
Шағын және орта бизнестің дамып келе жатқанына да ерекше тоқталып өтуге болады. Қазіргі таңда бұл салаға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Еңбек етемін, өз ісімді дөңгелетіп, ел экономикасының дамуына үлес қосамын деген жігерлі жандар үшін арнайы бағдарламалар қарастырылып, осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерліктің кілтін тауып, қажырлы еңбегі арқасында республикалық деңгейге дейін көтерілген азаматтарымыз аз емес. Жастарға, әсіресе, осы бағытқа ынта қойған қыз-келіншектерге үлгі-өнеге бола алатын білікті, білімді кәсіпкерлер жайында әңгіме қозғар болсақ Гүлнәр Жансарина мен оның анасы Мильвия Шамильқызын ерекше мақтанышпен атап өтуге болады. Бір мақсатқа ұмтылған олардың бүгінде бағындырған белестері ауыз толтырып айтарлықтай.
– Мен жиырма жылға жуық облыстық ересектер мен балалар ауруханасында мейірбике болып жұмыс істедім. Одан кейін зауытта сегіз жыл еңбек еттім. Көпжылғы ауыр жұмыстардың салдары болар, денсаулығым сыр берген соң үйде отыруға тура келді. Бұл 1991 жыл болатын. Еліміз тәуелсіздігін алған жылы біздің өміріміз де күрт өзгерді. Қызым екеуіміз ақылдасып, облыс орталығында тоқыма киімдер сататын дүкендердің аз екеніне көзіміз жеткен соң, банктен несие алдық. Сөйтіп, тігін ательесін аштық. Әрине, мұның бәрін қазір бір сөзбен айту оңай. Бірақ дәл сол кезде барымызды салып, осындай тәуекелге бару шыны керек, оңайға соққан жоқ, – дейді Мильвия Шамильқызы.
Ел еңсесін жаңа көтерген сонау тоқсаныншы жылдары анасы мен қызы бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ істерінің ойдағыдай жүзеге асуына аянбай еңбек етеді. Алғашқы кезде тоқыма бұйымдарын тоқумен айналысады. Талдықорған қаласынан бір тонна иірілген жіп сатып алып, оны ерінбей, әртүрлі түстерге бояп, сұр жіптердің барлығын жауыннан кейін шыққан кемпірқосақтай құлпыртып жібереді. Осындай қыруар жұмыстарды бір тындырып алған соң, несиеге алған қаражатқа тоғыз бірдей тоқыма машина сатып алып, сағатпен санаспай жұмыс істеуге кірісіп кетеді. Ертеңгі күнге деген сенімдерін жандарына жалау еткен анасы мен қызы аз уақыттың ішінде біраз сәнді киімдер тоқып үлгереді. Әсемдігі жағынан шетелдің киімдерінен кем түспейтін тоқыма бұйымдарға көпшіліктің назары ауып, санаулы айлар ішінде шеберлердің жұмысы алға басады.
Еңбектері елене бастаған кәсіпкерлердің қуанышында шек болмайды. Осы алған беттерінен таймау үшін күн-түн демей жұмыс жасап жүргенде ақша құнсызданып, олардың алған несие пайызының құны бірнеше есе өсіп кетеді. Бұл күтпеген жағдай өз жұмысын жаңа ғана бастап келе жатқан кәсіпкерлер үшін үлкен сынақтың бірі болады.
– Еңсеміз түсті. Не істерімізді білмей қатты қиналдық. Тіпті, жұмысымызды тоқтатып, бар жиналған қаражатпен несиені жауып тастап, арманымызбен қош айтыспақ та болдық. Бірақ тағдыр бізге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуді сыйға тартты. Бұл менің отбасым үшін ұмытылмас қуаныш пен бақытқа толы сәт болды, – дейді шебер Мильвия Шамильқызы.
1991 жылы Петропавл қаласына жұмыс сапарымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Сол кезде кәсіпкер “Авангард” (қазіргі “Қарасай”) стадионында ұйымдастырылған көрмеге қатысушылардың арасында болған екен.
Елбасы өз ісін дөңгелете бастаған еңбек адамдарының қолдарынан шыққан өнімдерімен танысып, көрме сөрелерін аралап жүргенде Мильвия Шамильқызының бұйымдарына көңіл қойып, кәсіптері туралы сұрайды. Өз ісін жаңа қолға алып, енді-енді осы саланың қыр-сырын меңгере бастаған ол Мемлекет басшысына қол жеткізген жетістіктерін айта келе, банктен алған несиесінің жаппай ақшаның құнсыздануына байланысты күн санап бірнеше пайызға өсіп бара жатқанын жеткізеді. Оның әр сөзін зер сала тыңдаған Елбасы сол кездегі облыстың әкімі Владимир Гартманға қолғабыс етуді тапсырады.
