Соңғы уақыттарда осы бір оқиға ойымнан шықпай, қолыма қалам алуға итермелей берді. Айдардың тақырыбын да толғандым. “… етінің кірі – дәулеті” деген кеше болып, бүгін жұрнағы да қалмаған байлықты ұқтырады ғой. Соған орай ой желісі де тарқатылды.
Сонымен, ой желісі тарқатылды. Оның соқпағы мына оқиғадан басталады.
Осыдан біраз жылдар бұрын Алматыда болған едім. Жастық дәуренім – студенттік күндерім өткен, одан кейін, сәл уақыт болса да, қызмет еткен Алматы мен үшін де ардақты, ыстық.
Мұнда менің аяулы туыстарым, ет жақын ағайындарым ғұмыр кешті, олардың ұрпақтары бүгін де түтін түтетуде.
Өмірден озғанның бірі – нағашым, марқұм Зейнел-Ғабиден Қостангелдіұлы. Оның Морис Торез көшесіндегі үш бөлмелі пәтерінде үлкен қызы тұратын. Жеңгеміз де фәнилік сапарға аттанған. Сонда да, төбе көрсету салтымен дәм татып шыққанмын.
Нағашым – майдангер, подполковник шені бар, дивизияның техникалық жарақтануына жауапты қызмет атқарған.
Ульяновск қаласында ұзақ уақыт әскери училищеде сабақ беріп, Алматыға келіп қоныстанғанда осындағы Демьян Бедный атындағы үлкен автотресті басқарды, бірнеше мәрте қалалық кеңестің депутаты болып сайланды.
Ірі қызмет атқарса да, ол әскери тәртіптің адамы болды. Асылық айтпады, өте ыждағатты, сөзінің туын жықпайтын, екі сөйлемейтін, басы артық мүкәммалға көз салмаған, өзінің отбасына жетерлік қана тірлікті қанағат тұтқан жан еді. Сәбеңнің жерлесі, інісі іспетті әрі оның досы Әбдірахман Айсариннің балдызы болғандықтан, ұлы жазушымен жиі араласып тұрды. Өмірлік таным-пайымына осы Сәбеңнің де көп ықпалы болды-ау деп топшылаймын қазір.
Автотрест басшысы – ірі қызмет. Астында – жұмыс көлігі. Алайда, туысым деп тігісін жатқызғаным емес, соған қарамастан нағашым ас та төк тұрмыстан бойын аулақ ұстап, рақыммен, қанағатпен ғұмыр кешті.
…Менің айтпағым әсте де бұл еместі. Бірақ оқиғаның желісі әңгімені осыдан бастауды нұсқады.
…Алматыдан Қызылжарға шығатын күні аттандырып салуға вокзалға бірге келген інішектің бірі:
– Аға, қолына сыпырғыш ұстаған ана жігіт сізден көзін алмай, манадан бері бақылап тұр. Сұрқы жаман екен. Байқаңыз, бір қырсығы тиіп жүрмесін. Мұндай алаяқтардан аяқ алып жүре алмайсыз , – деді де, ана жігітке қыр көрсетіп, қуып жіберуге оқтала берді.
– Мейлі, қарай берсін. Не қылар дейсің? – деп, жайбарақат, пойыз аттанар сағатты күтіп отыра бергенімде әлгі жігіт сыпырғышын сүйреткен қалпы жақындап келіп, қазақша екі сөздің басын зорға қосып былдырлай бастады.
– Әне, бұлар сөйтіп бастап, үйіріп алады, – деді інішек.
– Аға, байқаңыз!
Мен де жігіттің тұла бойына көз салдым. Шырамыттым. Сәл ойланып барып, есіме түсірдім. Нағашымның көршісінің баласы. Миллион тұрғыны бар Алматының вокзалында осылайша аяқастынан жолыққан, Морис Торез көшесіндегі үйдің үшінші қабатында тұрған дөкейдің еркетотай баласы елестей кетті. Қолындағы сыпырғышы оның мүсәпір күйге түскенін айнытпай аңғартып тұр. Сонда қалай?! Аспандағы Ай мен жұлдыздарды қолға ұстағандай байшыкештің баласын мынадай бейбақ күйге түсірген қандай зобалаң екен?
