«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКТІҢ ДӘМІН ЕРТЕ ТАТҚАН

“Қарты бар елдің қазынасы бар” дегендей, өткен заман белестерін білгің келсе, қарт-қариялардан сұраудың жөні бар. Көпті көрген олардың санасына түйгені де мол. Ақсақалдарымыздың өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдары – ұрпақ үшін үлкен қажеттілік. Бір сөзбен айтсақ, қарт-қариялардың отырған жері – ырыс-береке, ақыл-кеңес.

“Өткен менен кеткенді көп жасаған қарт білер” демекші, кешегі соғыс жылдарында, сонау ел басына қиын-қыстау күн туып, ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен аласапыран уақытта халықтың бейбіт заманда өмір сүруі үшін бастарын қиындыққа тігіп, өлім мен өмірдің ортасында жүріп, елін, жерін, тілін, дінін, салт-дәстүрін болашаққа мұра еткен ата-бабалардың алдында барша ұрпақ қарыздар. Біз қарттарын құрметтеп, ардагерлерін ардақтаған елдің баласымыз. Бүгінгі жас – ертеңгі қария. Мұны әрбір қазақ азаматы жадында сақтап, көңілге түйгені жөн. Атасыз үйдің батасыз, анасыз үйдің панасыз қалатынын есте сақтағаны дұрыс.

Осындай ардақтыларымыздың бірі – Мортық ауылының тұрғыны, тыл еңбеккері Сағит Айтжанов ақсақал. Сағит Жүнісұлы 1937 жылы Ресейдің Омбы облысының Азов ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келіп, тіршіліктің ауыр тауқыметін тартқанын: “Е, қазіргі балалар бақытты ғой. Бізді анамыздың басымыздан сипап, маңдайымыздан иіскейтін де уақыты болмайтын”, – деп еске алады. Соғыс басталып, әкесі майданға аттанғанда Сағит ақсақалдың үлкен ағасы – 11 жаста, ортаншы ағасы – 6 жаста, өзі 4 жаста ғана болыпты. Жұбайы соғысқа кетіп, үш баламен қалған анасы күндіз кеңшар жұмысын, түнде үй шаруасын істеп, тыным таппайтыны есінде қалыпты.

Сұрапыл жылдар ызғары оның да балалық өміріне әсер етіп, ерте есейген ол сегіз жасында кеңшардың жұмысына араласады. Арамшөп жұлу, масақ теру, картоп жинау сияқты шаруалар сол күннен таныс. Оқуға ынталы, зерек бала заманның қиыншылығына қарамастан, жетіжылдық орта мектепті де жақсы бітіреді. Десек те, соғыс жылдарында жалаң аяқ, жалаң бас егіс даласында жүрген кездер денсаулыққа кесірін тигізсе керек, аурушаң болып, жоғары оқу орнына бара алмайды. Майдан даласынан аман-есен оралған әкесі білімді кадр тапшылығына байланысты екі бірдей кеңшарда есепші қызметін атқарыпты. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында Сағит ақсақалдың отбасы Молотов атындағы кеңшарға қоныс аударады. Еңбектің дәмін ерте татқан Сағит Жүнісұлы қарап отырмай, колхоз қамбасында таразышы болып еңбек етеді. Сол жылдары құрылыс бөліміне ауысқан Сағит ақсақалды бүгінгі Мортық ауылының қазығын қаққан алғашқы құрылысшылардың бірі деп мақтан етеміз. “Бұл ауылдағы әр үйдің құрылысында менің де қолтаңбам бар”, – дейді ол.

– Еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет атанған жылдары жұмыссыз қалып, абдырап қалған да кезіміз болды. Қазір еліміз көркейіп, гүлденіп келеді. Зейнетақы, еңбекақы уақтылы беріледі. Уайым жоқ. Бәрі жақсы, – деп өмірге тәубесін де айтып отырады.

Құдай қосқан қосағы Ханшайым апайымызбен бір ұл мен төрт қызды өсіріп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан үш немере мен тоғыз жиен сүйіп отыр. Ол өз балаларына ғана емес, алдына келген жасы кішінің барлығына ақылын айтып, батасын беруден жалықпайды. Сөзі орынды, мінезі салмақты саналы қартты ортасы да құрметтеп, ардақтайды.

Сарман АЯЗБЕКОВ,

Кішкенекөл ауылының тұрғыны.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp