«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ РӘМІЗДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ – БАРШАҒА МІНДЕТ

Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың төрағалығымен өткізілген Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның отырысында елдігіміздің басты нышанын насихаттау және қолдану барысы баяндалды.

– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері еліміздің егемендігін, халқымыздың рухын, салты мен даналығын айқындайтын айшықты белгілер болып табылады. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздіктің символы ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сондықтан оларды құрметтеу әрбір қазақстандықтың парызы болып саналады, – деді Фархад Қуанғанов.  

Комиссия отырысында Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Мара Жұмабаева мен Мамлют аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Хабибуллин аудандардағы Мемлекеттік рәміздерді пайдалану барысы жайында, хабарлама жасады. Олардың айтуынша, мемлекеттіліктің басты нышаны саналатын рәміздер талаптарға сай қолданылуда.

Өткен жылы өңіріміздің бірқатар аудандарында мемлекеттік рәміздер толық жаңартылыпты. Ол жайында облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаев мәлімдеді. Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға жастар да белсене қатысуда”, – деді басқарма басшысы өз сөзінде.

Жастар биыл да Мемлекеттік рәміздер күніне қызу дайындық үстінде. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Виктор Молодовский жиналғандарды жастардың мұрындық болуымен өтетін мерекелік шаралар жоспарымен таныстырды.

Облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы оқушылар арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жөніндегі білім беру ұйымдарының жұмысы жайында әңгімеледі.

Жиынды қорытындылаған Фархад Қуанғанов құзыретті орган басшыларына Мемлекеттік рәміздер жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялардың жұмысын жандандыруға, мемлекеттік мекемелердегі ескірген рәміздердің уақытында ауыстырылуын және ауылдық округтерде Мемлекеттік рәміздердің қолданылуын қадағалауға қатысты тапсырмалар берді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp