“Сұлулық жерден өніп, көктен жауады” деген нақыл тегін айтылмаса керекті. Оған мектебімізде өткен “Ғажайып гүлдер” атты көрме барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Аталмыш шара оқушыларды сұлулыққа, әсемдікке баулу мақсатында ұйымдастырылып, оған мектептің барлық оқушылары мен ата-аналары белсене атсалысты. Мектептің кіреберісінен бастап, дәліз бойы көздің жауын алатын алуан түрлі гүлдермен көмкерілді.
Оқушылардың ой-қиялынан туындаған әртүрлі кескін-келбетте өрілген гүлдер әжелеріміздің текеметіндей көздің жауын алды. Сұлулықты көре білген, оны өз қолымен жасай алған тұлғаның жан дүниесі де соған сай болып өсетіні сөзсіз. Сондықтан да, балауса балғындарды кішкентай күндерінен туған жердің табиғатын аялауға үйрету маңызды. Жер-Ананың ырыстың нағыз кіндігі екендігіне бала кезден қанығып өскен бүлдіршіндер оған есейгенде де қиянат жасамайды. Бастауыш буында басталған осындай іс-шаралардың жас ұрпақ тәрбиесіне тигізер септігі мол.
Шолпан ШЫРЫЛДАҚОВА,
Чкалов №2 орта мектебінің мұғалімі.
Тайынша ауданы.