“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” акционерлік қоғамының облыстық филиалында өткен “Ашық есік күнінде” қатысушылар ерікті жарналардың болашақ зейнетақы мөлшеріне әсері жайлы ақпарат алды.
Бүгінде елімізде міндетті, міндетті-кәсіби және ерікті зейнетақы жарналары бар. Ерікті жарнаның міндеттелген уақыты немесе мөлшері жоқ. Облыс тұрғындары бүгінге дейін ерікті зейнетақы жарналарын салу үшін 1,2 мың келісім жасаған. Филиалдың бөлім басшысы Ғалия Мұқанова ерікті зейнетақы жарналарының тиімділігін мысал арқылы түсіндірді. Мәселен, айына 180 мың еңбекақы алатын отыз жастағы екі салымшы 2052 жылы зейнет демалысына шықты делік. 1998 жылға дейін екеуі де жұмыс істемеген. Зейнетке шығарда олардың еңбек өтілі 33 жылды құрайды. Бірақ олардың біреуі ай сайын табысының бес пайызын ерікті жарна ретінде салып тұрды. Нәтижесінде оларға базалық және жинақтаушы зейнетақы бірдей мөлшерде тағайындалады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі бүгінде 29 мың теңгеден асса, жинақтаушы зейнетақы олар үшін 92 мың теңгенің шамасында. Ерікті жарна жинаған салымшының зейнетақысына ай сайын 46 мың теңге қосымша ақша қосылады. Яғни, ол 160 мың теңге көлемінде зейнетақы алады.
– Елу жасқа толған адамдар, 1 және 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, тұрақты тұру үшін басқа мемлекетке көшіп кеткен азаматтар ерікті зейнетақы жарналарын алу мүмкіндігіне ие. Инвестициялық кіріс, басқа жарналардағымен бірдей, 7,5 пайызды құрайды, – деді Ғалия Мұқанова.
Салымшылар “БЖЗҚ” акционерлік қоғамының ресми сайтындағы калькулятор арқылы өзінің болашақ зейнетақысын есептей алады. Зейнетақы жарнасы жөніндегі ақпараттарды облыстық филиалға келіп немесе enpf.kz сайты арқылы білуге болады. Ал электронды цифрлық қолтаңбасы барлар интернет арқылы өздерінің шоттарын тексеріп, жұмыс берушіден ай сайын түскен жарнаны бақылай алады.
Сурет https://neonomad.kz сайтынан алынды.