«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЙҚАЛА ТҮС, ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК!

Қаһарлы қыс кетіп, шуақты көктем мезгілі туа барлық аумақта тазалық жұмыстары қарқын алып, көркейту, көгалдандыру басталады. Төтенше жағдайға байланысты бұл іс сәл кешігіңкірегенімен, тоқтатылмайтыны белгілі. Петропавл қаласының көркін келтіріп, ажарын арттырып тұрған құрылыс нысандары ғана емес, жайқала өскен жасыл желегі екенін айта кеткен жөн. Ал сол көшелерді бойлай жайқалып тұрған тал-шыбықтардың басым бөлігі Кондратовка орман тәлімбағында өсіп-жетілгенін біреу білсе, біреу білмейді.

Бүгінгі таңда облыста ірілі-ұсақты 29 орман тәлімбағы бар. Оларда 7 млн. данаға жуық көшет өсіріледі. Кондратовка тәлімбағы – ертеден келе жатқан еліміздегі ең ірі орман шаруашылықтарының бірі. Оның негізі 1898 жылы қаланған болатын. Содан бері кәсіпорын талай қайта құруларды бастан кешірді. Бір кездері тәлімбақта өсірілген ағаш көшеттері Кеңес одағының түкпір-түкпіріндегі елдерге жіберілетін. Сол кездері тәлімбақ пен темір жол өткелі арасындағы екі шақырымдық жол жүк көліктерінің ұзын сонар кезегінен бір босамайтын. Содан бері де талай жылдар артта қалды. Бүгіндері тәлімбақтың жалпы аумағы 120 гектарды құрайды. Ол көлемі жағынан Нұр-Сұлтан қаласындағы тәлімбақтан кейін екінші орында тұр. Ал өсірілетін ағаш көшеттерінің түріне келер болсақ, қазіргі уақытта тәлімбақта 39 түрлі ағаш-бұта сұрыптары өсіріледі. Оның алтауы – сирек кездесетін қылқанжапырақты ағаштар.
Жүз жиырма жылдық тарихы бар тәлімбақ Қызылжар ауданындағы Кондратов пен Боровское ауылдарының ортасында орналасқан. Бізде білікті, жылдар бойы жинақталған тәжірибесі бар, жауапкершілігі жоғары мамандар еңбек етеді. Қызметкерлердің барлығы – Табиғат-Ананы сүйіп, жердің қасиетіне бас иетіндер. Көшеттеріміздің арасында қарағай, сібір шыршасы, самырсын, сағызқарағай, арша, сүмбіл және ақ терек, қайың, емен, жасыл шаған, шегіршін, талдың бірнеше түрі, үйеңкі, алма, шие, алмұрт, қара қарақат, қарлыған, шырғанақ, бөртегүл, қызыл бүрген, шетен, мойыл және тағы басқасы бар. Осы айтылған ағаштардың жас көшеттерін күтіп-баптау мақсатында ауқымды жұмыс­тар жүзеге асырылады. Бірінші­ден, ағаштардың түптерін қопсыту, бей-берекет өскен жапы­рақтарын кесу, оларға декора­тив­тік келбет беру, гулзарларды арамшөптен арылту жұмыстары атқарылады. Соңғы жылдары біз тамшылатып суару әдісін енгізудеміз. Сонымен бірге жасыл аймақтардағы өскіндердің жылдам өсуі үшін түрлі тыңайтқыштар қолданылады.
Тәжірибелі мамандар тәлімбақтарда өсірілген көшеттердің жаңа ортаға тез бейімделіп, өркен жайып кетуі үшін де күтім қажет екенін ескертеді. Себебі, ағаш та адам сияқты ауырады. Қала көшелерінде өсетін ағаштардың орта жасы 60-70 жылды құрайды. Жас көшет жас бала сияқты ерекше күтімді қажет етеді. Кез келген шыбықтың бірден жерсініп кетуі қиын. Дәнегінен бастап өнген көшеттердің арасы жиі болатыны мәлім. Арада жыл өткен соң оларды си­ретеміз. Келесі жылы бір метрге, одан кейінгі жылы екі метрге, осылай жал­ғастырып араларын алшақтатамыз. Бұл оқушының бір сыныптан екінші сыныпқа көшкені сияқты. Тамыры жетіліп өскен көшет жалғыз өсуге бейімделеді. Яғни, тәлімбақта көшеттер он жылда бірнеше рет орын ауыстырады. Яғни, басқа жерге отырғызылған кезде жаңа ортаға тез бейімделеді. Орманнан қазылып әкелінген көшеттерге қарағанда төзімді болатыны да сондықтан.
Кәсіпорын Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарағанымен, біздің серіктестікке бюджет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілмейді. Сондықтан нарықты зерттеп, жаңа сұрыптар шығарып, соны бағыттарды меңгерудеміз. Нарықта тұрақты тұтынушыларымыз бар. Олардың ішінен жыл сайын тапсырыс беретін Павлодар, Ақтөбе, Ақмола облыстарын және Нұр-Сұлтан қаласын атап айтуға болады. Өкінішке қарай, өзгелер алыстан арбалап жатқанда қол созым жердегі Петропавл қаласының әкімдігі жергілікті тәлімбақтың мүмкіндігін толық пайдалана алмауда. Ел экономикасы дамып, шаһарларда ауаға түрлі зиянды қалдықтар бөлетін зауыттар мен өндіріс орындары көбеюде. Сондықтан облыс орталығына көшеттерді молынан отырғызып, тұрғындардың таза ауамен тыныстауына жағдай жасалуы қажет.
Петропавл қаласына көшеттер отырғызумен жыл сайын “Коммунхоз” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Дегенмен, арнайы білімі мен тәжірибесі жоқ мамандар отырғызған бұл ағаштар көп ұзамай солып қалып жатқанын көріп жүрміз. Себебі, өңіріміздің құбылмалы ауа райы көшет біткеннің көктеуіне қолайлы дей алмаймыз. Сортаңдау топырақта кез келген ағаштың тамыр жайып, жайқалып кетуі қиын. Сондықтан егілетін жасыл желектер тек тәлімбақтардан жеткізілуі тиіс. Былтыр біздің көшеттер облыс орталығындағы көшелердің бойына егілді. Мәселен, шырша көшеттері қалалық Мәдениет және демалыс саябағында, қара ағаш пен бұталар Евней Букетов, Мұхтар Әуезов және Нұр-сұлтан Назарбаев көшелерінің бойында, сібір шыршасы “Береке” шағынауданында, ал долана бұталары Ғабит Мүсірепов көшесін бойлай отырғызылды. Барлық талаптарға сәйкес егіліп, күтім жасалған бұл көшеттер жерсініп кетті. Олар қала көшелеріне эстетикалық көрік берумен қатар қанша адамның таза ауамен тыныстауына мүмкіндік жасауда.
2017 жылы облыстық әкімдікте Петропавл қаласын көгалдандыру жоспары таныстырылған болатын. Құжаттың мақсаты алдағы 3-4 жылда облыс орталығына 17 мыңға жуық көшет отырғызу болатын. Мұндай игі шаралардың атқарылуы, яғни қаланы, қоршаған ортаны жасыл желекке орауға, экологияны жақсартуға деген ұмтылыс құптарлық. Дегенмен, өңірде дендролог мамандардың жоқтығынан әттеген-ай дейтін тұстар кездесіп қалатыны көңілге кірбің ұялатады. Мәселен, Кәрім Сүтішев көшесінің бойына аққайың көшеттері отырғызылды. Жапырақтары қылтиып шыға бастаған ағаштарға қарап-ақ бір-біріне тым жақын егілгенін аңғаруға болады. Бұл жұмысты орындағандар көшеттер өсе келе бір-біріне кедергі жасайтынын ескермеді. Ал мамыр айында “Береке” шағынауданына жапырағы шығып қалған оннан астам қайың отырғызылды. Бірақ көп уақыт өтпей олар қурап қалды. Уақыты өтіп кеткеннен кейін отырғызылған ағаштың тамыр жайып кетуі қиын. Бұл жағдай 2018-2019 жылдары да қайталанды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев, Қаныш Сәтбаев, Интернационал, Абай, Ғабит Мүсірепов және Евней Букетов көшелерінде сүмбіл терек, қарағай, үйеңкі, шетен, аққайың және тағы басқа ағаштар отырғызылды. Бірақ тиісті технологиялар мен арнайы талаптар сақталмағандықтан, көшеттердің көбі жаңа ортаға бейімделе алған жоқ.
Шаһарда қысы-жазы жүргізілетін ағаштарды кесу жұмыстары көпшіліктің наразылығын тудырып жатқанын көріп жүрміз. Өкінішке қарай, коммуналдық қызмет мамандары қураған ағаштарды ғана кесіп жатқан жоқ, сонымен қатар электр сымы мен телефон желілеріне бөгет жасағандықтан жас ағаштарды да кесіп тастауда. Биылғы қыста табиғат жанашырлары осындай жайттарға тағы тап болғанын айта кеткен жөн. Табиғатқа жаны ашымайтын, ағаштардың жасын біле бермейтін мамандар сапс-ау теректерді кесіп тастады. Атап айтқанда, Кәрім Сүтішев, Нұрсұлтан Назарбаев, Евней Букетов, Абай және Горький көшелеріндегі ағаштарды сұлатып тастады. Ал олардың бәрін түп-тамырымен кескенше, жас ағаштардың бұтақтарын қысқартуға болар еді ғой. Жалпы Петропавл қаласын жасыл желекке орау жұмысына қатысты сұрақ көп. Сүйікті шаһарымызды жасыл қалаға айналдырамыз десек, көгалдандыру бойынша қандай бағытта жұмыс істеу қажеттігін нақтылап, көшеттерді түгендеу және құжаттандыру бойынша жұмыстар қолға алынуы керек. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бұл іске жасыл желекке жаны ашитын білікті дендролог мамандар тартылып, көше бойындағы ағаштардың бәрін қурады деген сылтаумен кесе беруді тоқтату керек.

 

Аманжол КЕБЕКБАЕВ,
“Кондратовка орман тәлімбағы”
ЖШС-нің директоры.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp