Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында “Саламатты өмір салтын бекіту және медицинаны дамыту қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін және одан да ұзақ жасауларын ұлғайтуға мүмкіндік туғызады” дей келіп, біздің еліміздің жаңа даму кезеңіндегі мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі – денсаулық сақтау жүйесін жоғары технологиялық жағынан дамыту және медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту болуы тиіс екенін атап көрсетті.
Медициналық қызмет көрсету сапасы деген – кешенді түсінік және ол көптеген айтулы себептерге, оның ішінде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуына, кәсібилік деңгейі мен оны жоғарылатуға клиникалық мамандардың уәждемелерінің болуына, медициналық көмек көрсету мен ұйымдастыру үрдістерін басқарудың заманауи технологияларын енгізуге және медициналық көмек көрсеткендіктері үшін ақы төлеудің тиімді әдістерін енгізуге байланысты жақсара түсері анық. 2009 жылдың 12 қазанындағы №1559 Үкімет қаулысымен бекітілген стандарттарға сәйкес біздің облыста медициналық ұйымдардың кезекті аккредитациясы өтіп жатыр. Оның бір ерекшелігі, стационарлық, амбулаториялық-емханалық, жедел медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарды аккредитациялаудың жаңа стандарттары бойынша өткізілуде. 2012 жылы Қазақстанның стационарлық стандарттарының денсаулық сақтаудағы қауіпсіздік және халықаралық сапа принциптеріне сәйкестігі Денсаулық сақтаудың сапасы (ISQua) бойынша Халықаралық қауымдастықтың атқарушы комитетімен танылған.
Жаңартылған аккредитация стандарттары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының бірыңғай ақпараттық жүйесіндегі медициналық қызметтер сапасын басқару жүйесінің “Аккредитация” модулі арқылы біріктірілген.
Үстіміздегі жылдың 6-8 қазаны аралығында Ақмола облысынан төрт дәрігерден тұратын тәуелсіз сараптамашылар бригадасы келіп, біздің кардиологиялық орталық қызметіне сыртқы кешендік бағалау жүргізді. Сараптамашылардың пікірлері бойынша, облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша үлкен командалық жұмыс жүргізілгендігі айтылды. Соңғы жылдары облыстық кардиологиялық орталықтың мамандары қандай жетістіктерге қол жеткізді? “Кадрлар барлығын шешеді” деген көпке белгілі сөз бар. Шынында да, кадрларды жинақтау шеберлігі арқасында кардиологиялық орталықта кәсіпқойлар командасының құралғаны анық. Дәрігерлердің 66, орта медициналық қызметкерлердің 76 пайызының біліктілік санаттары бар, жұмыс өтілдері 3 жылдан аз жас дәрігерлердің 20 пайызы болашақта санат алуға үміткер болып отыр. Орталық басшылары мамандардың Қазақстанда және одан тысқары жерлерде де машықтануларына баса назар аударады. Жоғары мамандандырылған оталарды, оның ішінде ашық жүрекке ота жасауды кардиохирург дәрігерлер мен интервенциялық хирургтер Сингапурде, Францияда, Германияда, Италияда, Жапонияда, Ресейде, Балтық жағалауында өткен шеберлік сыныптарында меңгерді.
Бүгінгі таңда біздің кардиохирургтер ашық жүрекке аорта-коронарлық және маммарно-коронарлық тұйықтау, жүрек қақпақшаларының протездеуі мен пластикасы, сол жақ жүрек қарыншасы пластикасы, қолқаның кеуде бөлігінің оталарын жасайды.
Қан тамыры хирургтері отаның шамамен 100 түрін жасап жүр, оның ішінде қолқаның, ұйқы күретамырының, шеткі және висцериалдық күретамырлардың ішперделік бөлімінде, қолқа аневризмасының және шеткі күретамырдың резекциясы сияқты күрделі оталар да бар.
Интервенциялық кардиологтар жүрекке қан жеткізетін қан тамырларын стентирлеумен ғана шектелмей, сондай-ақ, бүйректің сыртқы қан тамырларын, мықын мен аяқтың күретамырын да стентирлейді.
2011 жылдың соңынан бастап күрделі жүрек ырғағының бұзылуымен ауыратын науқастарға кардиостимуляторларды өзімізде қоя бастадық. Қазір ауруханада транскатетерлік химиоэмболизациялау, онкологиялық науқастардағы қоректендіру артерияларының ісігін эмболизациялау тәжірибеге енгізіліп отыр, олар онкологиялық науқастардың өмірін ұзартып қана қоймай, сондай-ақ, өмір сүру сапасын да жақсартады. Қатерлі ісік – резистенттік артериялық гипертония кезінде жасалатын бүйрек артерияларының абляциясы да өзінің елеулі нәтижелерін беруде, онда артериялық қан қысымының деңгейі тұрақты төмендейді, гепотензивтік дәрі-дәрмектің қабылдау саны мен мөлшері азаяды. Диагностиканың сапасын жақсарту үшін фракциялық коронарлық қан ағысын өлшеу де тәжірибемізге енді.
Біздің әріптестеріміз бірнеше рет “Жылдың ең үздік дәрігері” республикалық конкурстарына қатысып, бірінші және екінші орындардан көрінді, атап айтқанда 2005 жылы қарқынды терапия блогының меңгерушісі М.П. Телюк, 2010 жылы 2-ші кардиология бөлімшесінің меңгерушісі В.В. Степанов, 2011 жылы қан тамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі С.В. Череда жүлдегерлер атанды.
