Қазақ әдебиетінің классигі, академик жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 120 жыл толуына орай өңірімізде бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Кеше облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада болып, оқырмандар арасында жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға бағытталған жұмыстардың барысымен танысты. Ол, сондай-ақ, жаңадан ашылған жазушы атындағы “Sabit” конференц-залының материалдық-техникалық жағдайына қанығып, мәдениет саласының өзге де мүмкіндіктерін бағалады.
Біздің өңірімізде ұлы тұлғаларымыздың әдеби мұрасын сақтау және насихаттау барысында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Облысымызда үш ай бойы қазақ даласының қос перзенті Абай мен Сәбитке арналған “Қызылжар аламаны” атты ақындар айтысының алғашқы телевизиялық жобасы түсірілді. Драматургтың туған жері – Жамбыл ауданының Сәбит ауылында орналасқан мұражайда жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, жазушының Шоқан Уәлиханов туралы жазған “Аққан жұлдыз” романы 500 данамен қайта басылып шығарылды. “Қаламгердің мерейтойына арналған шаралар облыс орталығындағы бірқатар мәдени орындарда да атап өтілуде. Біз бүгін жазушы атындағы конференц-залда тұрмыз. Бұл алдағы уақытта келелі кездесулер мен мәдени жиындар өтетін бірегей орталық болады деген сенімдемін. Ол бүгінгі заман талаптарына сай жабдықталған”, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Жазушы атындағы залдың жұмысымен танысу барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірәйісов осы саладағы өзге де жаңалықтармен бөлісті.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.