«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ЖЕТІ АДАМҒА облыстың құрметті азаматы атағы берілді

Дүйсенбі күні облыс әкімі Серік Біләлов өңіріміздің өркендеуіне өз үлестерін қосқан және осы жолда еңбек етіп жүрген жеті адамға “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағын берді.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

– Осы бір құрметті атақты тапсыру еліміздің Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында өтуінде үлкен мән бар. Біз Қазақстанның тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерімен, қол жеткізген толағай табыстарымен мақтанамыз. Бұл жолда сіздердің әрқайсысыларыңыздың қосқан үлестеріңіз зор. Еліміздің, өңіріміздің дамуы үшін қажымай абыройлы еңбек еттіңіздер, – деді облыс әкімі Серік Біләлов.

 

Еңбектері ел алдында еленген аға буынның қатарында еңбек ардагерлері Болат Сағындықов, Құдайберген Қалиев, Евгений Викторов болса, орта буыннан “Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС-нің директоры Қанат Мыңжасов, кардиологиялық орталықтың қарқынды терапия блогының меңгерушісі Михаил Телюк, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ақселеу” ЖШС-нің директоры Серік Малаев, Мағжан Жұмабаев ауданындағы “ЖНВ” ЖШС-нің директоры Николай Жигалов бар.

Осы орайда Қызылжар ауданының ардагері Болат Сағындықов өздерінің әлі де болса өңірдің өрлеуі, әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін еңбек етуге әзір екендіктерін жеткізіп, бүгінгі алып жатқан атақтары оларды қанаттандырғанын айтты. Ал олардың ізін жалғастырып келе жатқан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ақселеу” ЖШС-нің директоры Серік Малаев Елбасының сындарлы саясатын қолдай отыра, жергілікті жерде оны жүзеге асыруға әзір екендіктерін жеткізді. Үстіміздегі жылы аталмыш ЖШС жоспардағы 100 бастың орнына етті ірі қараның екі жүзін әкелген еді.

Осылай еңбегімен ерекшеленіп, елдің назарына ілінген ел ағалары марапаттау салтанатынан кейін облыс әкімі Серік Біләловпен естелік суретке түсті.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp