Бәкеңді көрген сайын есімінің неге Борис аталғанын сұрасам ба деп оқталатынмын әрі бір кездердегідей “сән” қуып, қойылған ат па деп те ойлайтынмын. Оның қарт майдангердің досына деген шынайы құрметіне орай берілгенін енді біліп отырмын…
Шынайы достықтан
мирас болған есім
Сол кездегі Приишим (қазіргі Аққайың) ауданына қарасты Қызылжұлдыз ауылында түтін түтетіп жатқан Сәбит Баяшұлы Ұлы Отан соғысы басталған кезде 39 жаста болатын. Сол жылдың желтоқсан айында ол әскерге шақырылып, көппен бірге майданға аттанады. Қатардағы жауынгер Орталық майданда №150 Сталинград дивизиясының №2 полкі құрамында жаумен шайқасқа қатысады.
1942 жылдың қараша айы. Великие Луки қаласын жаудан қорғап қалу үшін қатты шайқас жүріп жатқан кез. Рота жауынгерлері қаланың орталығынан екі шақырымдай жердегі дөңес жерге келіп, қорғаныс ұясын жасайды. Айналаның бәрі алақандағыдай көрінеді. Жау қанша өршелене ұмтылса да, мықтап бекінген ротаны жотадан қуып шыға алмайды.
Күн ұясына батып бара жатқан шақ. Жауынгерлердің күні бойғы ауыр шайқастан кейін қас қарая жеңілдеп сала беретіні бар. Өйткені, немістер қараңғыда шабуылға шығуға тәуекел ете қоймайды. Қатардағы жауынгерлер Сәбит Баяшев пен Борис Трофимов кеудеден келетіндей етіп қазылған окоптың бір бұрышына орналасып, майдан газетінің үстіне кептірілген нан, қалбырдағы ет пен су құйылған құтыны қоя бастады. Бірақ кешкі тамақты жайлана отырып ішуге жау жағы мұрша бермеді. Бірнеше күнгі сәтсіздіктен ашынған фашистер ойламаған жерден алдыңғы шептегі окопты артиллериямен атқылай бастады. Жауынгерлер алдындағы асты тастай сала оқ борататын шепке қарай ұмтылады. Баяшев те қаруына қарай қол соза бергені сол еді, астындағы жердің апан-топан көтеріліп бара жатқанын бір-ақ сезді. Айналаның бәрі қап-қараңғы болып кетті. Денесіне келіп қадалған снаряд жарықшағын сезінуіне шамасы да болмады. Алып күшпен аспанға көтеріліп барып, окопқа құлаған ауыр топырақ оны қозғалтпай тастады. Артиллерия шабуылынан кейін үстін басып қалған ауыр топырақтан қазып алып, жерлеу командасы оны қаза тапқандардың жанына қойды. Егер жауынгер жолдасы Борис Трофимов болмағанда оны сол жотада жерлеп те қоятын ба еді. Бориске Сәбит дем алып жатқан сияқты көрінді. Ол жаралы жауынгердің кеудесіне құлағын төсеп: “Тірі, тірі ол, тезірек госпитальға жеткізіңдер!” – деп, қуанғанынан айғайлап жіберді. Трофимов зембілге салынған жаралы жолдасын санитарлық машинаға дейін жеткізіп салды. Баяшев есі кіріп кеткен кезде: “Егер ұлды болсам, міндетті түрде сенің атыңды қоямын”, – деп күбірлей берді, күбірлей берді…
Снаряд жарықшағы сол қолының жұмсақ ұлпасына қадалып, шынтағының буынын зақымдапты. Эвакуациялық госпитальда жатып емделіп шыққаннан кейін комиссия әскери қызметке жарамсыз деп тауып, 2-топтағы мүгедек ретінде Сәбит Баяшевті үйіне қайтарды.
Майданнан жаралы болып оралған жауынгер ауылында қатардан қалмай, қолынан келгенше еңбек етті. Көп уақыт оздырмай Мәркеш деген қызбен отау құрды.
Сәбит Баяшев өз сөзінде тұрды, 1944 жылы дүниеге келген үлкен ұлына жауынгер жолдасының есімін берді. Сөйтіп, майдангердің отбасында туған тұңғыш бала Борис атанды…
Әке көрген оқ жонар
Қарапайым отбасынан шығып, жасынан оқуға ынталы болған Борис білім баспалдығымен жоғары өрледі. Отан алдындағы әскери міндетін өтеп келгеннен кейін еңбек жолын Петропавлда электржөндеуші болып бастаған ол Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, ғалым-агроном мамандығын алып шықты, сол кездегі заман ағымымен 1981 жылы Алматы жоғары партия мектебін тамамдады.
Борис Сәбитұлы өзі туып-өскен Совет (қазіргі Аққайың) ауданында комсомол комитетінде есеп секторының меңгерушісі, 1971-1975 жылдары Совет аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, “Ленин” кеңшары партия комитетінің хатшысы болып жемісті еңбек етті. Ол осындай жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп ауыл шаруашылығының ілгері басуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсара түсуіне бір кісідей үлес қосып, ел сенімін ақтауға бар күшін жұмсады. Маңдай термен еткен еңбек еленді де. 1985 жылы Совет аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне сайланды, 1992-1994 жылдары Совет аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды.
Борис Сәбитұлы 2002-2005 жылдары Аққайың аудандық ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру жөніндегі басқарманың бастығы қызметіне тағайындалды. Онда да жылдар бойы жинаған мол тәжірибесін кеңінен пайдаланды.
Оның ұзақ жылғы жемісті еңбегі лайықты бағаланып, “Құрмет Белгісі” орденімен, бірнеше медальмен марапатталды.
Азамат бақыты өз бастауын отбасының татулығынан алады емес пе?! Бәкеңнің атына сай Ырысқал атты теңін тауып, шаңырақ құрғандарына 45 жылдан асыпты. Адал сезім мен сыйластықтың арқасында ұл-қыз тәрбиелеп, олардың жоғары білім алып шығуларына, егемен еліміздің беткеұстар азаматтары болуларына барлық жағдайды жасады. Сәуле, Динара есімді қыздары Астанада, ал ұлы Бақытбек әке жолын қуып, Аққайың аудандық мәслихатында қызмет етіп жүр. Бұл күндері келін түсіріп, қыз ұзатып, немере-жиендерінің қуанышына бөленген бақытты ата-әже болып отыр.
Жаны жомарт, дарқан мінезді, кісілігі мол, қалжыңы қатар жүретін Борис Сәбитұлы қазіргі Аққайың ауданының орталығындағы игі шаралардан ардагер ретінде әлі де шет қалып көрген емес. Кейінгі толқынға ақыл-кеңес беруден жалықпай, ардагерлер әлі де сапта екендігін дәлелдеп жүр.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.