Қызығы мен шыжығы аралас өмірде түйгеніміз де, көргеніміз де мол. Оның ішінде әлі күнге дейін санамда өшпестей жатталып қалған қимас кезеңдер де аз емес. Солардың бірі – Кеңес одағының екі дүркін батыры, есімі аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновпен бетбе-бет жүздесіп, ауызба-ауыз сөйлесуім әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр.
Батырмен жолығу бақыты 1996 жылдың қысында бұйырды. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сарыағаш шипажайына жолдама алып, ем-дом қабылдап жатқаныма едәуір күн болып қалған. Балқаш қаласынан келген Кәрімжан Томашев деген жігітпен бір бөлмеде жатырмыз. Қарға адым қаңтар деген аты болмаса күн жылы, күтім жақсы, қарнымыз тоқ. Бірде таңғы тамақтануға барғанымда “Бүгін Кеңес одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдиновпен кездесу өтеді. Оның соңы үлкен концертке жалғасады” деген хабарландыруға көзім түсті. Содан қас қарайғанша дегбірім қалмады. Әбден тағатым таусылғаннан кейін Кәрімжанға: “Жүр, ата-бабамыздың жолымен Талғат ағаға сәлем беріп, амандасып қайтайық”, – дедім. Ол болса: “Атама, ондай атақты адам бізді кіргізбек түгіл есігінен де сығалатпайды”, – деп ат-тонын ала қашты. Содан, не керек, оны әзер көндіріп, үстіңгі қабатқа көтерілдік. Жолықпаққа ниеттенген екінші себебім, тетелес інім туғанда әке-шешем батыр ағамызға тартқан азамат болсын деген ырыммен атын Талғат деп қойған болатын. Сол бауырыма бата тілеу.
Біздің бағымызға қарай, ағай бөлмеде жалғыз екен. Рұқсат сұрап, ішке ендік. Кіреберіс жақта кідіріп қалғанымызды аңғарып, төрге оздырды. Сәлемдескеннен кейін жөн сұрасты. Қарсылығымызға қарамастан жаюлы тұрған дастарқанға шақырып, біраз әңгімелестік. Үстел үсті жеміс-жидекке самсап тұр. Бізді батырдың қарапайымдылығы, етене таныс адамдарша бауыр тартып сөйлескені, салмақтылығы, әліптің артын бағып тыңдайтын қасиеті керемет тәнті етті. Бөлмеден ерекше рухтанып, әсерленіп шықтық.
Бір күні тісім қақсап, шыбын жаным мұрныма келіп, таң атысымен төменге қарай түсіп бара жатыр едім, ойда-жоқта Талғат ағаның ұшыраса кеткені. “Қабағың түсіңкі ғой”, – деді. Мән-жайды түсіндіріп, дәрігерге бара жатқанымды айтып ем, қолтықтап алды да бөлмесіне қарай жетелей жөнелді. Бетімнен отым шығып барады. Ел азаматын әуреге түсіргеніме ыңғайсызданып, өзімді іштей кінәлап келемін. Бөлмеге енісімен үстел үстіндегі қораптың ішінен әлдебір затты алды да: “Шайна, тісіңнің ауырған жеріне жақ. Ертең тағы кел. Сырқатың сап тыйылады”, – деді. Кейін білгенімдей араның балынан жасалған прополис қоспасы екен. Үш күн бойы межелі уақытта барып тұрдым. Осы арада аға жайлы біраз мағлұматқа қанықтым. Құдай қосқан жары қайтыс болғанын, жасы 73-ке келгенін, Қазақстан Үкіметі берген үйде тұратынын айтты. Қоштасарда: “Алматыға жолың түссе, үйге кел, ұялма, қонақ бол. Әкімдерің Қызылжарға шақырып еді. Дәм жазбай жүр. Жазға салым барып қалармын. Ел-жұртқа дұғай сәлем айт”, – деп бауырына қысып, арқамнан қақты.
Бұл – батырды бірінші әрі соңғы көруім еді. Осы кездесу есіме түссе ағаның күлімсіреген жылы жүзі көз алдыма келеді. “Кішілік те – кісіліктің белгісі” деген осы-ау! Батыр амандық тілеген, ақ батасын берген Талғат інім осынау атқа кір келтірмей, ел азаматы болды. Бүгінде іргелі шаруашылыққа жетекшілік етеді.
Қуаныш МӘЛГАЖДАРОВ,
еңбек ардагері.
Петропавл қаласы.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) Қ.Мәлгәждаров, Т.Бигелдинов және К.Томашев.