Тарлан тарих доңғалағы, міне, ХХІ ғасырдың да алғашқы 15 жылын еңсеріп тастады. Тарих толқынында дауылдарға-жауындарға дес бермей, өз болмысымен, өз мәдениетімен өскен, қайыспас қара нардай халықтар, мемлекеттер қалады. Солардың бірі – қазақ халқы алдағы жылы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойламақшы. Осынау мемлекеттің уығын шаншып, керегесін кеңейтіп, шаңырағын жоғары көтеруге бар күш-жігерін, талантын, ересен еңбегін жұмсаған біртуар жандар болған, болады да. Осылардың бірі және бірегейі – халқымыздың маңдайына біткен ақылман ұлы, заманында заңғар бойымен де, ойымен де дүйім елді тәнті еткен, озық оқымысты, қарымды қаламгер, шалымды аудармашы, тәлімгер ұстаз Евней Арыстанұлы Букетов.
Біз осы мақалада айтулы қаламгердің аудармашылық қызметін сөз етпекпіз.
Тарих парақтарын ақтара берсек, Абайға келіп тірелеміз. Әдебиетшілер ол аударған Пушкин мен Лермонтовтың шығармалары түп-нұсқаға бергісіз екенін айтып та, жазып та жүр.
Ақылман Ақаң да (Ахмет Байтұрсынов), маңғаз Мақаң да (Мағжан Жұмабаев) аудармамен айналысқан, керемет туындылар қалдырған.
Мұқаң да (Мұхтар Әуезов) көркем аударманың хас шебері болған. Абайдан кейін “Евгений Онегинді” Ілияс Жансүгіров, Қуандық Шаңғытбаев тәржімалады. Осыдан үш жыл бұрын ақиық ақынымыз Кәкімбек Салықов осынау ғажайып романды басқаша мақаммен аударды. Сәтті шықты.
Егер біз Мұқаң мен Ілекеңді аудармашылардың бірінші толқынына жатқызсақ, Әбділда, Қасым, Ғалиды – екінші толқынға, ал Сырбай, Ғафу, Кәкімбектерді үшінші толқынға жатқызар едік. Міне, осы үшінші толқынның бел ортасында Евней ағамыз да бар.
Ебекең Шекспирге қол салған және қол салғанда мол салған. Ол Шекспирдің “Юлий Цезарь” және “Макбет” трагедияларын тәржімалады. Ал Шекспирдің “Асауға тұсау” мен “Отеллосын” Мұхаң, сонеттерін Хамаң (Хамит Ерғалиев) аударған еді. Мұндай ұлы шығармаларды тәржімалауға жүрек жұтқан болмаса, жүрегі дауалағандар кемде-кем. Сонда Евней Арыстанұлы шекспиршіл нөмірі үшінші қазақ болып тұр ғой.
Ежелгі Римдегі таққа талас. Цезарь мен Антонийдің, Бруттың тартысы. Ұлы сөз ділмәрі, сенатор, шешен Цицерон. Пьеса аудармасында осынау ғажайып тарихи тұлғалардың образдары шешен қазақы тілмен өрнектеліп, кестеленген. Ебекең Брутты былайша сөйлетеді: “Егер Цезарьдың сол досы Цезарьға неге қарсы шықтың, Брут”, – деп сұрай қалса, жауабым менің мінекей: “Менің қарсы шыққаным – Цезарьды сүйгендігімнен емес, тек Римді Цезарьдан артық сүйгендігімнен деп түсініңдер. Цезарь тірі қалып, өздерің құл болып өлгендеріңді ме, әйтпесе, Цезарь өліп, өздерің азат азамат күйінде өлгендерің бе, қайсысын таңдар едіңдер?”.
Пьесаның лейтмотиві де осы ғой. Шебер аудармашы Евней аға осылай қазақ сөзін ойната да, қалың оқырманды ойланта да біледі?!
Ал, “Макбет” трагедиясы Е.Букетовтің тәржімасында Алматы мен Қарағанды театрларында сахналанып, көрерменнің лайықты бағасын алды. Шотландия королі әрі қолбасшы Макбеттің бейнесі трагедия аударымында айқын бояулармен айшықталған. Бір өзінің бойында батырлығы мен жауыздығы қатар өрілген Макбетті Евней Арыстанұлы былайша сөйлетеді: “Сендердің бойыңдағы көріпкелдік қайдан, қалай екенін мен білмей-ақ қояйын. Тек сендер, ант ішіп, жауап беріңдер менің бір сауалыма. Сол жауаптарыңнан шіркеулердің мұнарасы жерге түсіп, теңіздегі кемелер суға кетіп, егістерді дауыл соғып, ормандарды жел төңкеріп, қайтпас қамал сарайлардың шаңырағы ортасына түсіп, бар тіршілік араласып кетсе де, сендер менің сауалыма жауап беріңдер!”.
