«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҚЫҰ ӨКІЛІ – ПЕТРОПАВЛДА

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізге жұмыс сапарымен келген Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Ламберто Заньерді қабылдады.

Кездесу барысында тараптар өңіріміздегі қоғамдық-саяси ахуал, оның ішінде, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
– Ел аузында “Бірлік бар жерде тірлік бар” деген нақыл сөз бар. Бұл – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның басты қағидасына айналды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында да бұл мәселеге көп көңіл бөлді. Ұлттық тұтастық халықтар арасындағы келісімге негізделеді. Осы орайда, мемлекеттің дамуына жас азаматтарды көптеп тартуға, олардың белсенділігін арттыруға бағытталған жастар саясатының жаңа қағидаттарына ерекше мән берілуде, – деді Құмар Іргебайұлы.
Ұлтаралық келісімнің бірегей қазақстандық моделінің маңыздылығына тоқталған өңір басшысы бүгінде Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен бірлік еліміздің тұрақтылығы мен дамуының негізі екенін атап айтты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Бүгінде бірегей институттың арқасында елімізде 100-ден астам этнос пен 18 діни конфессия өкілі бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде.
Өз кезегінде Ламберто Заньер мемлекеттің ұлт бірлігін нығайту, әртүрлі этностық топтардың тілдерін дамыту бағытында атқарылып жатқан этносаралық және дінаралық келісімнің қазақстандық моделін жоғары бағалады.
Кездесу соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Құрметті қонаққа ақ қайыңның қабығына Қызылжар өңірінің әсем табиғаты бейнеленген сурет пен Айыртау ауданындағы “Ботай” қонысы туралы кітапты сыйға тартты.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp