Облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының мамандары “Біз өмірді таңдаймыз!” атты акция ұйымдастырды. Шараға он үш ауданның және Петропавл қаласының бастамашыл, шығармашыл жастары қатысты. Олар өрмекшінің торындай адам санасын улап жатқан есірткімен күресудің тиімді жолдарын айтып, өз ойларын ортаға салды.
Шарада сөз алған аталмыш басқарма бастығы, подполковник Сейілхан Жұмағұлов:
– Есірткі және есірткі саудасы елімізді ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндіруде. Әсіресе, бұғанасы бекімеген жастар оған тез еліктегіш келеді. Жастар еліміздің жарқын болашағы десек, кемел келешегіміздің тамырына балта шабатын есірткімен күресу – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді.
Содан кейін қатысушыларға облыстық ішкі істер департаменті кинологиялық орталығының ізкесуші иттерінің есірткі іздеудегі әдістері көрсетілді.
Акция барысында өңір өрендерінің есірткісіз болашақ тақырыбында құрастырған бейнероликтері де сараланып, айыртаулық Жасұлан Бектен үздік деп танылды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.