… Оның әкесі де, шешесі де сауда-саттықтың биігінде, өзгелерге асқардан ғана қарағандар еді. Әдетте, ондайлар тура есіктен емес, бүйірден енетіндермен сыбайлас қой. Шырқы қалай бұзылған десеңші?!
Жігіттің есімі жадымда қалмапты. Менің студент кезімде бұл бозбала болатын. Үйінде бұдан ересек қыз және әке-шешесі нағашымның пәтеріне қарсы мекенде тұрды. Олардікі – төрт бөлмелі кең пәтер. Әкесі – бір базардың бастығы, шешесі – үлкен киім-кешек дүкенінің тізгінін ұстаған. Бір сөзбен қайырғанда, бұл үйде жылқының өтінен, құстың сүтінен басқаның бәрі болды.
Екі үй күтуші әйелдің бірі асқа, екіншісі күн сайынғы тазалыққа жауапты екенін білетінмін. Неше түрлі төсекорынды, кілем-төсеніштерді сыртқа алып шығып, қағып-сілкіп жататынын талай көргенмін. Мұнымен әке-шешесі де, қыз бен ұл да айналыспады. Азық-түлікті жүргізуші ұйғыр жігіті үнемі үйіп-төгіп жеткізіп, үшінші қабаттағы үлкен төрт бөлмелі пәтерге тасып жүретіні де жадымда.
Бір сөзбен қайырғанда, әке-шеше де, екі бала да нағыз тоғышардың тірлігімен ғұмыр кешті.
Нағашымның арқасында осы үйде шақырыста да болғанмын. Нағашым өз үйінен аса шыға бермейтін. Көбіне, жерлес, інісі іспетті ғалыммен және Шамалғандағы әскери қызметтес досымен жиі араласатын. Көрші үйден дәм татуға құлықты еместі. Бойын аулақ ұстады олардан. Кейде мені бірге шақырған соң екі-үш мәрте бас сұққанмын. Нағашымның үйінде көршісінікіндей былайғы адамдардың түсіне де кірмейтін жиһаздардың, алтын-күміс ыдыс-аяқтардың жұрнағы да жоқ.
Не керек, әлгілер құдай емес, құдайдан былай да емес. Бірде еруліге қарулы жасап, нағашым оларды дәмге шақырды. Байқаймын, көршінің әйелі мұрнын шүйіріп зорға отыр. Бір сәтте ол үйіне шығып кетті. Нағашым көршімен оңаша қалды. Жасының үлкендігін алға тартты ма екен, ол анаған ақыл айта келіп:
– Мәңгілік ғұмыр жоқ қой. Балаларыңды еңбекпен тәрбиелеу керек. Өз нанын өзі тауып жеуі жөн. Мысалы, сендердің саяжайларың бар ғой. Меніңше, біреу емес. Соған апарып жұмыс істетпейсің бе? Әйтпесе, жұмысшыларың баптайды, жеміс-жидегіңді суарады, жинап әкеледі. Базардан тасисың. Соның дұрыс па?
– Зәке! Ол болмайды ғой. Баланы қинап соншама не көрініпті?!
Нағашым “Әңгіме тамам!” дегендей, сырт айналды. Көршісі үйіне кетті.
… Осы бала он бес жасар кезінде ауруханаға түскенде шешесі ақылы палатада қатар жатып емдеткен. Сол жасқа келгенде де әкесі ұлын қолынан тамақтандыратынын естігем.
Қысқасы, өмірде ештеңеге икемсіз, өз азығын өзі тауып жеуге дәрменсіз ұл-қыз өсті.
Өмірден әкесі де, шешесі де өткенін айтып отыр енді. Барлық байлық көзден бұлбұл ұшқан. Әпкесі мен жездесі араққа салынып, әбден азғындаған. Пәтер сатылып кеткен, жиһаздар да сол кепті киген. Мына ұлдың өзі де сол екеуімен бірге әрекет еткен. Қысқа қайырғанда, баяғы бір қауым елге азық боларлық байлықтың жұрнағы да қалмаған! “Дәулет – еттің кірі!” деген осы. Жуылған да жоқ болған…
…Пойыз Қызылжарға аттанып кетті. Перрондағы көпшіліктің арасында қолына сүйреткен сыпырғышын ұстап, алақанында менен қалап алған азын-аулақ қаражатын уыстаған бейбақ, өмірдің кембағалы, екі иығы қушиып мен кірген вагонға телміріп қала берді…
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.