«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЕКШЕ САЙЫС ТҮРЛЕРІ

Футбол, теннис, күрес, мәнерлеп сырғанау – бүгінде бұл спорт түрлері туралы білмейтін адам жоқ шығар. Алайда, әлемде ел естімеген спорт түрлері де бар. Олардың кейбірінен, тіпті, халықаралық жарыстар өткізіледі. Адам баласының қиялы шексіз екенін білеміз. Жаңалыққа жаны құмар азаматтар қызықты өмір сүру үшін түрлі қадамдарға барады. Бүгін назарларыңызға ерекше спорт түрлерін ұсынамыз.

Бөрене лақтыру – әлемде кеңінен таралған шотландиялық спорт түрі. Спортшылар ойынның шарты бойынша бөренені алысқа лақтырудан сайысқа түседі. Яғни, кім бөренені алысырақ лақтырса, сол жеңімпаз атанады. Бұл спорттық жарыста қолданылатын ағаш діңгектерінің ұзындығы – 6 метр, ал салмағы 90 килограмды құрайды. Қатысушы ағашты лақтырған кезде ол көкте бір айналып, бастапқы қалпымен жерге түсуі тиіс.

Шахбокс. Бұл – екі спорт түрінің басын қосқан ерекше ойын. 11 раундтан тұрады. Қатысушылар раундтың тақ сандарында шахмат (жылдам шахмат) ойнаса, жұп сандары кезінде боксқа көшеді. Әр раундтың арасында 1 минут үзіліс бар. Шахмат бәсекесінің әр кезеңі – 4, ал бокстікі 3 минутқа созылады. “Нокаудқа” жіберіп, “мат” қойған спортшы жеңіске жетеді. Егер спортшылар шахматта тең түсіп, бокста нокаут орын алмаса, онда бокстағы жинаған ұпайлары есептеліп, жеңімпаз анықталады. Бір қызығы, ойын шахмат үстелі орналастырылған рингтің ішінде өтеді. Екі шахматшы да боксшылар секілді киініп, сайысқа шығады. Шахмат ойыны кезінде сөйлеуге, қарсыласын ұруға тыйым салынған. Шахбокстың түрлі бәсекелері 2003 жылдан бері ресми түрде өтіп келеді.

Соқыр футбол. Бір қызығы, аталмыш спорт түрін ойлап тапқан адамдар кемтар болмаған. Шарт бойынша қатысушылар алдын ала арнайы дайындалған, күн сәулесін өткізбейтін көзілдірік тағып ойнайды. Ойын барысында жаттықтырушы мен қақпашыдан басқаларға сөйлеуге тыйым салынған. Ал доп қабырғаға немесе ойыншыға тиген кезде дыбыс шығарады. Матч 25 минуттық екі таймнан тұрады. Соқыр футболдан алғашқы әлем чемпионаты 1986 жылы Испанияда өтті. Бұл спорт түрі 2004 жылы параолимпиадалық ойындардың бағдарламасына енгізілді.

Джай-алай. Бұл спорт түрі Испанияда ерекше дамыған. Қазіргі кезде басқа елдер де біртіндеп джай-алайға қызығушылық танытуда. Бұл жер бетіндегі ең жылдам спорт түрі деп айтуға болады. Ол бадминтон мен гандбол ойындарының бір арнаға тоғысқан түрі. Ойындағы доптың ұшу жылдамдығы сағатына 300 километрге дейін жетеді. Сайыс барысында допты арнайы ракеткамен қарсылас жақ қабырғаға бар күшпен соғу қажет. Ал қарсылас оны жерге тигізбей қағып алуы тиіс.

Боссабол. Барлығымыз волейбол ойынын жақсы білеміз. Боссабол – соның аздап қиындатылған түрі. Яғни, бұл ойында керекті құралдардың бірі – батут. Боссабол ойыны тек стандартты ережелерді ұстанып қана қоймай, сонымен қатар түрлі қызықты трюктерді де орындауды талап етеді. Бұл спорт түрі Бразилия мемлекетінде кеңінен таралған.

Скибоб. Қысқы спорттың ең қауіпті түрі болып табылады. Скибобтың ережесіне сәйкес спортшылар сноубордшылар сияқты биіктіктен төменге қарай сырғанап түсулері керек. Алғаш рет скибоб 1892 жылы пайда болды. Яғни, велосипед рамасына екі доңғалақтың орнына шаңғылар бекітілген. Экстремалды спортты жақсы көретін көптеген адамдар осы ойында бақтарын сынауда. Бұл спорт түрі ерекше танымалдыққа ие бола қойған жоқ. Дегенмен, Швейцария, Австрия және Канада елдерінде скибоб шығаратын зауыттар бар.

Әйелдерімен жүгіру. Бұл ойын еуропа елдерінде жиі өткізіледі. Ережеге сәйкес ер адамдар әйелдерін иығына көтеріп алып, бөгеттерге толы жарыс жолын бағындыруы қажет. Жеңімпазға әйелінің салмағына тең сыра бас жүлде ретінде беріледі. Кейбір қатысушылар бұл іс-шара үшін арнайы киім тіктіреді.

Слэклайн. Бұл спорт түрі 1980 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында пайда болды. Екі жақтан тартылған арқан бойымен жүретін спорттың авторлары – Адам Гроссовский мен Джеф Эллингтон. Кейін бұл спорт акробаттар мен жастардың арасында қарқын ала бастады. Слэклайн адамның тепе-теңдігі мен координациясын сақтауға лайықталған. Қазақстанда 2010 жылдан бері дамып, спорттық мерекелерде жыл сайын өткізіліп келеді. Оған кәсіби спортшылармен қатар, әуесқойлар да қатысып жүр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp