Ұлы Отан соғысының және педагогикалық қызметтің ардагері, бұл күні облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында майдангер ретінде берілген үйде 67 жыл отасқан Қайша Сағындыққызымен түтін түтетіп жатқан, 10 баласынан 25 немере, 16 шөбере сүйіп отырған, желтоқсан айының басында 90 жасқа келетін Қожатай Некібаев Елбасының кезекті Жолдауын отбасы – ошақ қасында кенже ұлы Бағдатпен, қала іргесіндегі Архангельское ауылынан арнайы келген 9 ұлдың ішіндегі жалғыз қызы – Балкенмен бірге тыңдады.
– Бәйбішем облыстық кардиологиялық орталықта ота жасатқан еді. Қазір сонда жансақтау бөлімінде жатыр. Бүгін палатаға шығаратын көрінеді. Өзім 1943 жылы әскер қатарына алынып, тиісті дайындықтан өткеннен кейін атты әскер сапында 2-ші Украина майданында соғысқа кірдім. Житомирді, Ровноны, Румыния мен Венгрияның біраз жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, жеңісті Австрияда қарсы алдым. Әскери борышымды толық өтеп, елге 1948 жылы ғана оралдым. Жетіжылдық білімнен кейін Петропавлдағы педучилищені тамамдап, бастауыш сыныбы мұғалімі мамандығын алып шықтым. Бұрынғы Преснов ауданына (қазіргі Жамбыл ауданы) қарасты Орман орта мектебінде 32 жыл ұстаз болып еңбек еттім. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қызылжар ауданындағы Архангельское ауылында 15 жыл тұрдым. Қазір менің ұстаздық жолымды 7 балам мен келінім жалғастыруда. Биыл – Қарттар күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов үйіме арнайы келіп құттықтады, мына көріп отырған теледидарды тарту етті, ұстаздар әулеті ретінде Мұғалімдер күні Қызылжар ауданының орталығында өткен мерекелік шарада жергілікті әкім Болат Жұмабеков құрмет көрсетті. Елбасының саясатын жүргізіп отырған әкімдерге деген алғысым шексіз, – деді Қожатай ақсақал Астанадағы шара басталғанға дейінгі әңгіме барысында.
Шабандоз немересі, велоспорттан Қазақстан құрама командасының мүшесі Бақтияр Қожатаев Италиядан келіп, күні кеше М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді дене тәрбиесі мамандығы бойынша бітірген дипломын алып, шетелге шұғыл аттанып кеткенін де, сонда Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиадаға әзірленіп жатқанын да ардагердің өз аузынан естідік.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауын осылай теледидардан тыңдап, артынан газеттен мұқият оқып, Елбасының елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына ерекше назар аударатындығына көз жеткізіп жүрген жанның бірі менмін. Мені Нұрсұлтан Әбішұлының әлеуметтік саясат жайында айтқан сөздері қуантып отыр. Осындайда Шал ақын атамыздың:
“Жігітім, өз теңіңнен ірі екенсің,
Дүрілдеген жігіттің бірі екенсің.
Елдің жүгін арқаңа артып алып,
Өгіздей өрге сүйреп жүр екенсің”,– деген жыр жолдары ойыма оралады. Қайтсем елімді Мәңгілік Елге айналдырам, жер жүзіне танытам деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Елбасымыз туралы да осыны айтуға болады, – деп ағынан жарылды ата-бабаларымыздың шешендік сөздерін, ғақлияларын жатқа айтуды дағдыға айналдырған Қожатай атамыз.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.