«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛ АУДАНЫНДА 60 БАСПАНА ТҰРҒЫЗЫЛАДЫ

Жыл соңына дейін Есіл ауданында оңтүстіктен көшіп келген ағайынға арнап салынған 60 баспана пайдалануға беріледі. Бүгінде олардың тең жартысына отбасылар қоныстанып үлгерді. Сондай-ақ, аудан орталығы – Явленка ауылында 27 пәтерлі көпқабатты үй бой көтерді. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов құтты қоныс иелерімен кездесіп, ауданда жаңа ашылған «Ашық әкімдік» фронт-кеңсенің жұмысымен танысты.

Жалпы биыл Явленка ауылына Шымкент қаласынан бөлек, Алматы, Түркістан облыстарынан азаматтар қоныс аударды. Аудан әкімі Алтынбек Абдоллаевтың айтуынша, биыл қоныс аударушыларға Есіл ауданында 60 үй тұрғызу жоспарланған. Оның 8-і Явленкада пайдалануға беріліп, жуырда тағы үшеуінің кірпіші қаланды. Бұл баспаналарға да оңстүстіктен келген ағайын қоныс аударады. Жұмыс күші көп өңірлерден отбасылар көшіп келе бастағалы Явленка ауылында жаңа шағынаудан пайда болды. Бір жылдың ішінде көше бойында 10 баспана бой түзеді. Барлық баспаналар ортақ талапқа сәйкес тұрғызылған, іші жылы әрі кең. Қажетті коммуникациялық желілер тартылған. Жаңа баспаналарға жұмыс күші көп өңірлерден көшіп келген отбасылар қоныстанды. Оған қоса, екі көпқабатты үй салу жоспарда бар. Балалар және спорт алаңы да тұрғызылады. Алдағы жылы тағы 25 үй салынбақ.
2017 жылы өңірге өзге облыстардан 855 адам көшіп келсе, былтыр бұл көрсеткіш 2333-ке жетті. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, биыл бұл оң үрдіс сақталады. Мәселен, жоспар бойынша солтүстікке 2,5 мың ағайын қоныс аудармақшы.
– Облыс орталығында ғана емес, сонымен қатар ауылдарда да тұрғын үй құрылысы жанданды. Ауылдық жерлерде соңғы үш жылда құрылыс көлемі екі есеге өсіп, 52 мыңнан 108 мың шаршы метрге дейін жетті. Жалпы, биыл облыста 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Бұл үш мың пәтер. Нәтижесінде 11 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қоныс тойын тойлайды. Қаншама адамға қуаныш сыйлаған бұл бағдарлама міндетті түрде жалғасын табады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Үкіметтің шарапатын сезінгендердің бірі – Төлтаевтар отбасысы. Шым қаладан солтүстікке қоныс аударған шаңыраққа үш бөлмелі үй беріліп, балалары мектепке орналастырылды. Отағасы Әділхан Төлтаевтың жоспары да ауқымды. Қоныс аударушы алдағы уақытта жеке кәсібін ашып, жылыжайында көкөніс өсіруді қолға алмақ. Өңір жетекшісі есілдіктердің үйінде болып, қоныстойларымен құттықтады. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp