«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЕСКЕРТКІШТЕГІ ҚОЖАБЕРГЕННІҢ БЕЙНЕСІН ТҮСІМДЕ КӨРДІМ»

– Қазыбек Қажыкенұлы, сіз есімі елге белгілі мүсіншілердің бірісіз. Сала майталмандары мүсіншілікті өнердің ең қиын түріне балайды. Өміріңізді өнердің бұл саласына арнауыңызға не себеп болды?

– Адамның бала қиялын ұш­тайтын да, ақық арманына құ­рық салғызатын да туған жері, оның тұмса табиғаты болса ке­рек. Менің балалық шағым Уә­лиханов ауданында өтті. Әкем Қажыкен аудандық газетте жұ­мыс істеді, кейін мектеп дирек­торы, кеңшар бөлімшесінің бас­шысы болды. Мортықтағы мек­тепте білім алдым. Өскенде ауы­лымның басты кейіпкерлері са­налатын олардың әрқайсысы­ның суретін салып, мүсінін қа­шаймын деп армандайтынмын. Арманым адастырмады. 1982 жылы әскерден келген соң бір жарым жылдай ауылда суретші болып жұмыс істедім. Ол кезде қоғамда өнер адамдарына қатысты айтылатын қатып қалған қағида бар-тын. Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түскенімді естіген шешем маған: «Сен енді араққа салынып ке­тесің ғой», – деп қатты ренжіді. 1985 жылы 4 жыл сырттай ғашық болған аруға сөз салып, отау құрдым. Жан-жарым (марқұм болып кетті) өте жайдары кісі еді. Жатақхананың аядай ғана бір бөлмесін жалдап тұрамыз. Тұрмыс тауқыметін тартсақ та менің жоғары білім алып, оқып-тоқуыма, ойымда жүрген идея­ларымды іске асыруыма көп жәрдемдесті. Алматы театр-көркемсурет институтын қызыл дипломмен аяқтап шықтым. Ең­бек жолымды суретші-мүсінші болып бастадым. Жалпы мені бұл салаға туған жерімнің қара­пайым адамдары, көркем көрінісі ынталандырды десем қа­телесе қоймаспын.

– Өнертанушылар Қазақстан­да мүсіншіліктің егемендік жыл­дары кең өріс алғанын айтады. Менің ойымша, қазақ мүсінінің тарихы VI-VIII ғасырларға тиесілі балбалтастардан басталады емес пе? Сіз қандай пікірдесіз?

– Университет қабырғасын­да оқып жүргенімізде бізге бұл мәселелер ашып айтылған жоқ. Мүсін тарихы туралы алғашқы зерттеуді академик Әлкей Марғұланның жүргізгенін кейін білдік. Ғалым өзінің «Ежелгі мә­дениет куәгерлері» еңбегінде балбалтастар ежелгі түркілердің діни ғұрыптық кешені екенін жазған. Екіншіден, біздің хал­қымыз көшпелі өмір салтын ұс­танған, әруақты қатты қастерле­ген. Дүниеден озған аталары­мыз желеп-жебеп жүрсін деген ниетпен балбалтастардың жа­нында құрбан шалатын болған. «Өлі риза болмай, тірі байымай­ды» деген сөз сол замандардан бері айтылып келе жатқан болуы ғажап емес. Қазіргі ескерткіш-мүсіндердің де түпкі мәні осыған саяды: бабаларды қадірлеп, құр­меттеп, мәңгі есте қалдыру, есімін ұмытпай, жаңғырту.

– Сіз бас-аяғы екі жүзге жуық туындының авторы екенсіз. Со­лардың қайсысы жаныңызға жа­қын?

– Мүсін бір күнде немесе бір айда сызылып, қашалатын дүние емес. Біз бір ескерткішке кейде ондаған жыл уақытымызды ар­наймыз. Тұлғаларға арналған туынды сәтті шығуы үшін оның сыртқы келбеті ғана емес, ішкі жан-дүниесіне терең үңілу керек. Алдымен өзіміз мүсінін жасай­тын тұлғаның өмірімен толық та­нысып, оқып зерттейміз, сурет­терін, бейнематериалдарын ақта­рамыз, сол арқылы ескерткішке мінезін, жан-дүниесін сіңіруге тырысамыз. 1995 жылы Көкше­тауда Мәлік Ғабдуллин атында­ғы музей ашылатын болды. Ма­мандар музей алаңына ардақты тұлғаның мүсінін орнату туралы шешімге келіп, конкурс жария­лады. Оны мен ұтып алдым. Ба­тырдың бейнесін жасау оңайға соқпады. Бұл жұмысты ерекше ыждағаттылықпен атқардым. Сәтті шыққан туындыларымның біріне балаймын. Барлық ең­бегімді туған перзентімдей жақ­сы көремін. Әйтсе де солардың ішінде Абылай хан ескерткішін бөле-жара айтар едім. Абылай бейнесін жасауға ниетті үміткер­лер көп болмады. Алматы әкімдігінің мамандары бұл жұ­мысты маған сеніп тапсырды. Бір күні таңалагеуімде түс көрдім. Хантәңірі деп аталатын тауда жүр екенмін. Тау ортасынан қақ бөлініп, жарқыраған алтын көрі­не бастады. Сол алтынның ара­сында Абылай хан жатыр екен. Жанына жүгіріп барып, «Абылай хан» деп айқайладым. Оянсам түсім екен. Ескерткішті үш ай ішінде жасап шықтым. Соның бір айын «С.М.Киров атындағы Алматы машина жасау зауытын­да» өткіздім. Алматыдағы №2 вокзалдың жанында тұрған Абы­лай хан ескерткіші жүрегіме жылы, жаныма жақын. Осы ең­бегім үшін берілген қаламақыға пәтер сатып алдым.

