Облыстық қуаршақ театры жиырма сегізінші маусымның шымылдығын ашты. Кішкентай көрермендерге өнер ордасы бұл жолы Вильгельм Гауфтың “Карлик нос” атты қойылымын ұсынды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Борис Ходырев.
Бұл ертегіде қарапайым саудагердің баласы Якоб туралы баяндалады.
– Қойылымда мейірімділік пен зұлымдық қатар жүреді. Бірақ біздің мақсатымыз – ауызбіршілік, өзара түсіністік, қайырымдылық арқылы барлық жамандықты жеңуге болатынына балалардың көздерін жеткізу. Кішкентай көрермендерге арнаған тартуымыз олардың көңілінен шықты деген үміттеміз, – дейді облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Мейрам Сексенбаев.
Ертегіні тамашалауға келген бүлдіршіндер қойылымнан мол әсер алғандарын айтып, қуаныштарымен бөлісті.
Спектакльден кейін өнер ордасының дамуына үлес қосып жүрген актерлер театр басшылығының атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Бұл қойылымға театр ұжымы бірнеше ай бойы дайындалды. Енді қараша айында олар гастрольдік сапармен Воронеж қаласына барып, “Степной ноктюрн” спектакілін қоюды жоспарлап отыр.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.