Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының шешіміне орай одақтың Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшылығында өзгеріс болды. Одақ басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің бұйрығымен жазушы Жарасбай Сүлейменов Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры болып тағайындалды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменовтің есімі өңіріміздің және еліміздің оқырмандар қауымына жақсы таныс. Оның қаламынан шыққан “Көмескі із”, “Еменнің иір бұтағы”, “Сөнбейтін шырақ”, “Далабесік” сияқты прозалық туындылары жұртшылықтан жақсы баға алды.
Ж. Сүлейменов Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректерге сүйенген сүбелі зерттеулер, сондай-ақ, қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді арқау еткен көсемсөздер мен эсселер жазды. Оның құрастыруымен Мағжан, Қожаберген жырау, Шал ақын, Есләм Зікібаев туралы кітаптар жарық көрді.
Жазушы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметін атқара жүріп, мемлекеттік тілді дамытудың, ұлттық мәдениетті өркендетудің, салт-дәстүрлерімізді нығайтудың толғақты мәселелерін көтерді. Осылардың негізінде “Шынның жүзі” атты көлемді кітап жазды.
Республикалық аға басылым – “Егемен Қазақстан” газеті бас редакторының орынбасары болды. Қазір ол – облыстық “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің бас редакторы.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.