Жақында облыстық ішкі істер департаментінде полиция қызметкерлері жастардың үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, басқосуда нашақорлықпен күрес мәселесі сөз болды.
Бүгіндері нашақорлықпен күрес басқармасының қызметкерлері “Жастар бастамалары орталығы”, “Жастардың кадр орталығы”, “Ардис”, “Солтүстік Қазақстанның студенттер альянсы”, “Жас Отан” сияқты жастар бірлестіктерімен байланыс орнатып, нашақорлықтың алдын алуда және саламатты өмір салтын қалыптастыруда күш-жігер біріктіруде.
Жиында облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Думан Таев үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне осы қозғалысқа белсенді қатысып жүргендері үшін алғыс білдірді.
Нашақорлықпен күрес басқармасы осы ұйымдармен бірлесе қимылдай отырып, жыл басынан бері осы кеселдің алдын алуға арналған 300-ден аса шара өткізді. Облыстық нашақорлықпен күрес орталығының деректеріне қарағанда, бүгіндері онда кәмелетке толмаған 13 нашақор есепте тұр.
Есірткіні шамадан тыс қолданған 11 адам осы себептен көз жұмғанын айта кету артық емес. Олар – 31-63 жас аралығындағы нашақорлар.
Тоғыз айдың ішінде қоғамдық орындарда есірткіге бой алдырғандарды ұстауда 47 оқиға тіркелді. Осылардың тоғызы кәмелетке толмағандар болып шықты.
Аталған жиынға қатысқан облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлері де қаралып отырған мәселеге байланысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің аға инспекторы.