– Қаражатымыз жетпей, жұмысымыз тоқтап, көңіл-күйіміз болмай, қызым екеуіміз не істерімізді білмей қатты қиналып жүргенде осындай сәтті кездесу болды. Бар-жоғы екі күннің ішінде ғана мәселеміз оң шешімін тауып, жаңа күшпен қайта жұмысымызға кірістік. Елбасымыздың біздің отбасымызға жасаған осындай жақсылығын еш уақытта ұмытпаймыз. Кемеңгер басшымыздың бірауыз сөзі біздің жанымызға сәуле болып шашылып, ісіміздің өрге басуына септігін тигізіп, үмітімізді жандырды. “Ұлық болсаң, кішік бол” дегендей, біздің сол кездегі жағдайымызды түсініп, көмектескеніне шын жүрегімнен риза болдым. Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың құрметіне, сеніміне үнемі солардың арасында жүргендіктен, олардың мұң-мұқтажын шеше алғандықтан ие болды. Осы өткен 25 жыл ішінде елімізді тоқырау жағдайынан алып шығып, бүкіл өндіріске жан бітіріп, мемлекетімізді күннен-күнге дамытып келе жатқан да Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының арқасы. Елбасы – туған халқын, туған жерін, даласын жанындай сүйетін адам. “Мәңгілік Ел” үшін аянбай еңбек етіп жүрген мұндай тұлғалар ұлт мақтанышы, – дейді өміріндегі ұмытылмас сол сәтті тағы бір есіне алған Мильвия Шамильқызы.
“Ұлы істер мен батыл бастамалар қиын-қыстау кезеңдерден бастау алады” деген аталы сөз бар. Шындығында да солай. Жұмыссыздық белең алып, ел басына түскен экономикалық қиындықтар, өндіріс, өнеркәсіп өнімдерінің құлдырауы қатар келген сонау тоқсаныншы жылдары өз кәсібін ашқан анасы мен қызы алты жыл бойы еңбектеніп, біраз белесті бағындырады. Елмен бірге еңселері көтеріліп, енді-енді бұйымдарының қатарын көбейте бастағанда, белгісіз біреулер тігін шеберханаларына от салып, ішіндегі барлық дүние өртке оранады. Алты жылда тырнақтап жинаған барлық дүние бір түнде күлге айналады. Тәуекелге бел байлап, барын салып бастаған істерінің күлге айналғанына олар қатты қапаланады. Бірақ қайсар жандар тағдырдың бұл сынына да қаймықпай, қарсы тұра алады. Арада біраз уақыт өткенде олардың жұмысы жанданып, шеберхана өз есігін қайта ашады.
2008 жылы “Мильвия” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып құрылып, одан кейін жұмыстары алға басып, қанаттарын кеңінен жайып, “Хикаят” сән үйін ашады. Бүгінгі таңда шеберлердің қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.
2013 жылы Астана қаласында өткен “Сән өнеркәсібі” атты республикалық көрмеге қатысып, өзге өңірлерден келген шеберлермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алған. 2014-2015 жылдары ұлттық бизнес көрсеткіші бойынша үздіктер қатарынан орын алып, елімізге танымал дизайнерлермен бір сахнаға шығып, жоғары деңгейге көтерілген. Он саусағынан өнер тамған ісмерлер “Қазақстанның үздік тауары” республикалық, өңірлік конкурс-көрмелерге қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Оны қабырғаға ілінген дипломдар мен Алғыс хаттардан-ақ көруге болады.
– Биыл өз кәсібімізді қолға алғанымызға – 25 жыл. Ел егемендігін алған ширек ғасыр ішінде жас мемлекетімізбен бірге көтеріліп, осындай жетістікке қол жеткізгеніміздің барлығы Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасы. Атамекенімізді алты құрлыққа танытып, экономикамызды дамытып отырған кемеңгер Президентіміздің әр сөзін ішкі жан дүниемізбен сезініп, жүрекпен түсінсек, қолға алған жұмысымыз алға басады. Бірлігі бекіген, ынтымағы жарасқан Қазақстанның дамуына қолдан келгенше өз үлесімізді қосуға қашанда дайынбыз, – дейді кәсіпкер.
Елбасымен кездесіп, оның айтқан ақ жол тілегінен жігер алып, барлық қиындықты жеңіп шыққан ісмер жандардың ендігі мақсаты – ұлттық өнерімізді ұлықтап, шетелге таныту.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: қолөнер шебері Мильвия Шамильқызы қызы Гүлнәр Жансаринамен бірге.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.