«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСЕНТАЙДЫҢ ЕРЛІГІ

Халқымызда “Елін сүйген адам ғана ерлік жасай алады” деген ұлағатты сөз бар. Екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласынан оралмай, есімі “Боздақтар” кітабына алтын әріппен жазылған атақты барлаушы Есентай Данкиннің ерлік істері өткенге – тарих, бүгінге – үлгі, ертеңге – аманат. Ол туралы алғаш жазған очеркім Ақмола облыстық “Көкшетау правдасы” газетінде Ұлы Жеңістің отыз жылдығы мерекесіне орай ұйымдастырылған “Бәйге” айдарымен жарияланып, қазылар алқасының шешімімен бас бәйгені иеленгенді.

1994 жылы жарық көрген “Боздақтар” кітабында: “Есентай Данкин, лейтенант, 1918 жылы Бірлестік ауылында туған. 1941 жылы Айыртауда майданға алынып, 1943 жылы қаза тапты” деген шағын ақпарат қана бар. Ал әскери тілшілер Мих Нидзе мен Кондрашенко Есентайдың майданда көрсеткен ерлігі жайлы “Богатырь” атты шығармаларында кеңірек жазды. Аталмыш очерк сол кездегі аудандық “Ленинский путь” (қазіргі “Айыртауские зори”) газетінде жарияланды. “Қираған үйлерді паналай жүгіріп келе жатқан байланысшы, лейтенант Е. Данкин полк штабына тезірек жетуге жанталасуда. Өйткені, Данкиннің тер сіңген гимнастеркасының төс қалтасында өте құпия хат бар. Батальон командирі хатты полк штабына кідіріссіз жеткізуді қатаң тапсырған болатын. “Сұрапылда сұм өлім аузын ашқан, қарсы тұрды жас қазақ қаймықпастан” дегендейін, қарша борап тұрған оқ астымен жылжыған қазақ офицеріне сұм ажал секунд сайын аждаһадай аузын ашуда. Тіпті, әрбір минут қымбаттап барады.

Есентай Данкин жауып тұрған оқ “жаңбырына” қайта кірді. Ол орманнан шыға батальон штабына басып кіруге тырысқан жау автоматшыларын байқап қалды.

Біздің штабтағы аз ғана жауынгерлерді жаналқымға алып жатқан жауға ту сыртынан жеткен Есентай күтпеген жерден қарсыластарына тұра ұмтылды. Жүрегі ашу мен кекке толы қыр қазағы жанталаса қоршауға алған сегіз немістің төртеуін бағана штабтан ала шыққан винтовканың қанжарымен түйреп өлтірді. Артынан келіп қалған неміс солдатын винтовканың дүмімен соққанда ағашы сынып кетсе де, тағы бір немістің жанын жаһаннамға жібергеніне қуанды. Енді қалған үш неміс қаша жүріп соғысу әдісіне көшті. Даланың шу асауына тұзақ салған қыр қыранына үш немістің жанын жаһанамға жіберу сөз болып па?! Ашуын ақылға жеңдірген батыр барлаушы көзді ашып-жұмғанша үш немісті жер жастандырды. Жолдастары көмекке жеткенде, сәл тыныстап алған Есентай Данкин:

– Темекің бар ма? – деді барлаушы досы Иван Сидоровқа.

Кешікпей екі досымен бірге батальон штабына келіп, командиріне тапсырманың орындалғаны жайлы баяндады. Осы сәтте офицер қолындағы винтовканың ұңғысын ғана ұстап тұрғанын байқап қалған әскери кеңестің мүшесі, генерал-майор Грушетский:

– Жолдас лейтенант, винтовкаңыздың дүмі неге жоқ? – деп сұрады. Есентай оқиғаны баяндау үшін бір қадам алға аттап шыға бергені сол еді, қасындағы досы Иван Сидоров болған оқиғаны ешбір қоспасыз әңгімелеп берді. Есентайдың ерлігіне риза болған генерал Грушетский:

– Сіз нағыз батырсыз, – деп ризашылығын білдіріп, қолын қысты” деп жазды әскери тілшілер.

Ұлы Жеңістің отыз жылдығы қарсаңында Жезқазған облыстық (сол кезде облыс) партия комитетінің екінші хатшысы болып істеген ақын Кәкімбек Салықовтың Есентай Данкинді еске алғаны жадымызда сақталып қалыпты. “Қуанышты хабар жерде жатушы ма еді? 1942 жылдың қысында Есентай Данкиннің ерлігі майдан даласынан шарлап, тылға жетті. Ол туралы ыстық ықыласты очерк те, суреттемелер де жазылды. Бір өкініштісі, солардың көбі сақталмаған. Есентай Данкин кеңпейілді, ақжарқын жігіт болатын. Мамандығы – мұғалім”, – деп еді ол.

Есентай ауылда мұғалім болумен қатар, жергілікті “Айыртауский колхозник” (қазіргі “Айыртауские зори”) газетінің белсенді тілшісі болғаны туралы құжаттарды туған жеңгесі Шәмшия тәтемнің үйіндегі отбасылық мұрағаттан өз көзіммен көріп, куәлікті қолыма ұстағанымды айтсам, оқырман қауым менің сөзіме сенер деп ойлаймын. Оның Егіндіағаш ауылында да өрімдей өрендерге ұстаздық еткенін де Шәмшия тәтем айтып берген.

Ағамыз майдандағы ерлігі үшін “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталады.

Қаһарман жауынгердің өшпес ерлігіне арналған осы шағын мақаламды мына бір өлең жолдарымен аяқтағым келеді:

 

Тағзым етіп өлгенге,

“Ризамыз” дейік ерлерге.

Қарайық және құрметпен,

Соғыстан тірі келгенге.

Колхозбыз онда – “Бірлестік”,

Өсірген егін бірлесіп.

Жағып қойып майшамды,

Хатымен солдат тілдестік.

Зұлматсың, соғыс, зиянды,

Қыршыннан қиған ұланды.

Қайғыны небір көтерген,

Аналар сондай шыдамды.

Сөйлесіп тарих өткенді,

Тірілтіп оты өшкенді.

Кернеген кектің қанжарын,

Жауына соғып кеткенді.

Қорғаған елдің намысын,

Бітімі бөлек арысым.

Есентай жауға ұмтылды,

Бір қарыс жер мен ар үшін.

Сталинград майданы,

(Әйгілі соғыс аймағы).

Бергенбіз мұнда зор соққы,

Асырып жаудан айланы.

Ерлерге әр кез қымбат ар,

Ұмтылған алға қырандар.

Намысты, өршіл жүрекпен,

Отанды қорғап қалғандар!

… Отан деп соққан жүрегі,

Есентай сондай ер еді.

Он тоғыз жасар боздақтың,

Көп еді арман-тілегі.

Иә, қыршын жас Есентайдың жүрегі небір арман-мақсаттарға толы еді. Ол бәрінен де сүйікті Отанының азаттығын жоғары санады. Сол жолда құрбан болды. Оның ерлігін халқы ұмытпайды.

Тайлақ ЖАЛМҰРЗЕНОВ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp