Соңғы бес жыл ішінде облысымызда 34 ауыл таратылып, жұрты ғана қалған. Соңғы дерек бойынша, өңірдегі 664 ауылда 314,8 мың адам тұрып жатқанға ұқсайды. Бұл елді мекендердің 160-ы әлеуеті жоғары, 482-сі орташа деп танылған. Ал әлеуеті төмен 22 ауылдың тағдыры қыл үстінде, еліміздің картасынан сызылуға жақын тұр.
Жұмыс көзі жоқ бұл ауылдардың бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Малы барлар ғана әупірімдеп жандарын бақса, өзгесі күнкөрістің қамы үшін өскен ортасын тастап кетуге мәжбүр.
Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауын тұрғындарға түсіндіру мақсатында өңірімізге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова келген болатын. Солтүстікқазақстандықтармен кездескен астаналық мейман облысымызда 2021 жылға дейін болашағы жоқ деп танылған бірқатар ауылдардың тұрғындарын өмір сүруге қолайлы басқа елді мекендерге көшіру қажеттігін айтқан еді.
Үстіміздегі жылы өңірлерді дамыту бағдарламасының жаңартылуына байланысты тек болашағы бар ауылдарға әлеуметтік нысандар құрылысын, жол салу, су құбырларын тарту және тағы басқа жұмыстар жүргізу үшін қаржы бөлінетін болады. Облыстық экономика басқармасы ауылдық аумақтарды дамыту бөлімінің басшысы Жанар Ахмиеваның айтуынша, облыс пен ауданның жергілікті атқарушы органдары елді мекендерге әлеуметтік-экономикалық дамыту мониторингін жүргізіп, ауылдардың әлеуетін анықтаған.
– “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық орналасуы туралы” Заңының 3-бабы 6-тармағына сәйкес тұрғындар саны 50 адамнан аспайтын ауылдар жақын маңдағы елді мекендердің құрамына енгізіледі. Бүгінгі күні облыста осындай 103 ауыл бар. Оның 17-сі шекара маңындағы ауылдар. Өткен жылы өңірлерді дамыту бағдарламасының бірінші кезеңінде облысымыздағы төрт ауыл картадан сызылды. Атап айтқанда, Мағжан Жұмабаев және Мамлют аудандарындағы ешкім тұрмайтын Байшілік, Селекті, Орленок ауылдары таратылса, Тайынша ауданындағы Сүгірбай ауылынан төрт адам басқа жерге көшірілді, – деді Жанар Ахмиева.
Үстіміздегі жылы екінші кезең аясында тұрғындар саны 10 адамнан аспайтын 38 ауылды тарату бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл елді мекендердегі 153 тұрғынның үштен бір бөлігі – зейнеткерлер мен балалар. Болашағы бұлыңғыр ауылдарда мектеп жабылып, әлеуметтік инфрақұрылымның тозығы жеткен. Бес ауылға ауызсу автокөлікпен жеткізілсе, 33 ауыл тұрғындары орталықтандырылмаған су жүйесін пайдаланады. Ал 28 елді мекенде тұрғындарға қамқор болатын шаруашылық жоқ.
Қазіргі уақытта қоғамдық кеңес тыңдауларында 12 аудандағы 15 ауылдың мәселесі қаралды. Облыстық әділет басқармасы тексергеннен кейін құжаттар облыстық мәслихатта талқыланатын болады. Бұл тізімге енген Есіл ауданының Калиновка ауылында ауызсу да, мектеп те жоқ. Республикалық тасжолдан бар-жоғы 23 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде 10 адам тұрса, оның екеуі – зейнеткер. Қызылжар ауданының Янцено ауылында бір адам жападан жалғыз күнін көруде. Ал кезінде 200 түтін түтеткен Жамбыл ауданына қарасты Островка ауылында бүгінде 13 шаңырақ қалған.
Қазіргі уақытта таратылуға тиіс ауылдардың тұрғындары жол шығынына, басқа елді мекеннен баспана сатып алуға қажетті қаржыны қайдан аламыз деп бас қатыруда. Себебі, тұрғындарды көшіру үшін бюджеттен әзірге қаржы қарастырылмаған. Жүдеу тірлік кешкен ауыл азаматтарының қалтасы баспана бағасын көтере алмасы анық. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау күтеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.