Міне, қандай тебіреніс, қандай толғаныс жатыр кейіпкер монологында.
Ақындардан Ебекең Владимир Маяковский мен Сергей Есенинді аударды. Ол Маяковскийдің өршіл, асқақ пафосты поэзиясын сүйді, екі поэмасын: “Керемет” және “Тамара мен Демонды” әрі сатиралық пьеса “Қандаланы” тәржімалады. Өзі де айтулы ақынның өлеңдерін, поэмаларынан үзінділерін орысша жатқа оқитын. Ал Абайдан кейін Пушкинді аударуға жүрегім дауаламайды дейтін. Бірақ та Евней аға соңғы жылдары Пушкиннің “Пророк” (“Пайғамбар”) атты өлеңін тәржімалады. Оны ол Қарағандыда ауырып жатқанда көңіл сұрай барғанымызда оқып беріп еді.
Маяковскийдің “Қандаласы” шын мәнісінде уытты сатира ғой. Оның эпизодтары қазіргі біздің заманға да келеді. Иә, сол тоғышарлық, сол ішмерездік біздің қоғамда да баршылық екенін несіне жасырамыз. Осы жат қылықтар қоғамды, халықты қандалаша сорып жатқан жоқ па?! Тіпті, пьесадағы сатушылар да біздің жабайы рыноктағы сатушыларды көз алдымызға елестетеді. Аудармашы осыны, тіпті, астарлап та жеткізеді:
– Қайра, ұстара, пышағыңды,
Болсын десең жүзі өткір,
Қайра, безеп тіліңді,
Болсын десең сөзі өткір!
Алыңыздар, азаматтар! – дегізеді.
Маяковскийдің “Керемет” поэмасы, әрине, кеңестік өмірді әспеттеп, кеңестік салтты дәріптейді. Алайда, оған бәрібір де әдеби шығарма ретінде қарап, көркемдік элементтерін безбендеу керек. Әлбетте, ақын бұл шығармасында Керенский үкіметін әжуалап, “Аврора” дүмпуін асқақтады. Ал көркемдік тұрғысынан, жаңа форма мен мазмұн жағынан бұл шығарманың шоқтығы биік екені даусыз. Тәржімашы да өз деңгейінде сәтті аударған. Тың эпитеттер мен метафораларды қолданады. Мәселен: “Найзадай жырдың жолын жалтылдатып”, “Жалау болып төбеде көп жылдарғы” немесе Уақытша үкіметтің жандайшаптарын былайша суреттейді:
Мылжың сөзге лепірме бір жалықпас,
Шіңкілдейді безектеп сауысқандай.
Өз даңқына есіріп, бір өзі мас,
Қырық градус жартыны тауысқандай.
Мына бір сәтті шумаққа зер салайықшы:
“Сарайдың мәпелеген тамағынан
Қылқынып мың бір саусақ қарысқандай”
Яки:
одан әрі –
қаланы жарып түсті
“Аврораның” алты дюймдық алып күші.
Тағы да бір дәйексөз:
“Оқтың ұшқан ызыңы да тыйылды,
Сөнді көкте сақшы жұлдыз жиынды”.
Осылайша, ескі жүйенің қирағаны оралымды бейнеленеді.
Сергей Есениннің “Анна Снегина” поэмасы – өте күрделі шығарма. Мұнда революция дауылы да бар, деревня суреттері де, әлеуметтік өмір де шынайы бейнеленген. Евней аға Солтүстік Қазақстандағы ауылда туып, өсті ғой. Бұл жерлерде де Есенин жырлаған сымбал ақ қайыңдар өседі. Бәлкім, Евнейдің ақын жаны Есениннің ұлы жүрегін осы ауқымда түсінген шығар. Мұнда да ұлы махаббат – поэманың басты тақырыбы. Поэма – лирикалық, сондықтан да осындай қасиетті махаббат табиғатпен қос бұрымдай бірге өріліп, суреттеледі.
Евней Арыстанұлының ойшыл ғалым, суреткер болғандығы өз бастауын ұлы Абайдан алатын сияқты. Дәл осы шығармада лирикалық шегіністер Пушкиннің Абай аударған “Евгений Онегин” романындағы Татьянаның мұңын елестетеді. Сөйтіп, біз қос шығармадан поэзиядағы параллелизм элементтерін көргендей боламыз.
Есте ғой… Бәрі, әрине, есіңізде,
Тұрғамын сол бөлмеде шеткері мен.
