, жұпыны тірлігі қынжылтты. Жұмыс істеп, қолғабыс етуді алдыма мақсат еттім. Қызылжардағы құрылыс компанияларының біріне жұмысқа орналастым. Ай сайын алатын табысымды үйге жіберіп тұрдым. Әйтеуір, жақындарым мәз. Таңның атысы, күннің батысы жұмыстан тыным тапқан емеспін.
Осыдан бірер жыл бұрын Айнагүл есімді аруды жолықтырып, отбасын құрдым. Ол қаладағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейтін. Екеуміз бірге болуға серт еттік. Айнагүл – өте сабырлы, салмақты қыз. Бір сөзбен айтқанда, тәрбиелі. Ата-анамның той жасайтын мүмкіндігі жоқ екенін айтқанымда да бұл жағдайға түсіністікпен қарады. Әрбір қыз қалыңдық көйлегін киюді армандайды емес пе? Бірақ мен оның арманын орындай алмадым. Әттең, тонның келтесі-ай! Дүниеге кішкентайымыз келгенде де шілдехана жасай алмадық.
Бірнеше жыл ауылдағы ата-анам менің табысыма күн көрді. Үйленген соң амалсыздан жалақымды өзімнің отбасыма жұмсауым тиіс қой. Алайда, жақындарым кіріс көзінен қол үзіп қалғысы келмеді. Сондықтан тырнақ астынан кір іздеген анам біздің арамызға от салды. Ақыры әйеліммен ажырасып тындым. Анамды жамандыққа қиғым келмейді, бірақ жүрегім қырық жамау.
Қазір ұлым үш жаста. Отбасымның алдында өзімді кінәлі сезінемін. Бүгінде екі оттың ортасында жүргендеймін. Ешкіммен араласпаймын. Туғандарыммен де арамыз суи бастағандай. Үйге қоңырау шалмағаныма да бірталай уақыт болды. Қазақта “ата-анаң жынды болса, байлап бақ”деген аталы сөз бар емес пе? Алайда, менің әке-шешем ауру емес қой. Неге менің бақытты болғанымды қаламайды? Бәлкім, қателесетін шығармын. Қанша өкпе-реніш болса да, ата-анам – өмірдегі ең жақын адамдарым. Олардан қол үзуге қақым жоқ. Бір жағынан әйел-баламмен бірге тыныш өмір сүргім келеді. Маған осы ойлар маза берер емес.
Өткен түнде кішкентайымды жетектеген келіншегімді көрдім. Маған қолын созып, әлдебір сөздерді сыбырлады. Құлағым керең болып қалғандай естір емеспін. Баламның қолынан ұстай бергенім сол еді, оянып кеттім. Ұлымды сағындым. Түсіме кіргеніне қарағанда ол да мені іздейтін сияқты.
Рүстем ҒАБДУЛЛИН.