«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІН ТҮСІРМЕУГЕ ТИІСПІЗ

Қазақстандық қоғам “Көрпесіне қарай көсілуді” үйренуі керек. Бұрыңғыдай бюджеттік қаржыны оңды-солды шашып, кәсібі тұраласа, мемлекетке иек артып, алақан жаятын кез өтті, кетті. Бәсекеге қабілеттілер өзінің де, халықтың да, мемлекеттің де әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға атсалысуы керек болса, нарықтың талабынан шыға алмағандарды демеуге ел қазынасынан бір тиын да бөлінбеуі тиіс. Себебі, кәсіпорындар өз бетінше өмір сүріп үйренуі қажет. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жылғы Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында кәсіпкерлерге қарата біраз ақыл-кеңесін айтты, бағыт сілтеді. Алдағы уақытта еліміз жекеменшік инвестицияның үлесін арттыруға баса назар аудармақ. Әлемнің дамыған елдерінде кәсіпорындардың 80-90 пайызы жекеменшік болса, бізде бәрі керісінше. Осы орайда еліміздегі байлар қаржыларын жеті қырдың ар жағындағы шетелдік банктерге жасырмай, елге әкеліп, адал да абыройлы еңбек етулері тиіс. Осындай қадамдар арқылы кәсіпкерлердің байлығы артып, жұмыспен қамтылған халықтың әл-ауқаты өсіп, мемлекет бюджетіне түсер салық көлемі де ұлғаяр еді. “Халықтың алғысына бөленесіңдер” деген Елбасы қазақстандық миллионер, миллиардерлерге “болдым, толдым” деген өзімшілдіктен арылу керектігін ескертті.

Мемлекет басшысының айтуынша, шетелдерде ауқатты адамдар қазақстандықтар сияқты өмір сүрмейді. Олар киімнің ең жалтырағанын кимейді, әйелдері мойындарына үлкен тастары бар бағалы әшекейлер тақпайды.

“Ал бізде қалай? Үй болса, төртқабатты болуы керек. Машина ең үлкені болу керек. Танк сияқты машина жасаса, біздің қазақтың жігіттері соны алар еді. Еш адамға байлық та, мансап та бақыт әкелген жоқ. Тапқан табысыңды жаратсаң, елдің ризашылығын алсаң, сонда ғана бақытты боласың”, – деді ел Президенті.

Осы күнге дейін мемлекет қазынасы арқылы кәсіптерінің көкжиегін кеңейтіп, аяғынан нық тұрған кәсіпкерлер жарты әлемге қымбат мүлкін жарнамалаумен танылмай, бүгінгідей қиын-қыстау заманда елдің дамуы үшін жұмыс істеп, халықтың алғысына бөленуді көбірек ойлауы керек. Менің ойымша, бұл оң бетбұрыс. Осылай елдің дамуына бәріміз үлес қоссақ, қыспаққа алған дағдарыстан тұралап емес, қуатты, өркениетті ел болып шығарымыз анық.

Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,

облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp