Облыс орталығында Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрметті қызметкері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Сапар Дүйсенов тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.
Салтанатты рәсімге өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов, прокуратура органдарының өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары мен марқұмның туған-туысқандары қатысты.
– Сапар Дүйсенұлы майданда Отанымызды абыроймен қорғап, ерлік пен төзімділік танытты. Соғыстан кейінгі жылдары елді қалпына келтіру мен дамытуға белсене қатысты. Сапар Дүйсенов тергеушіден бастап облыс прокурорының бірінші орынбасарына дейінгі жолды жүріп өтті. Мемориалдық тақта – халыққа және заңға адал қызмет еткен тұлғаға көрсетілген құрметтің белгісі, – деді өңір басшысы Ғауез Торсанұлы.
Іс-шараға майдангердің туған-туыстары, балалары да қатысты. Қызы Алтынай Дүйсенова жиналған қауымға алғысын білдіріп, әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».