Адамның басына қайғы келейін десе лезде екен. Жан баласын өмір бойы тірнектеп жиып-терген мүлкінен, тіпті өмірінен айыру үшін сүт пісірімдей уақыт та жетіп жатыр. Қыс келсе болды елімізде өрт оқиғалары жиілейді. Соңғы күндері Қызылжар жұртшылығы қаралы хабардан көз аша алар емес.
Оқыс оқиға кезінде жан тапсырғандарды санасақ, жаңылып кететіндейміз. Суға кетіп, апатқа ұшырап, айдың-күннің аманында жоғалып кетіп жатқандар қаншама? Мұндайды көре-көре адам жаны да сірі болып алады екен. Бұрын біреу өрттен қайтыс болды десе, қабырғасы қайысып, сол отбасымен бірге қайғыратын ағайын бүгінде оқыс хабарға күнделікті жаңалық сияқты салқын қарайтын болған.
Қу түлкі сияқты бұлаңдаған қызыл жалын өңір халқының тиышын алып, бірде анау, бірде мынау үйде әлек салып, қаншама жанға қайғы-қасірет әкелді. Күл болған мал-мүліктің басы құралар. Алайда өрт ішінде ажал құшқан адамның қайта тұрып кетердей жаны екеу емес қой. Мұндай жағдайдағы әр кісінің өлімі – қоғам үшін орны толмас қаза, жазылмас жара. Жылыту маусымы басталғалы бері елімізде 87 адам өлімі тіркеліпті. Бұл күн суытқалы бері Қазақстанда күнара немесе күн сайын бір адам оттың ортасында қалып, өртеніп кетеді деген сөз. Сан жағынан бұл кішігірім бір елді мекеннің халқына тең. Қысты орталағанымыз жаңа ғана. Алдағы бірнеше айда бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалса екен деп тілейік. Ол үшін әр адам қауіпсіздікке мұқият қарап, салғырттыққа жол бермеуі керек.
Өрт оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов халыққа үндеу тастап, от жанып жатқан пешті қараусыз қалдырмау керектігін ескертті. «Өкінішке қарай өңірде өрт оқиғасы күн сайын орын алуда. Соның салдарынан құтқарушылардың да жұмысы көбейген. Абайсызда тұтанған өрттен ересектер мен балалар көз жұмып жатыр. Сәбилерді қараусыз қалдырмауға шақырамын», – дейді Нұрлан Кеңесов.
Жыл басталғалы бері өңірде 5 адам өз үйінде жанып кеткен. Ең өкініштісі, соның үшеуі – бала. Үлкендердің салғырттығының салдарынан кішкентайлардың үйден қашып шығар жер таппай, түтінге тұншығып, тірідей жанып кеткені жүрек ауыртады. Оң-солын енді танып келе жатқан ұл-қыздардың өмір сапары басталмай жатып аяқталғанына кімді кінәлаймыз?
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқарқармасының басшысы Аслан Ахметжановтың айтуынша, облыста жаңа жылдың алғашқы екі аптасында 17 төтенше жағдай орын алған.
«Жылыту маусымы басталғалы бері 60 мыңнан астам ауланы аралап, қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау жүргіздік. 91 мыңнан астам жадынама таратылды. Біз әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларға ерекше назар аударуға тырысамыз. Өңірде мұндай 5700- ден астам үй бар. Онда 20 мың адам тұрып жатыр. Бұл баспаналарға дабыл қағатын құрылғылар орнатылған», – дейді маман.
Департамент қызметкерлерінің дерегінше, өрттің 41 пайызы электр құрылғыларының ақауынан тұтанады екен. Сондықтан құтқарушылар тұрмыстық техника мен басқа да жабдықтарды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді. Әсіресе электр жылытқыштарының пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін. Ұзақ уақыт қуатталып тұрған телефоннан да от шығуы ғажап емес.
Аслан Ахметжанов теріскейдегі әр үшінші өрт пешті дұрыс жақпағаннан шығатынын жеткізді. Қыс бойы пештің мұржасын тазаламай, саңылауын бекітпей, бұзылған жерін жөндемей жүре беретіндер көп. Суық сүйегінен өткенде үйін тез жылыту үшін отынның үстіне жанармай құятындарға не дерсің? Сақылдаған сары аязда өші бардай пешті темірі қызарып, балқып кетердей болғанша жағатындар да бар екен. Пештің қақпағының алдына қаңылтыр төсемеу, тез тұтанатын заттарды отқа жақын қою, ашық қалдыру, от жанып жатқанда ұйықтап қалу да – оқыс оқиғаға себеп.
Жаңа жылдың алғашқы күндерінде Мағжан Жұмабаев ауданында орын алған қайғылы оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Майбалық ауылында бір үй отқа оранып, құтқарушылар өртті сөндіргенше баспананың күлі ғана қалған. Өрт сөндірушілер үйіндінің арасынан екі бала мен олардың әкесінің мүрдесін алып шықты.
«Күйеуі мен екі сәбиін жоғалтқан әйел қатты күйзеліске түсті. Бұл жағдайдың оған өте ауыр тигені соншалық сөйлей алмай қалды. Біз одан оқиғаның мән-жайын сұрағанда бірдеңе деуге шамасы келмеді. Қанша тырысқанымызбен, қамыстан салынған үйді сақтап қалу мүмкін болмады. Баспанада 1988 жылғы азамат пен 2022, 2023 жылы дүниеге келген кішкентайлар болған», – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық құтқару басқармасы басшысының орынбасары Әділ Спаен.
Екі күн ішінде тілсіз жау Қызылжар ауданындағы екі адамның өмірін жалмады. Ольшанка ауылында ересектер 5 жасар баланы сыртынан жауып, қонаққа кетіп қалған. Олар жоқта баспанадан өрт шығып, бала ажал құшқан. Құтқарушылар адам өмірін сақтап қалуға барын салғанымен, қызыл жалынмен алысу оңайға соққан жоқ. Ал Приишимка ауылында газ баллоны жарылып, ер адам көз жұмған.
Құтқарушылар қанша ескертсе де, оқыстан шыққан өрттің алдын алу жеңіл шаруа емес. Мамандар оқыс оқиғаға жол бермеу үшін үйлерге арнайы құрылғыларды орнату керек екенін айтады. Автономды жұмыс істейтін алақандай құрылғы түтіннің немесе газдың иісі шыққанда дабыл белгісін беріп, үй иесін оятады. Осылайша тұрғындар баспанасы мен өмірін сақтап қала алады.
«Қараша айында әдеттегідей үйде болдық. Қауіп төндірерліктей ештеңе байқалған жоқ. Бір сәтте түтін датчигі белгі бере бастады. Дереу пешке барып қарасам, түтін үйдің ішіне тарап жатыр екен. Дереу түтіннің жолын бөгеп, есік пен терезелерді ашып бөлмелерді желдеттік. Егер құрылғы белгі бермесе иіс тиіп уланып қалғанымызды да байқамас едік», – дейді Тайынша ауданының тұрғыны Владимир Ейкель.
Алда әлі қыстың бірнеше айы бар. Көктемге аман жету үшін мамандар ескерткен сақтық ережелеріне салғырт қарамаған жөн. Сақтандыру шаралары мен арнайы құрылғылар орнату өрт қаупін сейілтіп, қатердің алдын алады. Былтырдың өзінде арнайы құрылғылар 3 үйде дабыл белгісін беріп, 13 адам ажалдан аман қалған. Отбасымыз бен ұл-қызымыздың саулығын ойласақ, отпен ойнамағанымыз абзал.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».