“Antikor.live” тікелей эфирінде Ақжар ауданы әкімдігінің қызметкері тарапынан жасалған сыбайлас жемқорлық фактісі туралы айтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, атқарылмаған жұмысқа бюджеттен ақша төлегені үшін Ақжар ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы істі болған.
2018 жылдың маусым айында мекеме мен серіктестік арасында Талшық ауылында салынатын жалпы сомасы 324 млн. 800 мың теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған. Жұмыстардың аяқталу мерзімі 2019 жылдың желтоқсанына белгіленген. Қос тарап 2019 жылдың қыркүйек-желтоқсан аралығында нақты орындалмаған жұмыстар үшін актіге қол қойған. Оның мөлшері – 37 млн. теңгеге жуық.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде мердігерлік ұйым басшысы 2020 жылғы 25 қаңтарға дейін барлық жұмыстардың тап-тұйнақтай орындалатыны жөнінде кепілдік хат ұсынғанымен, істі толық көлемде атқармаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомоство араласқаннан кейін ғана мердігер орын алған олқылықтардан қорытынды шығаруға шешім қабылдаған. Алайда, істің сиырқұйымшақтанып, бей-берекет созылуы әкімдік тарапынан тиісті бақылаудың болмағанын көрсетті.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.