Биылғы жылдың күнтізбесі айтулы оқиғаларға толы. Солардың бірі – Тың игерудің 60 жылдығы. Сонау 1954 жылы ауданымызға тың игерушілердің алғашқы легі келіп, болашақ кеңшарлар мен ұжымшарлардың орнына қазық қаққан еді. Сондай тың және тыңайған жерлерді игерудің нәтижесінде облыс картасында “Жданов” кеңшары пайда болды. Бүгінде Золотая Нива ауылы атанатын оның орталық қонысы – ауданымыздың оңтүстігінде орналасқан елді мекен. Возвышенка-Молодогвардейское тасжолы осы ауылды жанай өтеді. Сол жолдың бойында қоршалған аумақ бар, оның дәл ортасына кезінде алғашқы тың игерушілердің құрметіне үлкен тас қойылған екен. Бұл тасты 1959 жылы Мәскеуден келген алғашқы студенттік құрылыс жасақтарының тарихымен де байланыстыруға болады. Тың игеруші жұмысшыларға баспана салу мақсатында тұңғыш студенттік құрылыс жасақтарының біздің жерге аяқ басқандарына да биыл 55 жыл толып отыр. Міне, осыған орай Золотая Нива ауылында өткен салтанатты шарада тың игерушілердің құрметіне қойылған үлкен тасқа “Студенттік тың құрылысы – 1959 жыл” деген ескерткіш тақтайша орнатылды.
Аталмыш жиынға Ресейден келген қонақтар, аудандық мәслихат хатшысы Төлеген Әбілмәжінов, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Қазанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбай Сағындықов, ауданымызда тұрып жатқан тың игерушілер, ауыл тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Салтанатты ашқан аудан әкімінің орынбасары Гүлфира Рамазанова жиналғандарды айтулы оқиғамен құттықтап, алғашқы тың игерушілердің ауданымызға келу тарихына тоқталды. Ал тың игеру кезінде құрылған бұрынғы “Молодежный” кеңшарын басқарған, бүгінде Мағжан Жұмабаев ауданының Құрметті азаматы атанып отырған Оралбай Шәріпұлы кеңшарда аянбай еткен ауыл еңбеккерлерін еске алып, олардың күні-түні, қысы-жазы қажырлы жұмыс істеп, ауыл шаруашылығына зор үлес қосқанын айтты. Қонақтар арасынан ресейлік студенттер жасағының комиссары болған Лейла Расулова сөз алып, тың игерушілер құрметіне орнатылған үлкен тасты сақтап қалған золотонивалықтарға алғысын білдірді. Мәскеу қалалық студенттер жасағының бұрынғы командирі, “Россети” акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Александр Дыбов жиынға қатысушыларға өзінің Қазақстанда туып-өскенін мақтанышпен жеткізді. Оның әке-шешесі тың игеруге қатысыпты. Ресейлік студенттер жасағы ардагерлер кеңесінің мүшесі Василий Шабалдин студенттік құрылыс жасақтарының 55 жылдығына орай және студенттік қозғалыстың дәстүрі мен достығын сақтауға қосқан зор үлесі үшін бірқатар азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Бұл күні ресейлік қонақтар аудан әкімі Қайрат Пішенбаевтың қабылдауында болып, тың игеру жылдарында ірге көтерген кеңшарлар жайлы әңгіме қозғады. Мәскеуден және өлкемізбен көршілес Омбы, Түмен және Челябинск облыстарынан келген меймандар аудандық тарихи-өлкетану мұражайына да соғып, тың игеру жылдарындағы аудан тарихымен жақынырақ танысты.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,
журналист.