Кардиохирургтер, қан тамыр хирургтері мен интервенциялық хирургтер өз шеберліктерін жұмыс орындарында да жетілдіре алады. Аурухана басшылығы көп жылдан бері республикалық клиникалармен және басқа облыстардың кардиологиялық орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Соңғы екі жылдың ішінде ғана біздің кардиологиялық орталықтың базасында әртүрлі тақырыпта 6 шеберлік сыныптары өтті.
Италияның (Д. Антониуччи, Б.Раймерс) интервенциялық кардиологтарының қауымдастығы ұйымдастырған, 2014 жылғы 2-3 қыркүйекте Венецияда өткен 14-ші ТОВІ Халықаралық конгресінде (коронарлық бифуркациялық зақымдануларға интервенциялық араласулар мен созылмалы тотальдық окклюзиялар бойынша 14-ші конгресі) дәрігер Д.В. Тё «Жіті коронарлық белгісі кезінде бифуркациялық коронарлық артерияның қорғалмаған сол жақ бағанасына тері арқылы шұғыл коронарлық араласулар. Бұл біздің клиникалық жағдай» тақырыбының алғашқы таныстыруын өткізді.
Жоғары технологиялық жабдықтауларсыз тиісті мамандандырылған медициналық көмек жасау мүмкін емес, сондықтан кәсіпорын басшылығы кардиологиялық орталықтың материалдық-технологиялық базасын нығайтуды ұдайы назарында ұстайды.
Биылғы жылы лизингтік жүйе бойынша жалпы сомасы 15 173,38 мың теңгеге кардиохирургиялық бөлімшенің қарқынды терапия блогына өкпені жасанды желдетудің 2 аппараты, құны 10 222,0 мың теңге тұратын биохимиялық сараптама қондырғысы, 12 082,648 мың теңгеге наркоздық-тыныс алу аппараттары сатылып алынды.
Облыстық әкімдіктің қолдауының арқасында жергілікті бюджет трансферттері есебінен қарқынды терапия блогы үшін құны 18499,0 мың теңге тұратын 7 мониторы бар орталық станция, 7049,0 мың теңгенің өкпені жасанды желдететін аппараты, 2449,0 мың теңге тұратын ЭКГ аппараты сатып алынды, олар ауыр науқастардың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді.
Сонымен бірге, ангиографиялық зертхананың тәулік бойы жұмыс істеуі үшін құны 15 709,0 мың теңге тұратын ангиографиялық қондырғының рентген түтігін сатып алудың тендерлік рәсімі жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік тапсырыс қаражаттарының есебінен құны 3520,0 мың теңгеге өкпені жасанды желдетудің шағын портативтік аппараты, 2718,0 мың теңгеге суды автоматты тазарту жүйесі, қарқынды терапия блогына құны 3348,0 мың теңгелік 8 консоль, жалпы сомасы 576,2 мың теңге тұратын 10 қабырғаға ілінетін жарық бергіштер сатылып алынды. Реагенттік келісімшарт бойынша электрохемилюминисценттік және гемотологиялық талдағыштар сатылып алынды. Құны 5543,6 мың теңге тұратын автоматты электрофорез жүйесі бөлектеп төлеу шарты бойынша сатып алынды.
Соңғы үш жылда облыс тұрғындары үшін жоғары мамандандырылған медициналық көмек алуға қолжетімділігі ұлғайды, тек 2013 жылдың ішінде ғана 1347 коронарография, 539 стентирлеу және ашық жүрекке 181 ота жасалды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2013 жылы жүрек тамырларына Қостанай облысында – 10, Ақтөбе облысында – 50, Қызылорда облысын да – 56 ота жасалған. Үстіміздегі жылдың 9 айында 1028 коронарография, 86 аортография, ангиография, 381 стентирлеу, ашық жүрекке 149 ота жасалды. Десе де, жүре пайда болған жүрек ақауына ота жасау саны жылдан-жылға өсе түсуде, оның өзі созылмалы жүрек ревматизмі ауруымен ауыратын науқастарға жоғары мамандандырылған көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. 9 айдың ішінде осындай 38 ота және туа пайда болған жүрек ақауына 1 ота жасалды.
Интервенциялық кардиохирургтер 19 электрокардиостимулятор қойды.
Ауыл тұрғындарын да назардан тыс қалдырып отырған жоқпыз, олар үшін 2011 жылы кардиологиялық орталық базасында кеңес беру-диагностикалық бөлімшесі ұйымдастырылды, биылғы жылы 3381 ауыл тұрғыны кардиологтің, кардиохирургтің, қан тамыр хирургінің кеңестерін алды.
Ауылдық және қалалық емханалардағы әріптестеріміз үшін ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетіледі, 9 айдың ішінде 74 дәрігер және 91 орта медициналық қызметкер оқытылды, курсқа қатысушылар үшін жеке-жеке сабақ жүргізіледі, оның теориялық бөлігінде слайдтар көрсетілсе, ал тәжірибе сабақтары кардиологиялық науқастарға шұғыл көмек көрсету дағдыларын үйрететін қарқынды терапия блогында өтеді.
Аккредитацияға дайындалу барысында кардиологиялық орталықтың ұжымы барлық қызметкерлерінің жұмысын реттейтін әртүрлі бағдарламаларды, саясаттар мен алгоритмдерді даярлау мен енгізуде түгелдей үзіліссіз үлкен жұмыс атқарды. Аккредитацияның бекітілген стандарттарына сәйкестігімізді бағалай отырып, біздің кәсіпорын үшін негізгі құндылықтың емделуші болып табылатынын басты назарда ұстаймыз.
Азамат МАҒЗҰМОВ,
облыстық “Кардиологиялық орталық” ШЖҚ КМК-нің
бас дәрігері.