Ызалы ерсілі-қарсылы жүрдіңіз де,
Остыңыз зілді сөзбен беттерімнен.
Білемін, безінгенсіз менен мүлде,
Бар деседі өте мықты жұбайыңыз.
Тірлігімнің сізге бұл керегі не,
Біржола мені ұмытқан сыңайыңыз.
Бұл Пушкин-Абайдағы Татьянаның зары:
Амал жоқ қайттім білдірмей…
Мен киіктің лағы едім…
Қатты батты тырнағың…
секілді жыр жолдарын елестетпей ме?!
Сергей Есенин Качалов, Шаляпин сынды ұлы әртістермен сырлас дос болғаны белгілі. “Качаловтың итіне” атты өлеңінде Есенин кәнігі сыршылдығымен тебірентеді. Сол ескірмейтін, бірақ баянсыз махаббат әуенін Евней Арыстанұлы былайша жеткізеді:
Келеді ол. Сөзіме сен. Мен куәсі.
Сонда оған тік қарап, есіркеп кеп,
Мен үшін оң қолымнан бір жалашы,
Кінәнің барын, жоғын кешірсек деп…
Бір сөзбен айтқанда, Евней Букетов әдеби шығармашылығында көркем аударманы кәсіби жете меңгеріп, өз заманында озық аудармашы дәрежесіне көтерілгені айдананық. Бұл – Ебекеңнің бір қыры ғана. Ал оның прозадағы, әдеби сындағы қалам тербеуі – бөлек әңгіме. Металлургиядағы, химиядағы ашқан жаңалықтары, өнертабыстары мен тәрбиелеген шәкірттері туралы айта берсек, сөз жетпейді. Ол кісінің мол мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болатыны сөзсіз.
Жақында бір айтулы ағамыз: “Шекспир тумаған жерде Ньютондар шықпайды”, – депті. Ол кісі, әлбетте, планетарлық ауқымда сөйлейді ғой. Әйтсе де, біз Абайды, Әуезовті Толстой мен Шекспирлерден кем көрмейміз. Сол сияқты Сәтбаевты, Марғұлан мен Букетовті Ломоносов пен Ньютондардан кем санамаймыз. Қазағым аман болса, әлі талай тарланбоздар, алдаспандай ақиық ақындар мен ғалымдардың туатыны, өскелең ұрпақтың өркениетті елімізде қанат жая өмір сүретіні кәміл!
Байтаққа барқадарлы бай-бозымдай,
Қанышқа ерген өзі тай-қозымдай.
Евней еңсегейлі ерім дерлік,
Алашта арда емген айбозымдай.
Кезінде болды ғалым – сара жайы,
Бүгінде дара мүлік, дара байы.
Ебекең – арамыздан көкке өрлеген
Қызылжар қырым өлке қарағайы.
Қазаққа тосын керек,
Өсім керек,
Ғылымда болады ғой кесім бөлек.
Ебекең – солтүстікте жайлап аққан
Жағасы көкшеқұрақ Есіл дер ек.
Өзі де еміренер бала жанды,
Кезінде дүркіреткен аламанды.
Ебекең – бүкіл дүйім ғылымымен
Қатпары мол қыртысты Қарағанды.
Кез болды теллурменен, селенменен,
Өнерде мәңгі биік өлеңменен.
Ебекең – түбінен тас көрінетін,
Бурабай мөлдіріндей терең дер ем.
Қашанда қайралатын қайрақтардай,
Ғылымға келді өзі сайлап, барлай.
Ебекең – замананың дегдарындай,
Өнерде өрен жүйрік сайдақтардай.
Сөйлесе шешен еді самарымдай,
Көздесе көсем еді қамалымдай.
Ебекең суат еді таусылмайтын,
Шөлдесең шөлің де бір қанарыңдай.
Бүгінде далам Айдай, қалам Күндей,
Туар ма данышпандар дара бірдей.
Ебекең – өнер жолы, ғылымдағы
Орыстың дарабозы Бородиндей.
Шет қаға шертілгендей шала күйлер,
Қазірде қаптады ғой бала-билер.
Ебекең – ойыменен, сойыменен
Байырғы әмбебабым Фарабилер.
Осы күн алуан би, алуан бай,
Заманға кезіктік қой наруандай.
Бір өзі миллион жығар білімімен
Бар ма екен Ебекеңдей-балуандай.
…Дәл бүгін сырмыз бар жыр қызғандай,
Қараңыз, далам қандай, ұл-қыз қандай.
Ғылымның көгіндегі Таң-Шолпандай
Ебекең жана берер жұлдыздардай!
Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының
мүше-корреспонденті, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі.
Астана.