«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІН ОЙЛАҒАН БАСЫЛЫМ

 

“Soltústik Qazaqstan” газетінің ғасырлық тойына әзірлік бағдарламасы аясында редакцияда өткен кездесуде Қызылжар қаласын­дағы іргелі оқу орындарының бірі – әл-Фараби мектеп лицейінің дирек­торы Күлімкөз Смайылова да бол­ды. “Өзіме көрсетілген осындай құр­метке қатты толқып тұрмын”, – деді ол табалдырықтан аттар-аттамаста.

Күлімкөз Қайырбайқызы – Мағ­жан Жұмабаев, Смағұл Сәдуа­қа­сов, Сәбит Мұқанов сын­ды Алаш жұртының асыл перзент­тері іргесін қалаған басылымның тұ­рақты оқыр­маны, шын жанашы­ры. Со­ның бір дәлелі биылғы жаңа оқу жы­лынан бастап мектептің фойесінде арнайы бұрыш ашып, сол жерге жергілікті басылымдар­ды қойған. Енді немересін алып кетуге келген ата-әжелер осы жерде газет беттерін парақтап, облыс тыныс-тіршілігімен таныса алады. Осын­дай өнегелі бастамалары арқылы жас ұрпақтың кітап пен газет оқуға сүйіс­пеншілігін оятуды көздейтін Күлімкөз Қайырбайқызы секілді жү­регінде намыс оты бар қыз-ке­ліншектер аз емес.
Мерзімді баспасөзге жазылу нау­­­қанында газеттің таралымын кө­бей­туге атсалысқан бір топ жан­ашырларымызды 100 жылдық ме­рейтой қарсаңында редакция төрі­не шақырып, кездесу ұйымдас­тыр­дық. “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сү­лей­ме­нов қасиетті қарашаңыраққа ар­найы келген меймандарға алдымен редакцияда әр жылдары қызмет атқарған елімізге белгілі тұлға­лар, газетті басқарған бі­рінші бас­шылар туралы әңгімелеп берді жә­не басы­лым­ның кешегі әрі бүгінгі ты­ныс-тіршілігінен хабар беретін стенд­тегі суреттермен таныстырды.
Бұдан кейін Жарасбай Қабдол­лаұлы облыс орталығындағы өнер колледжінің директоры Роза Кә­шеновамен, Тимирязев аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Хан­шайым Наурызбаевамен, об­лыс­тық қорғаныс істері департа­мен­тінің баспасөз хатшысы Айман Әб­жапбаровамен, Мағжан Жұма­баев ауданындағы Ноғайбай ауы­лының пошташысы Алтынай Ес­ма­ғұ­лова­мен және әл-Фараби мектеп-ли­цейінің директоры Күлімкөз Сма­йы­ловамен “дөңгелек үстел” ба­сын­да емен-жарқын әңгіме өр­бітті. Оларға Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етілді.
– Алғаш “Кедей сөзі”, кейін “Бос­тандық туы” “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” болып атауы өзгерген “Soltústik Qazaqstan” газеті жүз жыл­дық ғұмырында туған еліміз бен халқымыздың тарих-тағдырымен сабақтас жарық көріп келеді. Ке­лесі жылы ғасыр жастың төріне озға­лы отырған басылым алғашқы күннен бастап ұлт жанашырына, қо­ғам жаршысына, оқырманның ру­ха­ни серігіне айналды. Газет жан­ашырларымен әр кез кездесіп, ой-пікірлерін білуді өзімізге парыз санаймыз. Алаштың ардақтылары ай­тып кеткендей, газет халықтың көзі мен құлағы. Сондықтан риза­шылығымызды білдіру үшін өзде­рі­ңізбен кездесіп отырмыз. Алдағы уақытта газетті үйінің төріне қойып, әр нөмірін асыға күтетін аудандар­дағы оқырмандарымызбен, облыс орталығындағы мектептерде ұс­таздар қауымымен, оқушылармен де жылы жүздесулер ұйымдастыру ойымызда бар, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Газеттің таралымына қанаты­мен су сепкен қарлығаштай шы­рыл­дап жүріп, көмек қолын соза­тын жандардың бірі – пошташы­лар. Мағжан Жұмабаев ауданын­дағы Ноғайбай ауылының пошта қызметкері Алтынай Халыққызы 2019 жылдың 1-ші жартыжылды­ғында мұндағы жұртшылықтың бі­реуін қалдырмай “Soltústik Qazaqstan” газетіне жаздырғанын айтып өткен жөн. Бүгінгі күні “Ноғайбай“ шаруа қожалығының қолдауымен бұл ауылдың береке-бірлігі ныға­йып, облысымыздағы беткеұстар елді мекендердің біріне айналды. Ауыл тұрғындары үшін спорттық-сауықтыру кешені салынып, жаңа үйлер бой көтеріп, бұрын атақо­ныс­ты тастап, көшіп кеткендер ел­ге қайта оралып, мұндағы тыныс-тіршілік жандана түскен. Ауыл пош­ташысының сөзін жерге тастамай, тұрғындардың “Soltústik Qazaqstan” газетіне бір кісідей жазылуы өзгелерге өнеге. Қарт басылымға үне­мі қолдау көрсетіп жүретін се­рік­тестік басшысы Алтынбек Са­паровқа да алғыстан басқа айтары­мыз жоқ.
