Сұм соғыс басталғанда мен 5 жаста болдым. Әкем майданға аттанды. Анам өмірден ерте озған. Осылайша 1932 жылы туған ағаммен далада қалдық. Содан әкемнің үлкен ағасы қолына алып, Жаңаталап ауылында бір кішкентай үйде тұрдық. 1943 жылы 1 сыныпқа бардым. Үстімізге киетін киім жоқ. Тозған ескі жүннен тоқылған шұлықпен жолдың арғы бетінде тұратын сыныптасыма қардың үстіменен жүгіріп барып келетінмін. Мектептен шығып егіс алқабына баратынбыз. Ондағы «сүтжапырақ» деп аталатын арамшөпті жұламыз. Мұғалімдеріміз «Тамырымен жұлыңдар», – деп үйрететін. Ауылдағы әйелдер бұзау бағатын, олардың балалары ауырып қалса, біз алмастыратынбыз. Сөйтіп жалаң аяқ бұзау да бақтық.
Соғыс аяқталғаннан кейін әкем аман-есен елге оралып, үйленді, жұмыс істеді. Оларға 3 келіден «паек» беретін. Ұжымшар тұрмысы түзеле бастады.
Есейіп «Комсомолка» фабрикасында, кейін аяқ киім дүкенінде жұмыс істедім. 1991 жылы зейнет демалысына шықтым.
Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын уақыт. Күнделікті тілегім – Алла тағала кейінгі жастарға жамандық көрсетпесін, соғыс болмасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Шолпан МАХМЕТҚЫЗЫ,
тыл ардагері.