Целиноград ауыл шаруашылығы институтын жерге орналастырушы мамандығы бойынша тамамдаған Ғабдолғазиз Есқалиев “Целингипрозем” институтының облыстық филиалында 32 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Бұл күндері ол жер құжаттарын әзірлеумен айналысатын құрылымды басқарады. Қарамағында 30-ға жуық қызметкер бар. Әріптестері демалыс күндерімен де санаспай жұмыс істей беретін Ғабдуды (ауылдастары осылай атайды) “еңбек торысы” деп атайды. Бұл тегіннен-тегін беріле салған баға емес сияқты. Бір туған бауырларының айтуына қарағанда, ұстаз отбасында тәлімді тәрбие көрген Ғабдолғазиз Шалабайұлы еңбекқорлықты жас кезінен серік еткен көрінеді.
– 1964 жылы 34 жастағы Нағима анамыз қатты сырқаттанып, ауруханада айлап жатуға тура келді. Әкеміз Шалабай – ауылдағы бастауыш мектептің меңгерушісі. Үйдегі үлкен балалардың бірі – Петропавлда, бірі Еңбек ауылында оқиды. Төртінші сыныпты бітірген Ғабду көрші Бұлақ ауылындағы орта мектепке барып, сонда оқуын жалғастыруға тиіс болатын. Жаңа оқу жылы таянғанда әкеміз қатты сасайын деді. Содан бірде әкеміз: “Төртінші сыныпты қайталап оқысаң қайтеді? Бір жылдай іні-қарындастарыңа қарайласып тұрсаң, мамаң да жазылып қалар”, – деп Ғабдумен ақылдасты. Ғабду бірден келісті. Сөйтіп, барлық үй шаруасы: мал жайлау, тамақ пісіру, киім-кешектерді әзірлеу, үйді таза ұстау оның міндетіне айналды. Сабақты да жақсы оқыды. Келесі жылы анамыз аурудан құлан-таза айығып шықты, – дейді Ғабеңнің тетелес інісі Өмір Шалабайұлы.
Ол жас кезінде футбол ойнаумен әуестеніпті. Ауылда бірге өскен Темірғали – №1, ал Ғабду №2 қақпашы атаныпты. Бұлақ орта мектебінде оқып жүргенде шахмат, дойбыдан аудандық, облыстық жарыстарға қатысыпты. Оның бұл қасиеті әкесінен жұққан екен. Оның жазуға, сызуға әуестігі мектепте жүргенде қалыптасыпты. Жетінші сыныпта оқып жүрген кезінен бастап облыстық “Ленин туы” газетіне мақала жазып та тұрыпты. Оларының біразы газетке жарияланыпты да. Соған орай сөз қадірін түсінетін әкесі Шалабай ақсақал Ғабду журналист болады дейді екен. Бірақ мінезі тұйық, тынымы жоқ, керісінше тындырымы көп Ғабдолғазиз қазақ балалары сирек баратын жерге орналастырушы мамандығын таңдапты.
Институтты 1977 жылы аяқтаған жас маман еңбек жолын жолдама бойынша Ақтөбе облысындағы Комсомол аудандық ауыл шаруашылығы басқармасынан бастап, сонда 5 жыл қызмет атқарыпты. Болашақ жары Айманмен сонда дәм-тұзы жарасыпты.
1982 жылы “Целингипрозем” институтының облыстық филиалына бас маман болып қабылданған Ғабдулғазиз Шалабайұлы мекеменің аты қанша ауысса да, таңдап алған кәсібіне деген адалдығынан бір де айныған жоқ. Уақыттың қандай қиын кезеңдерінде де атқарып жүрген жұмысын басқа кәсіпке айырбастамады. 2000 жылы аудандардың қосылуына және шаруа қожалықтарының меншік иелігіне орай жерге орналастыру құжаттарын әзірлеуге байланысты атқарылатын жұмыстар көбейген шақта филиал басшылығы білікті маманға зор сенім білдіріп, жауапты бөлімнің басшылығына жоғарылатты. Содан бері осы қызметті ұжымымен бірге абыройлы атқарып келеді. Жұмысқа деген ұқыптылық, ыждаһаттылық, уақытпен санаспай еңбек ету – біз білетін Ғабеңнің бала күнінен бойына сіңген қасиет. Қарауындағылардан да соны талап етеді.
Бұл күндері алпыс жастың асқаралы асуына адал еңбегімен иек артып отырған Ғабду жан жары Айманмен бірге ұл-қыз өсіріп, ұлттық тәрбие берді, қалаған мамандықтарын алуларына жағдай жасады. Бұл күндері “ата” атанып отырғанымен, күнделікті көзі үйренген еңбегінен қалғысы келмейді. Таңертең ерте Интернационал көшесіндегі туған үйіндей болып кеткен мекемесіне жұмысынан қалып қоятындай, асығып бара жатады. Күнде солай…
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.