– Гюлага Маисоглы, Сіз үшін Қазақстанның қадір-қасиеті қандай? Бұл елді тіршілік ортасы, табыс көзі деп бағалайсыз ба, әлде?..
– Қазақстан – менің екінші Отаным. Қазақстанға қоныс аудару шешімін қабылдаған кезде бұл елге деген үлкен сүйіспеншілік болғантын. Кәсіпкерлікке қадам басқан шақта бойымды патриоттық сезім биледі. Осылайша Қазақстанда өмір сүріп жатқаныма 30 жылдан асты. Бұл жерде менің отбасым, достарым және сүйікті кәсібім бар. Сондай-ақ, әлемдік аренада жеңістерімен Қазақстанның көк туын желбіретіп жүрген балаларым бар. Сондықтан қазақ топырағында болып жатқан әр өзгерісті, әр жетістікті жүрегіммен қабылдаймын. Қазақ пен әзірбайжан – маған бірдей бауыр. Біреуі менің атажұртым болса, екіншісі – алты баламның кіндік қаны тамған, баршасының білім мен тәрбие алған Отаны. Қазақ жерінде шаңырағымды берік еттім, әкелік және азаматтық міндеттерімді орындап жүрмін. Сондықтан мен Қазақстан туралы жылы сөз айтсам, қуанғаным, батыра айтсам, жанымның ашығандығы. Қазақстан – бейбітшілік пен ынтымақтың бесігі. Қазақстан – ойы жүйрік Елбасы, ұлан-байтақ жері, қойнауы толы қазынасы, мейірімді де жомарт халқы бар мемлекет. Жылдан-жылға мәртебеміз асып, шетелдермен экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланыс орнатып жатқанымызға баршамыз куәміз, бірақ Қазақ елі бұдан да үлкен жетістіктерге лайық.
– Ендеше, бүгінгі кәсіпкерлік және жалпы қоғам жайындағы ойыңызды ортаға сала отырыңыз. Сіз басқаратын “Наурыз – 2030” ЖШС 2009-2015 жылдары индустриялық-инновациялық жоба бойынша жаңғыртылуға тиісті кәсіпорындардың қатарында болатын. Оның бүгінгі жайы қалай?
– Шаруашылықтың бағыты айқын болғанымен, материалдық ахуалымыз бен мүмкіндігіміз оған сәйкес келмегендіктен, “Тобыл” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен шартқа отырдық. Алайда, бұл қадам кәсіпорынның күткен сенімін ақтамады. Мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау негізінде құрылған ұйымның діттеген мақсаты оны жүзеге асыру кезіндегі адами факторлардың ықпалымен оң нәтижесін бермеді. Елімізде көптеген жоспарлы әрекеттер осындайдан орта жолда қалып жүр. Аталмыш ұйымның біздің кәсіпорынмен қалай жұмыс істегенін, соңында құрғақ шөппен ауыз сүрткенімізді қазір еске алғым келмейді. Бүгінгі кәсіпкерлер палатасы шын мәнінде кәсіпкерлікті қорғайтын, қолдайтын ұйым болса екен деген тілегім бар. Мен кәсіпорынды өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы қиын кезеңде шамам жеткенінше сақтап қалдым. Ол жылдардағы қаржы тапшылығы көпшілікке белгілі. Ал қазір заман түзелді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қаржылай қолдау кәсіпкерлікке тиімді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ел экономикасын дамыту үшін негізгі тетікті шағын және орта кәсіпкерлікке беріп отыр. Қай шаруаның болсын қалыптасуына уақыт керек. Біз сияқты кәсіпорындар мемлекеттің қамқорлығынсыз аяғынан тік тұрып кетуі неғайбіл. Өз қуаттылығымызды көрсететін кезеңнің әлі алда екендігіне сенімімізді жоғалтқан жоқпыз. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның бізге несие қаржысын бермек ниетін екі жыл тоссақ та, 2015 жылы оның толық шешілетініне көз жеткізіп отырғандаймыз. Қаржы табылып, жұмыс жаңғыртылса ғана өнімділікті арттыра аламыз. Бүгіннің өзінде біздің өнімге сұраныс жоғары. Астана, Көкшетау қалалары, Ресейдің жақын өңірлері мол тапсырыс беруге дайын. Ол үшін тауардың көлемін ұлғайту керек. Біз тек көктем мен жаз айларында ғана жұмыс істемей, жақсы материалдық жағдаймен жыл он екі ай бойы еңбектенсек қана діттеген ойымызға жетеміз. “Наурыз – 2030” жылы-жайында ашық топырақта жылына жалпы көлемі 3 мың тонна болатын қияр, қызанақ, орамжапырақ, сәбіз, өзге де көкөніс және картоп өсіріледі. Бүгінгі көлем, әрине, аздық жасайды.
– Сіздің сөзіңіздің астарында кәсіпкерлікке қолдау керек деген ой жатқан сияқты?
– Әлбетте билік те, кәсіпкерлік субъектілер де ел үшін, жұрт үшін, мемлекеттің экономикасын арттыру үшін жұмыс істейтін орта. Билікті ұстаған адамның оптимистік көзқарасы көп нәрсені шешеді. Мен кәсіпкерлікке араласқаннан бері өңірімізді сегіз әкім басқарды. Олардың әрқайсысының облысқа сіңірген еңбегі көз алдымда. Бүгінгі жергілікті биліктің жұмысы көңіліме жағады. Қала ішінде де, өңір аумағында да экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамудың серпінді көріністері аңғарыла бастады. Биылғы жарты жылда қаншама жобаның қолға алынғанын көріп, қуануға болады. Әрине, бүгінгі өңір басшысының облыстың өркендеуіне қандай із қалдыратыны – уақыт еншісінде. Осыған дейін маған ұнамаған бір әрекет – билік басындағылар ауысқан кезде жаңа басшылардың бұрынғы әріптестерінің ісін жалғастыруға онша көңіл аудармағандықтары. Мұндай көзқарас қоғамға үлкен кесірін тигізеді.
– Орта және шағын кәсіпкерлікке мораторий жарияланғаннан бері тексерістерден көзіңіз ашылған болар?
– Мен бұған дейін де тексерістерден қорыққан емеспін, қорықпаймын да. Өзіне сыйлы орта қалыптастыруды ойлайтын кәсіпкер заңға қайшы әрекеттерге бармайды. Сондықтан кім тексерсе де, үрейленуге себеп жоқ. Иә, бұрынғыдай сабылып келе беретіндердің қатары азайған. Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлікті қолдау үшін оның субъектілерімен жиі кездесіп, Үкіметке өз нұсқауларын беріп жатады. Биыл тамыз айында Президент Алматыда болғанда кәсіпкерлікке қатысты қаншама мәселені көтерді. Мемлекет орта және шағын кәсіпкерлікке үлкен қолдау көрсетуге дайын. Алайда, сол мемлекеттік қордан бөлінген несиені алу қиындап кетті. Мемлекеттік қаржыны алу үшін кейбір шенеуніктердің үлес дәме ететінін білеміз. Мен ешкімге пара беріп, несие алған емеспін, алмаймын да.
– Сіз басқарып отырған кәсіпорынның өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін қалай бағалайсыз?
– Қазақстандықтар бай елде тұрса да, мүмкіндіктерін қалт жібермеуге ендіенді ғана үйреніп келе жатқандай. Сырттан әкелінетін сапасы төмен тауарлардан көзіміз енді ашыла бастады. Алайда, елдегі технологиялық үдеріс баяу жылжып, өнімділікті арттыру тежеп отыр. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде өсетін жеміс-жидектермен-ақ елімізді толығымен қамтамасыз етуге болар еді. Бүгінгі нарықта отандық өнімдер өте аз. Біздің кәсіпорын өңір нарығының 20 пайызын ғана өз өнімімен қамтамасыз ете алады. Аграрлы, жері құнарлы өлкенің кәсіпкері үшін нарықтың 20 пайызын қамту аз. Біздің өңірде өсірілген көкөністердің, мал етінің дәмі неге ерекше болады? Бұл – жердің құнарлылығынан. Солтүстік өңірде қыс айларында барлық жәндіктер өліп, алты ай бойы қардың астында жатқан жер жаңарады. Осыдан кейін таза топырақ тәтті жемістерін береді. Ал ұзақ мерзім сақталып, шетелдерден жеткізілетін көкөністердің пайдасына ойлана қарағанымыз жөн. Жеміс-жидек, көкөністі өсіру үшін жағдай жасалуы керек. Ал жақсы жағдайға ұтымды технология мен техникалық жабдықтар қажет.
– Қайырымдылыққа қалай қарайсыз?
– Кәсібіміз жақсы жүріп жатса, қоғамның әлжуаз топтарына, жалпыға ортақ шараларға қол ұшыңды бергенге не жетсін?! Бірін-бірі қолдаған елде ғана тірлік пен бірлік болады. Біздің қайырымдылық ниетпен жасаған қадамдарымыз жетерлік, оған жеке-жеке тоқталып, уақытты созбай-ақ қояйын. Маған облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Мағжан Жұмабаев көшесінде өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің биылғы үлгісі ұнады. Мұндай жалпыға ортақ шара бұған дейін де болып жүрген, бірақ жылына 1-2 мәрте ғана өткізілетін. Ал биыл тамыз, қыркүйек айларының әр сенбісінде жұрт сол жаққа қарай сабылды. Бізді оған ешкім мәжбүрлеген жоқ. Әкімдіктің белгілеген бағасына келісіп, саудаға шықтық. Халық келеді. Яғни, қажеттілік бар. Мейлі, ол күндері біз көтерме саудамен 130 теңгеге сатылатын қиярды 80 теңгеден сатсақ та. Әрине, бұл біз үшін шығын, бірақ жағымды шығын. Осындай халықтық маңызы бар шара көңілге қонады. Мұндай шығыннан ешбір кәсіпорынның еңсесі түспейді. Керісінше, жұрттың ақ батасымен көгереді.
– Іскер азамат ретінде марапатқа ие болдыңыз ба?
– Төрт шақырылымда үзіліссіз облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып келемін. Халық қалаулысы атану – мен үшін үлкен абырой. Ал байқауларға қатысып, өзімнің беделімді көтергеннен гөрі, нарықтағы сұраныстың көбеюімен бағамды арттырғаным дұрыс болар. Оның мәнісі мынада. Осыдан бірнеше жыл бұрын республикалық байқауға қатыстым. Сайыстың ережесі бойынша менің көрсеткіштерім жақсы болса керек, ұйымдастырушылардың бірі келіп маған: “Сіз ренжімесеңіз, бірінші орынды қызылордалық кәсіпкерге берсек дейміз. Ол жасы келген адам, сіз әлі жассыз. Талай байқаудан жүйрік шығарыңыз сөзсіз”, – деді. Мен таңырқай қарап: “Мен үшін жеңіс басты мақсат емес. Өздеріңіз біліңіздер”, – дедім. Осыдан кейін байқауларға қатысуды қойдым. “Құрмет” орденіне ұсынылып, артынан бюрократтық көзқарастың кесірінен алмай қалған кезде де өкінген жоқпын. Жалпы еңбегіме бағаны халық беріп жатса, мен үшін одан асқан құрмет жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.