«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДІҢ ҮКІЛЕГЕН ҮМІТІ

Қазақстанның жастар саясатының қалыптасу кезеңдеріне көз жүгіртсек, 1991 жылы “Жастар және мемлекеттік жастар саясаты туралы” Заңның қабылданғанын көреміз. 2004 жылы “Қазақстан Республикасының жастар саясаты туралы” Заңы қабылданса, жастар саясатын жүзеге асыру жүйесін жетілдіру мақсатында 2008 жылы ел Президентінің “Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесті құру туралы” Жарлығы шықты.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда көптеген жастардың қозғалыстары мен ұйымдары қалыптасты. Олардың қатарында “Жас Отан”, “Жас көшбасшылар қауымдастығы”, “Қазақстанның жастар парламенті”, “Қазақстан жастар медиа-одағы”, “Қайсар”, “Қаһар”, “Отаншыл жастардың одағы”, “Жас Қыран”, “Абырой”, тағы да басқалары бар. Біразы уақыттың сынына төтеп берсе, енді бірқатары жабылды. Бұл жастар ұйымдарының дені мемлекеттік сипатта екенін айта кеткен жөн.

Қазақстан Республикасының қазіргі заңына сәйкес мемлекеттік жастар саясатының тиімді үлгісі құрылды деп айтуға әбден болады. “Жас отбасы” және “дарынды жастар” деген түсініктер қалыптасқан. Бұл екі әлеуметтік топ қызметтері өсуде және мемлекеттік тұрғын үйді бөлу кезінде көбірек басымдыққа ие.

Сонымен қатар, саяси партиялар деңгейінде ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мемлекет пен жастардың қарым-қатынасы және оның жағдайын жақсарту тетіктері елдегі барлық партиялардың басты назарында. “Нұр Отан” партиясы жастармен жұмыс ісіне ерекше көңіл бөледі. Партия жанынан жастар саясатын жүзеге асырып, тікелей жастармен жұмыс жүргізетін “Жас Отан” жастар қанатының ашылуы соның айқын дәлелі.

2008 жылдың 17 қаңтарында партияның кеңейтілген саяси кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нақты істерді еңсеретін “Нұр Отан” партиясының жастар қанатын құруды ұсынған болатын.

Ал 2012 жылы 16 қарашада ел Президентінің қатысумен өткен “Жас Отан” жастар қанатының екінші съезінде ұйымның 2020 жылға дейінгі “Жастар – Отанға!” Стратегиясы қабылданды. “Жас Отанның” стратегиясының жобасын еліміздің барлық өңірлерінде жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, жұмысшы жастар, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері кеңінен талқылады. Стратегияның 11 негізгі бағыты бар. Оның ішінде сапалы білім, жастарды әлеуметтік бейімдеудің негізгі факторы саналатын еңбек, мәдени даму мен бірлік, жастардың кәсіпкерлігін және ғылымды дамыту, еріктілер қозғалысы және тағы да басқалар бар.

Мемлекеттік жастар саясатына арналған заңнаманы талдау, Қазақстандағы жастар саясатын жүзеге асыратын және қалыптастыратын органдардың жұмысы мен құрылымын зерттеу соңғы 5-7 жылда мемлекеттің бұл бағыттағы жұмысының едәуір жанданғанын көрсетеді.

Мемлекеттік жастар саясаты тапсырмаларының сәтті орындалуының бір мысалы – жоғары оқу орындарындағы студенттерді және кәсіптік-техникалық мекемелер түлектерін жұмыспен қамтудағы “Жастар тәжірибесі” жобасы. Оның мақсаты бастапқы тәжірибе және білім жинақтау, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті дамыту және жұмысқа орналастыруға жағдай жасау болып табылады.

2009 жылдан бері түлектерді жұмысқа орналастыруды жетілдіру мақсатында өңірлерде алған мамандығына байланысты жұмыс орнында тағылымдамадан және тәжірибеден өту ұйымдастырылуда. 2013 жылдың қорытындысына сәйкес “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 1058 жас маман тұрақты жұмысқа орналасса, биылғы жылдың басынан бері 126 жасқа көмек көрсетілді. “Бизнестің Жол картасы – 2020” және өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқан “Жастар тәжірибесіне” 15,6 мың адам жұмылдырылды.

