Халық қалаулыларына арналған “Біздің депутат” республикалық қоғамдық-саяси газеті 2020 жылдың үздік депутаттарын анықтады.
Республика бойынша “Үздік депутат – 2020” медаліне аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары лайық деп танылды. Жалпы еліміз бойынша жергілікті мәслихаттарда 3470 халық қалаулысы бар. Солардың ішінен биыл 23-інің жұмысы үздік деп бағаланып отыр.
Былтыр 25 жылдығын атап өткен мәслихаттардың депутаттарының жұмыстарына ақы төленбейді. Соған қарамастан, сайлаушылардың қолдауына ие болған әрбір халық қалаулысы қоғамға қызмет етуде аянып қалып жатқан жоқ. Әлеуметтік жобалар, қайырымдылық шаралары мен ақпараттық белсенділіктері үшін үздік деп танылған депутаттарға медаль мәслихат сессиясының кезекті отырысында табысталатын болады.
Біздің облыстан Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов “Үздік депутат – 2020” атағына ие болып отыр. Ол облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымында халық қалаулысы болып сайланған, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып жүрген белгілі кәсіпкер ретінде танылған азамат. Еркебұлан Нұрмағамбетұлын жоғары марапатымен құттықтаймыз!
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ.