Жақында Петропавлда мынада оқыс оқиға орын алды. Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінен хабарлағандай, Есіл өзенінің үстіне орнатылған көпірдің ұшар басына өрмелеп шыққан 26 жасар бойжеткен қырық метр биіктіктен суға секірмек болған.
Осы жайында хабар жеткен кезде жергілікті полиция қызметіне қарасты жол-патруль батальонының тәртіп сақшылары Руслан Акматов пен Арман Имантаевтың таңғы сағат сегіздер шамасында кезекшілікке енді кіріске беттері екен.Биік аспада тұрған қыз төмен түсуге бас тартады. Алайда батыл жігіт Руслан Акматов көп ойланбастан аспаға өрмелеп шығып, қызды құшағына қапсыра қысып, жерге еріксіз түсіреді. Төменде оған әріптесі Арман Имантаев көмектеседі.
Қыздың өмірден күдер үзбек ниетіне отбасындағы қайғылы жағдай түрткі болған көрінеді.