– Ақын-жазушылардың ғұмыр­дариясын ақтарып отырып, олар­дың көбінің шығарманы түнде жаз­ғанын аңғарамыз. Мұны мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Түн маған ұйықтау үшін жаралма­ған» деген жыр жолы дәттей түседі. Ал сіз қай уақытта жұмыс істегенді жөн көресіз? Жалпы мүсіншілер шабытты қайдан алады?

– Шығармашылық адамы болған соң шабытты сұлулықтан аламыз. Мүсінші үнемі ізденісте жүруі керек. Кейде 24 сағат ұйқы, демалыссыз жұмыс істеуіміз мүмкін. Петропавлдағы «Жас өр­кен» шағынауданының кіре берісіндегі Қожаберген жырау ескерткішін жасау үшін үш мәрте конкурс жарияланды. Соның екеуін мен ұтып алдым. Баба­мыздың образын іздей бастадым. Суреті еш жерде жоқ. Әдеби кі­таптарды да, тарихи шығарма­ларды да ақтардым. Бір күні ұйықтап жатып тағы да түс көрдім. Түсімде бабамыз жылқы­ны жайылымға жіберіп, ер тоқы­мын басына жастанып жатыр екен. Жанында ат әбзелдері тұр. Жыраудың түр-тұлғасы, бейнесі, мұрны мен құлағына дейін көз алдыма келді. Ояна сала түсіме кірген бейнені қағазға көшірдім. Әңгіменің реті келгенде жырау ескерткішін жасауыма қазіргі Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың көп кө­мектескенін айта кеткенім жөн болар. Шабыт деген екінің бірі сезіне алмайтын киелі дүние ғой. Маған шабыт кейде түс, аян ар­қылы келетін сияқты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласын­да өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Атасына ес­керткіш қоюды, көшеге атын бе­руді өтінетіндер көбейді. Тіпті ше­телде бізді көне заманға және ке­ңестік кезеңге қатысты монумент­тер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды», – дей келе қоғамда белең алған теріс әрекеттерді сынаған болатын. Бұған сіз қандай уәж айтар едіңіз?

– Президентіміз өте орынды мәселе көтерді. Әр ескерткіш елдің қатпарлы тарихынан хабар беріп тұруы тиіс. Қаражатым бар екен деп ата-бабасына мүсін ор­натуды қалайтындардың әрекеті­не қарсымын. Ұлттың ұлы тұлға­ларына арналған ескерткіш­тердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Кеңес кезінде Алаш ардақтыларының мүсінін жасау­ға рұқсат берілмеді. Біз бұл ба­қытқа тәуелсіздікпен бірге жеттік. Елімізде символикалық мүсіндерді, аллегориялық фигу­раларды, анималистикалық жанрдағы шығармаларды көп кездестірмейсіз, есесіне әдеттегі­дей портреттік, тарихи һәм тұр­мыстық мүсіндер самсап тұр. Өр­кениетті елдерде адамзатқа ор­тақ: ана мен бала махаббаты, от­басы құндылығы, еңбек адамы сынды тақырыптарға жеке-дара ескерткіш орнатылады. Біздің елімізде де осындай ілкімді жұ­мыстар атқарылса дейсің. Мем­лекет конкурс жариялап, қаржы бөлсе мүсіншілер де аянып қал­масы анық. Классикалық бағыт­тағы мүсіндермен қатар, прими­тивизм, кубизм, конструкти­визм, сюрреализм, абстракцио­низм бағытындағы ескерткіштер де өмірге келсе дейміз.

– Ескерткіштерді қорғау мәсе­лесі туралы не айтар едіңіз?

– Ескерткіштер – ел тарихы, адамзаттық өркениеттің құ­рамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Біздің міндетіміз – мүсінді жа­сап, тұғырға қондыру. Қоламен бірге терімізді қатар құямыз. Сәт-салтанатпен ашылған ес­керткіштер бірнеше жылдан соң күтім көрмегендіктен өңінен айырылып қалып жатады. Жауапты мамандар кез келген бояумен сырлай салуды әдетке айналдырып алды. Бұл дұрыс емес. Қызылжардағы ескерткіш­тердің көбі жарықтандырылма­ған. Кеш қарайғанда олардың кімге қойылған ескерткіш екені көрінбейді. Мен жасаған Абай мен Пушкин ескерткішінің де тастары мүжіліпті. Ат үстіндегі Абылай хан, вокзал маңындағы Мағжан Жұмабаев ескерткіш­тері мен Бәйкен Әшімовтің бюсті де менің қолымнан шыққанын айта кеткен жөн.

– Сіздің 1986 жылғы Желтоқ­сан оқиғасына қатысқаныңыздан хабардармын. Сол жылдар жайлы әңгімелеп бересіз бе?

– Ол кезде студентпіз. Қазақ жастарының алаңға жиналып жатқанын естідік. Біз де бардық. Көкейде «Қазақты неге қазақтан шыққан адам басқармайды?» де­ген бір ғана сұрақ сайрап тұрды. Сол сауал бізді жігерлендірді. Түрмеге де түстім. Азапты да көрдім. Еліміздің егемен мемле­кет атануына қанатымен су сеп­кен қарлығаштай үлес қосқа­нымды мақтаныш санаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp