Азаматтардың денсаулықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырып, жүйелі қамтамасыз ету мәселесі бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан жыл басынан бері облысымызда жетпіске жуық қайғылы оқиға орын алыпты. Осы және өзге де бірқатар маңызды мәселелер кеше облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында әңгімеге арқау болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласында жаңғырту үдерістері азаматтар белсенділігінің күшеюімен, шығармашылық әлеуетінің ашылуымен қатар жүретінін, соған орай құқықтары мен бостандықтарын қорғауға деген ұмтылыстары артатынын, қоғамның өзін-өзі ұйымдастыру дәрежесі жоғарылайтынын атап көрсеткен болатын. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Пішенбаев өңірімізде еңбек заңнамасы талаптарының орындалу барысымен таныстырды. Үстіміздегі жылдың он айында 511 кәсіпорынға тексеріс жүргізіліп, 1577 еңбек заңнамасының бұзылғаны тіркеліпті. 316 лауазымды және заңды тұлғаға 48,4 миллион теңге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мәжбүрлеп орындату жөнінде қырыққа жуық шешім қабылданыпты. “Әлеуметтік еңбек даулары еңбекақының уақытында төленбеуінен туындап отыр”, – деген Қайрат Сәкенұлы бүгінде кәсіпорындардың 411 қызметкер алдында жалпы сомасы 68,5 миллион теңгені құрайтын қарызы бар екендігін тілге тиек етті. Қызметкерлер өздерінің құқықтарын жақсы білгенімен, оларды тәжірибенің аздығы, белсенділіктің төмендігі салдарынан қорғай алмай, түрлі кедергілерге тап болып жататындығын да бүгіп қалмады. Отырыста еңбекақы бойынша қызметкерлерінің алдында берешегі бар бірқатар кәсіпорын басшылары да төбе көрсетті. Ақжар ауданындағы “Ақжар целина” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Совет Хаирнасов, Тайынша ауданында орналасқан “Ақжар” кәсіпорнының басшысы Ғабдусалям Бижанов жұмысшылары алдындағы берешектерін желтоқсанның жиырма бесінші жұлдызына дейін толық өтеуге уәде етті. Мұндай дау-жанжалдардың ақыры өндірістік үдерістердің тежелуі, кәсіпорынның банкроттыққа ұшырауы сияқты келеңсіз жайттарға әкеліп соқтыруы мүмкін екендігі де айтылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова баяндады. Шолпан Таңатқызы мектепке дейінгі мекемелердің жаңа сипатта дамуына сара жол салған “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымызда жүзеге асырылған бірқатар игілікті істерді тілге тиек етті. Бүгінде облысымызда 546 мектепке дейінгі ұйым бар. 78 балабақшада, 1 мектеп-балабақша кешенінде, 467 шағын орталықта 228 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 21 мектепке дейінгі ұйым жемісті қызмет атқаруда. Алайда, өңір бүлдіршіндерін мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен қамту мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. 2017 жылы облыс орталығындағы “Орман” шағынауданында 140 орындық балабақшаның құрылысы басталмақ. Одан өзге Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында да балабақша бой көтермек. Облыстық құрылыс басқармасы 2017-2018 жылдары салынатын 4 көпқабатты тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында 300 орындық шағын орталық ашуды жоспарлап отыр. Осылайша, 2019 жылы үш жастан алты жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі білім және тәрбие берумен толық қамтамасыз етілетін болады.
Қоғамдық кеңестің отырысында облысымыздың 2017-2019 жылдарға арналған бюджеті талқыланды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов келер жылы облыс бюджеті 156 млрд. теңгені құрайтындығын жеткізді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.