“Ауыл жастары” жалпықоғамдық бастамасы аясында “Дипломмен – ауылға!” жастар жобасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты жас тұрғындарға ауылдардағы әлеуметтік сала мамандарын мемлекеттік қолдаудың негізгі идеясын жеткізу болып табылады. Жобаға жақында ғана дипломын алған білім беру мекемелерінің түлектері ғана емес, сонымен қатар ауылда 5 жылдан кем емес уақыт тұрып, жұмыс істеуді ниет еткен еңбек өтілі бар мамандар да қатысады.

2013 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендерге 375 маман барған екен. Оларға төленген көтермеақы мөлшері 45,4 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ, бағдарлама аясында 247 маманға пәтер алу үшін жалпы сомасы 571,7 миллион теңге болатын несие берілді.

“Жас Отан” жастар қанатының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан “Жастардың кадр резерві” жобасы конкурстық негізде Қазақстанның барлық өңірлерінен 2000 қатысушыдан 100 адам болатын кадрлар резервін қалыптастыруды қарастырған. Әлеуметтік маңызға ие жұмысқа қосылу және оқыту 3 бағыт – мемлекеттік қызмет, қоғамдық-саяси қызмет, бизнес-қауымдастық арқылы жүзеге асырылмақ.

Алайда, мемлекеттік жастар саясатының сапасын өткізілген іс-шаралармен және оларды жүзеге асыру үшін құрылған органдармен бағалауға келмес. Жастар саясатын жүргізуде әлеуметтік-экономикалық және саяси ақиқатқа сәйкес басымдықтарды объективті айқындау, жастар бағдарламаларын қаржыландыруды реттейтін қысқа және ұзақмерзімді басымдықтарды белгілеу маңызды.

Әлеуметтік-демографиялық топтарды толғандыратын маңызды проблемаларды анықтау үшін жастарды жас ерекшеліктеріне қарай саралауды өткізудің де мәні бар. Қазақстанда жастардың жас шеңбері 14-29 жас аралығында. 14-тегі жеткіншек пен 29-дағы жасты толғандырған мәселелердің де әр алуан екендігі белгілі. Сондықтан жасөспірімдер саясатын бөлек алып, шараларды жас ерекшеліктеріне қарай екшелеген де дұрыс болар.

Қазіргі кезеңде жастар саясатын дамытуда оның мемлекеттік емес бағытының келешегі мол. Жастар саясаты мемлекеттік сектордың қымбатқа түсетін бағыты екені баршаға мәлім. Экономикалық қиыншылық туындағанда одан шығу амалы қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдарды, коммерциялық секторды, сонымен қатар қайырымдылық қорларын жандандыру арқылы қарастырылмақ. Бұл шара мемлекеттік және мемлекеттік емес ресурстарды біріктіру арқылы жастар саясатына жұмсалатын мемлекеттік шығынды азайтары анық. Жастар жобалары тез коммерциялық пайда әкелетін жобаларға жатпайтындықтан, оларға қолдау көрсеткісі келетіндер қатары қалың емес. Жастар саясатын жүзеге асыруда және қалыптастыруда монополистердің болмағаны абзал.

Бүгінде еліміздің алдында әлеуметтік жаңғыру, үдемелі инновациялық индустрияландыру және өзара тиімді экономикалық интеграция бойынша жаңа ауқымды міндеті тұр. Қазақстан XXI ғасырдың үшінші онжылдығында дамыған елдердің қатарына қосылуға ниетті.

Бұл ретте аға буынның жасампаз еңбегінің эстафетасын жалғастыру, ұлттық бәсекеге қабілеттілігін одан әрі дамытып, Қазақстанның XXI ғасырдағы өркендеуі мен абыройын арттыру ісінде жастарға орасан зор жауапкершілік жүктелмек.

Мұндай мерейлі міндетті отансүйгіш, білімді, кәсіби, жаны мен тәні сау, бәсекеге қабілетті, әлеуметтік және азаматтық жауапкершілігі үстем жастар ғана атқара алады.

Осыған байланысты “Нұр Отан” партиясының, сондай-ақ, тұтастай мемлекеттің басым міндеті мемлекеттік жастар саясатын осы заманға бейімдеу, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің әлеуеті ретінде оның жастарды қалыптастыруға бағытталуы болып табылады.

Анатолий МАКОВСКИЙ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,

“Нұр Отан” партиясы фракциясының төралқа мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp