Облысымызда еріктілер қозғалысын жандандырып жүрген бірден -бір ұйым – “Еріктілер клубы”. Өмірдің ащы дәмін татқан балаларға көмек қолын созып, олардың тағдырына немқұрайды қарамайтын, олардан жүрек жылуын аямайтын жанашыр жандар біріккен ұйымға облыстық Сот актілерін орындау департаментінің баспасөз хатшысы Елена Скакунова жетекшілік етуде.
– Біздің клубымыз 2007 жылы облыстық Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқарманың жанынан құрылған болатын. Ол кезде бұл бастаманы ең алғашқылардың бірі болып облыс орталығындағы “Жас дарын” өнер мектебінің, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің, №21 орта мектебінің еріктілері қолдады. Жалақы төленбейтін, саналы, ерікті іс-қимыл жасайтын ұйымымызға тартып қана қоймай, сонымен бірге жастарды тұлға болып қалыптасуға, азаматтық төзімділікке баулимыз. Себебі, еріктілік өскелең ұрпақ өкілдерінің бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, қайырымдылық шараларға бастамашыл болуға үйретеді, – деген Елена Скакунова.
Бүгінде ұлты, нәсілі, жынысы, діни нанымы, тілі, таптық тегі мен саяси нанымына қатысты ешкімді кемсітпейтіндей өзара сыйластық ортасын қалыптастыруды негізгі қағидасына айналдыра білген ұйымның қолға алған шараларына медицина, кәсіптік-педагогикалық, М.Жұмабаев атындағы колледждердің оқушылары және СҚМУ-дағы “Джем” бірлестігінің студенттері қатысады. Сол сияқты, облыс орталығындағы №8, №21, №40, “БЭСТ”, №10, №26 мектептерінің және Есіл, М.Жұмабаев, Жамбыл аудандары мектептерінің оқушылары мен жастары еріктілер қозғалысына қатысу арқылы қоғамға аз да болса пайдасын тигізуге ұмтылуда.
Жеті жыл табысты жұмыс істеп келе жатқан еріктілер ұйымының бүгінгі күнге дейін атқарған жұмысы аз емес. Атап айтар болсақ, еріктілер облыс орталығындағы “АДОН-Север”, “Мүмкіндіктері шектеулі балаларға үйлерінде әлеуметтік көмек көрсету бөлімі” ұйымдарымен бірлесіп, ортақ шаралар ұйымдастырған. Мүмкіндігі шектеулі және ауыр жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету мақсатында басқарма мен “Жас дарын” өнер мектебі бірлесіп, “Арттерапия” жобасын дайындаған. Осы бағдарлама шеңберінде жастар үйінде, тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған мектеп-интернатта, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде қызмет көрсету бөлімшесінің, балалар колониясының тәрбиеленушілеріне “Жас дарын” өнер мектебінің еріктілері қонаққа барып, өнерлерін көрсеткен. Сол сияқты, облыстық балалар ауруханасы, жасөспірімдердің бейімделу орталығы, Архангелка ауылындағы кәмелеттік жасқа толмаған балалар үйі және Соколовка ауылындағы ата-анасыз қалған жетім балалар мектеп-интернаты ұжымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
“Еріктілер клубы” төрайымының айтуынша, қолға алынып жүрген іс-шаралар мұнымен ғана шектелмейді екен. Атап айтқанда, облыстық Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқарма үстіміздегі жылдың ақпан айында “Ізгілік пен сүйіспеншілік” атты онкүндік өткізуге мұрындық болған. Рухани-адамгершілік тәрбие беруге арналған онкүндік барысында медициналық колледждің еріктілері Соколовка ауылындағы мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне тегін фотосессия ұйымдастырса, кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқушылары облыстық балалар ауруханасында емделіп жатқан балақайларға арнайы концерт берді. Осы орайда мүгедектер арбасына таңылған екі қыз баланы қамқорлықтарына алған №40 мектептің оқушыларын ерекше атап өтуге болады. Аталмыш мектептің еріктілері жарымжан балалардың үйлеріне қонаққа барып, олардың демалыстарын ұйымдастырып, үй тапсырмаларын орындауға көмектесуді дәстүрге айналдырған.
– Қайырымдылық мәселесіне қоғам назарын аудару үшін “Еріктілер клубы” жыл сайын кең ауқымды акцияларға бастамашыл болып отыр. Мысалы, “Көктемнің ізгілік аптасы” деп аталатын осындай бір игілікті шара аяқталғаннан кейін оның қорытындысы бойынша жергілікті БАҚ өкілдерін тарта отырып, баспасөз мәслихатын өткізу дәстүрге айналды. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай “Таза жеңіс”, “Жеңіс рекорды” акциялары өтіп, аталмыш іс-шара аясында ардагерлердің үйлеріне барып, ауланы, үйді жуып, тазалауға көмектестік. Сонымен қатар, облыс орталығындағы ескерткіштерді де тазарттық. “Жеңіс мұрагерлері – жеңімпаздарға” акциясы аясында жергілікті еріктілер Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне көмек көрсетеді. Ал қазан айында өткізілетін Қарттар күнінде “Қамқорлық сәулесі” акциясы өткізіледі, – дейді ұйым жетекшісі.
Жақсылық сыйлай білетін еріктілер клубының жетекшісі өз қатарында мейірімді, ізгі жанды жастардың саны арта түскенін қалайтындығын жасырмады. “Облысымызда біздің көмегімізді күтетін балалар әрдайым табылады. Қолға алған шараларымыз мұқтаж жандарға қуаныш әкелсе, бізге одан артық сый жоқ. Өмірдің ауыртпалығын бастан кешіріп, қиындықты көріп өскен балаларға шарапатымыз тисе, жарымжан жандарға күлкі мен көтеріңкі көңіл сыйласақ, бұл біздің мақсатымыздың орындалғаны ,” – деді сөз соңында Елена Скакунова.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.