«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛМЕН БІРГЕ ЕСЕЮДЕ

Еліміз Тәуелсіздігін алып, Кеңес үкіметі тараған алғашқы жылдары мемлекет меншігінде болған мекемелердің барлығы дерлік жабылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені күні кешегідей есімізде. Әр мемлекет жеке ел болып бөлініп шығып, өз бетінше күн көре бастаған шақта басқаларын былай қойғанда, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелерінің басына да қара бұлт үйірілген. Олардың бірінен соң бірінің есігіне үлкен қара құлып ілініп, көбі тендерге қойылып, сатылып кеткен. Сол жылдары солтүстік шаһарда жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі мекемелерден тек “Василек”, “Искорка” және “Чайка” балабақшалары ғана жекешелендірудің арқасында сақталып қалды. Бұл “тендер”, “жекешелендіру” деген сөздердің жаңа да шығып, оның байыбына барып, түсіне де бермейтін кез болатын.

“Елдің бәрі жұмыссыз қалып, жарық өшіп, жалақы ала алмай, алда не күтіп тұрғанынан күмәнданған қиын шақ еді. 1997 жылы балабақшаларды жекешелендіру науқаны басталғанда алғашқылардың бірі болып тәуекелге бел будық. Ойымның жүзеге асуына қалалық білім бөлімі мамандарының берген ақыл-кеңесі мен қарамағымдағы қызметкерлердің қолдауының арқасында қол жетті”, – деп еске алады сонау 90-шы жылдарды Петропавл қаласындағы “Черемушки” шағынауданында орналасқан жекеменшік нысандағы “Василек” балабақшасының директоры Людмила Куницина. Жабылғалы тұрған балабақшаны сақтап қалу үшін олар қолда бар ақшаларын ортаға салып, жекешелендіруге қажетті соманың бір бөлігін өтеген. Қалғанын Людмила Михайловна мемлекет қазынасына бірнеше жылдар бойы бөліп төлеп келген. Сондай-ақ, аталмыш науқан кезінде ұжымның берген қарызын да қайтарып отырған. Бірлесіп көтерген жүк жеңіл демекші, осылайша тоқырау кезінде жабылуға шақ қалған балабақша жекеменшікке өткен.  

– Сәті түсіп балабақшаны жекешелендіріп алғанымызбен, оған келетін бала да болмай қалатын кездер болды. Өйткені, ата-аналарда баласының мектепке дейінгі тәрбие мен білім беретін мекемедегі орнына төлейтін ақша жоқ. Қызметкерлердің көбі қолма-қол ақша алатын базарларға кетті. Ең қиыны, оларды балабақшаға әлі сұраныс болатынына сендіріп, ұстап қалу болды. Біз не істерімізді білмей, бірнеше жыл әртүрлі шаруамен айналысып, ғимаратты жалға берген кездер де болды. Кейін еліміз етек-жеңін жинап, көтеріле бастаған кезде, балабақшаға деген сұраныс қайта туындады”, – дейді мекеме басшысы.

Қазір аталмыш балабақшада 150 бүлдіршін тәрбие алуда. Оның 50-і – жекеменшік, қалған жүз бала мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақшаға орналастырылғандар. Балғындар жас ерекшеліктеріне қарай 6 топқа бөлінген. Балабақшада 25 орындық мектепке дейінгі даярлық тобы да жұмыс істейді.

“Бала майысқақ жас тал іспетті, балғын шағында қандай тәрбие алса, солай өседі”, – деп бар өмірін бүлдіршіндерге арнап, тәрбиешіден басшыға дейін жеткен Людмила Михайловна қоғамымыздың ең кішкентай әр мүшесінің тұлға болып қалыптасуына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ол балалармен жұмыс істейтін кадрлардың жоғары және арнаулы орта білімдерінің болуын қатаң қадағалайды. Бүгінде қызмет етіп жүрген мамандардың он төрті жоғары білімді болса, тағы төртеуінің арнаулы орта білімдері бар. Олардың ішінде екі маман жоғары санатты, тағы соншасы – бірінші, төртеуі – екінші санатты педагогтер. Мамандардың жалақылары білімдеріне, біліктілік санаттарына, еңбек өтілдеріне қарай төленеді. Еңбекақының көлемі қаңтар айынан бастап жаңа тарифпен төленетін болады.

Балабақшада әдіскер, қазақ, ағылшын тілдерінің мұғалімдері, психолог, логопед, хореограф, акробат, медбике, тағы басқа мамандар бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына жағдай жасайды. Қазақ тобы жоқ, алайда, оларға мемлекеттік тілді үйретуге қазақ тілінің мұғалімі және әр топтағы тәрбиешілер атсалысады. Сондай-ақ, ұйым қызметкерлері қазақ тілінің мұғалімі Қымбат Базарбаевадан дәріс алады.

Мекеме жекеменшіктікі болғанымен, барлық оқу-тәрбие үдерісі мемлекеттік стандартқа сай жүргізіледі. Ересектер тобы “Біз мектепке барамыз!”, ал 3 пен 5 жас аралығындағылар “Зерек бала” бағдарламалары бойынша тәлім-тәрбие алуда. Мектеп жасына дейінгі бала тәрбиесінің мақсаты – әр бүлдіршінге қоршаған ортасын танытып, сана-сезімін қалыптастыру, әдеп-ибаға, адамгершілікке баулу. “Балдырғандардың жан дүниесін түсініп, оған қандай да бір білім үйрету үшін тәрбиешінің өзі көпті білетін, жан-жақты адам болғаны абзал. Осыны көздей отырып, тәрбиешілерді қажетті әдістемелік әдебиеттермен, көрнекі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отыруды үнемі назарда ұстаймын”, – деген Людмила Михайловна ол үшін тәрбиешілерге қажетті жағдайлар жасалғанын, интернетпен жұмыс істеуге толық мүмкіндік барын алға тартты.

Балалар қысы-жазы экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етіледі, оған қажеттіні балабақша аумағындағы жеміс-жидек, көкөністер өсіруге арналған шағын бақта егіп, өздері күтіп-баптайды.

Бастапқыда түрлі қиындықтармен бетпе-бет келген ұйым, бүгінде аяғынан тік тұрған. “Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектепке дейінгі мекемеге балалардың орналастырылуына байланысты жиһазға, шаруашылық тауарларға, төсекорын, ойыншық, жөндеу жұмыстары, тағы басқаларға бюджеттен қаражат бөлініп, жағдайымызды айтарлықтай түзеп алдық. Жағдайымыз жақсы – әрі қарай бұдан да жақсарады деген үміттемін”, – дейді балабақшаның иесі.

Сөздің реті келгенде айта кетейік, Елбасының тапсырмасымен 2010 жылдан бастап қолға алынған “Балапан” бағдарламасы мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндерді балабақшалармен қамтамасыз етуді көздейді. Аталмыш бағдарлама аясында облысымызда мемлекеттік-жекешелік әріптестік кең қанат жайып, балғындар балабақшалармен қамтамасыз етілуде. Бүгінгі таңда облыста жетіге толмаған бүлдіршіндер саны 58858 болса, соның 3 пен 6 жастағы 22599-ы мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамтылған. Қазіргі таңда өңірімізде мектепке дейінгі білім беретін 21 мемлекеттік-жекешелік ұйым бар, оның 8-і Петропавл қаласында жұмыс істеп тұр.

Міне, Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан мектепке дейінгі мекемелерде болашақтың кірпіші болып қаланар ұрпақ осылайша тәрбиеленуде.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: қазақ тілінің мұғалімі Қымбат Базарбаева шәкірттерімен бірге.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp