Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты халыққа Жолдауында айтылғандай, келесі жылдың қаңтар айынан бастап аз жалақы алып отырған бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы өсіп, табысы молаяды.
Бұл туралы Мемлекет басшысы: “Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз”, – дей келіп, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Сонымен қатар Президент жекеменшік компаниялардың басшыларына осы өзгерістерді қолдап, сәйкесінше, ең төменгі жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру шараларын қарастыруды тапсырды.
Елбасының төменгі еңбекақыны көтеру жөнінде ірі компанияларға берген тапсырмасы жер-жерлерде қолдауға ие болды. Осыған орай еліміздің кәсіпкерлері аталған бастаманы қолдап, өздерінің қызметкерлерінің жалақы мөлшерін арттыруда. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын біз де орындауға бар күшімізді саламыз. Бүгіндері көмір сақтаумен және өткізумен айналысатын “Альянс-Жолы” және құрылыс материалдарын шығаратын “ЖБИ “Единство” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде 350 адам жұмыспен қамтылған. Олардың арасында 110 адам ең төменгі жалақы алып отыр.
Өңір тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етіп отырған “Альянс-Жолы” серіктестігі 1998 жылы құрылған. Өзге әріптестеріне қарағанда жалақыны аз алатын жұмысшылар негізінен компанияның ауылды жерлерде орналасқан теміржол тұйығында еңбек етеді. Бұл азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында өңір тұрғындары алты ай қыс кезінде көмір тапшылығын сезбейді. Тұрғындарға жыл сайын 300 мың тонна көмір жеткіземіз. Атап айтқанда, биылғы жылы Майкүбелік қара отынның – 60-80 мың тоннасын, “Богатырь” көмірінің – 145, ал Шұбаркөлдік көмірдің 50-70 мың тоннасын жеткізу жоспарланған. Бүгінде қажетті келісімшарттар жасалды. Бұдан бөлек “Альянс-Жолы” серіктестігі облысымыздағы мектеп, аурухана сынды 250 әлеуметтік маңызы бар нысанды қысқы уақытта көмірмен қамтиды. Ал бюджеттік мекемелер үшін “Богатырь” кенінен келетін көмірдің 123 мың тоннасын компания күз басында жеткізіп берді. Біздің тұйықтарда кем дегенде 12-15 мың тонна көмір қоры сақтаулы тұрады.
Алдағы жылдың қаңтар айынан бастап жұмысшылар жалақысын 35-40 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, ең төменгі жалақы – 58-62 мың, ал орташа жалақы 104 мың теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Осы бағытта серіктестіктің жауапты мамандары компанияның 2019 жылға арналған бюджетіне түзету жұмыстарын енгізуде. Бұл өсім негізінен қос компанияның қосымша табысының есебінен жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, жұмысшылар табысының өсуі тұрмыс деңгейінің жақсаруына септігін тигізбек. Оларға мереке күндері, шаңырақ құру, сәбилі болу секілді отбасылық қуаныштар кезінде сыйақылар беріліп тұрады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы – еліміздің маңызды саяси стратегиялық құжаттарының бірі. Осы орайда, мемлекеттің бизнес-қауымдастыққа көрсетіп отырған қолдауын да айта кеткен жөн. Маңызды құжатта “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының тағы бес жылға ұзартылғанын, оны жүзеге асыру үшін жыл сайын кемінде қосымша 30 миллиард теңге бөлінетінін біз, кәсіпкерлер, қуана қабылдадық. Алдағы жылдан бастап енгізілетін салық амнистиясы да – кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Мемлекеттің отандық бизнестің дамуына бағытталған шаралары да еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына оң әсер етіп отыр.
Құрылыс материалдарын шығаратын “ЖБИ “Единство” серіктестігі он жылдан бері жұмысын табысты жүргізуде. Ол Қазақстанның нарығында құрылыс индустриясының жаңа нарық талаптарына жауап беретін отандық құрылыс материалдарының жетіспеушілігі қатты аңғарылған кез болатын. Жаңа технологияларды енгізу, құрылыс материалдарының тиімді және экологиялық таза заманауи үлгілерін шығару үшін жаңа кәсіпорындар құру қажет болды. Нарықтағы сұранысты саралай отырып, зауыт су қысымына шыдамды полиэтилен құбырларын, металл жабынқыштарын, пропилен төсенділер, ылғал тартқыштығы төмен және жақсы жылу сақтағыш қасиеті бар сэндвич-панельдер шығара бастады.
Бүгінде кәсіпорында құрылыс материалдарын шығаратын жиырмадан астам технологиялық желі жұмыс істейді. Сондай-ақ, бізде сапа менеджменті жүйесі енгізілген, аттестаттаудан өткен сынақ зертханасы бар. Мұның барлығы құрылыс материалдарына қойылатын талаптарды сақтауға септігін тигізеді.
Жұмыс орындары барлық нормаларға жауап береді. Еңбеккерлеріміз тренингтер мен семинарларға қатысып, тәжірибелерін жетілдіріп отырады. Шетелдік мамандар шақырып, білімдерін жетілдіруді де назардан тыс қалдырмаймыз.
Біздің өнімдеріміздің негізгі тұтынушылары – Петропавл қаласының және облыстың кәсіпорындары мен тұрғындары, полиэтилен құбырлары Ресейдің Қорған және Омбы облыстарына жеткізіледі.
Елімізде ірі панельді тұрғын үйлерге деген сұраныстың артуына байланысты “ЖБИ “Единство” серіктестігі алдағы жылы “Жас өркен” шағынауданында 17 қабатты тұрғын үйлер салуды жоспарлап отыр. Қазір инвесторлардың бірімен келісімшарт жасаудамыз.
Биылғы берекелі жыл да мәреге таяп келеді. Сондықтан жалақыны өсіру мен оны қайта есептеу үдерістерін тездету қажет. Біздің компания Елбасының Жолдауында айтылған қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, тұрғындардың табыс пен тұрмыс сапасының артуы бағытында жасалып жатқан жұмыстарға әр кез қолдау көрсетіп, өз үлесін қосатын болады.
Александр КОНДРАТОВ,
“Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС-нің директоры.