Сондай-ақ, Тайынша ауданы­ның Қарағаш ауылындағы пошта бөлімшесінің қызметкері Мөлдір Қаппасова өз ісіне адалдық таны­тып жүргенін біліп, редакцияға ша­қырғанымызбен, ол жердің шал­ғайлығына орай бұл кездесуге ке­ле алмады. Оның өз ауылдаста­рын 82 газетке жаздырғанын ес­тіп, төбеміз көкке жеткендей қуан­дық. Өйткені, екінің бірі Сәбит Мұқа­нов, Сафуан Шәймерденов, Ға­лым Малдыбаев, Ербол Шәймер­денов сынды жерлес ақын-жа­зу­шылар қаламын ұштаған басы­лым­­ның қадір-қасиетін жете түсіне бермейді. Ауылдағы әрбір шаңы­рақты аралап, ұлттық тілдегі жал­ғыз газеттің жоқтаушысына айнал­ған Мөлдір секілді жанашырла­ры­мыз көп болса, Қарағаштағы “Ас­тық STEM” серіктестігінің басшы­ла­ры сияқты қамқоршыларымыз­дың саны артса, бүгінгі күні небары бес мыңнан сәл ғана асатын га­зетіміздің таралымы көбейер еді.
Осы орайда есімі өңірімізге ғана емес, елімізге белгілі ұстаз Әлия Малдыбаеваның көпшілікке ой са­лар мынадай бір сөзі есіме түсіп отыр: “Мектеп мұғалімдері оқу­шы­дан кітап оқы деп талап етеді. Өз отбасында ата-анасының қолына газет, кітап ұстағанын көрмей өс­кен бала әдебиетке қайдан құмар­тады?” Шынымен де, күнұзаққа тү­ріктің телесериалдарын көріп, ал­тын уақытын зая кетіретін қыз-ке­ліншектер аз емес. Ал жас ұр­пақ­тың сана-сезімін интернет улап, ұлттық тәрбиенің тамырына балта шауып жатқан бүгінгі жаһандық дәуірде әрбір ата-ана өз баласы­на өнеге болу қажеттігін терең түсінуі керек. Ендеше, бұл тығырықтан шығуға халықтың сөзін сөй­леп, жо­ғын жоқтап отырған абыз басылым “Soltústik Qazaqstan” га­зетінде үз­бей беріліп тұратын “Елің­нің аты, жеріңнің хаты”, “Бір ән­нің тарихы”, “Біз­де қонақта”, “Та­рих және та­ным”, “Жұлдыздар жа­рығы”,”Туған жерден түлеп ұшқан жұлдыздар”, тағы басқа да айдар­лардағы та­ғылымдық мәні зор ма­териалдар көмектесе алады. “Дөң­гелек үстел” басына жиналған жанашырлары­мыз да газет қай кезде де туған тілдің, ділдің, ұлт­тық құндылық­тар­дың насихатшы­сы болғанын, алдағы уақытта да сол мақсат-мүддесінен айнымайтынын айтты.
“Әл-Фараби мектеплицейінің қазақ газетін ата-аналар арасында насихаттау бағытындағы жұмысы менің де көңілімнен шығып отыр. Өнер колледжінің ұстаздары мен студенттері арасында қарт басы­лымның таралымын көбейту үшін мен де арнайы орын ашуды ойлап отырмын. Қазақтың небір марғас­қа­лары қызмет атқарған қараша­ңыраққа “мен қазақпын” деген әр­бір азамат жаны ашып, жүрегі ауруы керек. Қазақтың намысын арқалап, жоғын түгендеп отырған ба­сылымның таралымын көбей­туге әрқашан атсалысуымыз ке­рек”, – деді кездесу барысында Роза Әбутәліпқызы.
Сөз басында, қарашаңырақ төрінде өткен кездесуге жүрегінде намыс оты бар қыз-келіншектер ша­­қырылғанын айтып өттік. Шы­ны­мен де, бүгінгідей ғаламторға жіпсіз байланып, асыл қасиеттер­ден ажырап жатқандар қатары күн­­нен-күнге артып, тектіліктің та­мы­ры үзілгелі тұрған шақта оқыр­ман­дар санын азайтып аламыз ба, де­ген қорқыныш бізді де қатты маза­лай­ды. Әрине, осындай сәт­те, ең ал­дымен, жанашырлары­мыз­ға ар­қа сүйейміз. Шара ба­ры­сында Жа­рас­бай Қабдоллаұлы атап өткен­дей, шалғайдағы Тими­рязев ауда­нының ішкі саясат бө­лі­мін басқа­рып отырған Ханша­йым Ишхан­қызы секілді газет өзгеге емес, ең ал­дымен қазақ жұрты үшін қажет­тігін, оқырман­дардың саны азайып қалса, елді­гімізге сын екенін терең түсінген жанашырларымыз біздің журна­листермен бірге тұрғындар ара­сында үгіт-насихат жұмыс­та­рын жүргізіп, көпшілікке ой са­луға атсалысты.
Облыс жұртшылығына өнері­мен танылған жезтаңдай әнші, бү­гінгі күні дарынды балаларға ар­налған өнер колледжін басқарып отырған Роза Кәшенованың да есі­мін басылым тілшілері ілти­пат­пен атайды. Өз ұлтымыздан гөрі өзге этнос өкілдері көп ұжым­ды басқа­рып отырған оның да қазақ газеті­н­ің абыройы асып, беделі биіктей түссе екен деген адал ние­тіне ри­замыз. “Газет оқымай­мыз, қажетті ақпаратты ғаламтор­дан аламыз” деп адасып жүрген­дерге жөн сіл­теп, дұрыс сөз айту аға буын­ның асыл парызы десек, қателеспейтін шығармыз. Әрине, Зейнолла Ол­жабаев, Тілек Әбді­рах­манов, Ес­кендір Елеусізов, Аман­дық Жанте­міров, Қарақат Шалабаев, Қымбат Исманова, Жамбыл Құсайынов, тағы басқа да алдыңғы толқын өкілдері әр кез газеттің шашбауын көтеріп, өз орталарында үгіт-насихатын ай­тып жүреді.
“Қазақтілді білім беретін оқу орын­дарына ұлттық мәртебе бе­ре­тін уақыт келді. Жас ұрпақтың бойына қазақы тәрбиенің қайна­рын сіңіруге ұстаздармен бірге “Soltústik Qazaqs­tan” газеті де ат­салысудан тартынбас еді. Өйткені, сүйегіне сөз сіңген тілшілер ді­лімізден, тілімізден, ұлттық құнды­лықтарымыздан ажырап қал­майық деп шырылдап жүр емес пе?” – деген Күлімкөз Қайырбай­қызының да пікірі орынды.
Тағы бір жанашырымыз Айман Әбжапбарова туралы айтпай кетуге болмайды. Қазақы тәлім мен тәрбиенің мекені – қасиетті Оң­түстік Қазақстан өңірінің тума­сы жұмыс бабымен біздің жаққа қоныс аударып, бүгінгі күні облыс­тық қорғаныс істері жөніндегі де­пар­­таментте қызмет атқарып жүр. “Несіне жасырайын, әріптестерімнің арасында газет оқымайтын­дар аз емес. Тарихи-танымдық ма­териалдар адамның зейінін ашып, зердесін молайтады емес пе?! Газет, кітап – ақылдың кені, жақ­­сылықтың жаршысы. Соны тү­сін­бей жүргендер алтыннан да ба­ғасы қымбат құнды дүниелерден құр қалуда. Біз “Soltústik Qazaqstan” газетін отбасымызбен оқи­мыз”, – дейді Айман Темірханқы­зы. Азаттық алғанымызға отыз жыл­ға жуықтаса да қазақшадан бей­хабар кейбір әріптестеріне жаны ашитын ол өткен жылы өз қаражатына 20-дан астам газет жаздырып, нағыз адамгершіліктің үлгісін көрсеткен еді.
“Алаш арыстарының аманаты­на адалдық танытып, ұлт мүддесі үшін аянбай қызмет етіп келе жат­қан басылымның көздегені бүгінгі­дей ақпараттық технология төрі­міз­ге озған заманда өскелең ұрпақ­тың өз жадынан, ұлттық болмы­сынан айырылып қалмауына там­­шыдай болса да үлес қосу. Сон­дықтан га­зетке біз әрқашан қол­дау көрсетуге дайынбыз” – деген әл-Фараби мектеп-ли­цейі­нің директоры Күлім­көз Смайылованың сөзін өзгелер де қолдады. Ол басы­лымның бір ғасырлық мерейтойы қарсаңында “Жақсы­лық жаса” челенжімен қайы­рым­ды азаматтар әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасы­ларға газет жаз­ды­рып беріп, игі іске жұмылса деген ой тастады.
“Шынымен де, қазір егемен ел болып, дамыған мемлекеттермен тереземізді теңестіруді мақсат тұтып отырғанда тарихты білу, ел­дігімізді мақтаныш ету, ұлттың ру­хын көтеру, рухани байлықты да­мыту мәселесін “Soltústik Qa­zaqs­tan” тілшілері жеріне жеткізіп ай­тып та, жазып та жүр. Ендеше, елдің ер­теңін ойлаған газетке не­ге жа­зыл­масқа?! Жүрегінде қаза­қылықтың оты бар адам “Soltústik Qazaqs­tan”-ға жазылады”, – деген редак­ция қонақтарының сөзі қа­лың жұртшылықтың жүрегіне жет­се, қандай ғанибет?!


Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp