«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒАН ҰРАН БОЛМАУЫ ТИІС

Осыдан бірнеше күн бұрын жастар бастамалары орталығының мамандары ел Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған жиынға қатысуға шақырды. Ел тарихындағы ең басты оқиғалардың алғы шебінде тұратын мерейлі мерекеге орайластырылған шараның аты дардай болғанымен, жиын барысында көңілге қаяу түсіретін сәттер орын алды.

Залдың безендірілуінің өзі тақырыпқа сай болмағандығы көзге ұрып тұрды. Жүргізушілердің қағазға шұқшия қарап оқыған мәтіндерінен де жүйелілік таппадым. Еліміздің басты байлығы – Тәуелсіздіктің мағынасын арттырып, мәртебесін асқақтататындай орамды ой айтады-ау деп тағатсыз күткен баяндамашылар да қағазда жазылған бір-екі ауыз жаттанды тіркестерін оқып беруді қанағат тұтты. Туған елімнің патриоты ретінде бұл шараға көңілім толмаған мен жиынның тамамдалар тұсында ұйымдастырушыларға жолығып, ішімдегі ренішімді жайып салдым. Сонда бұл қалай? Тәуелсіздік тақырыбы әңгіменің арқауына айналған мерейлі шараны өткізуге өңіріміздің белсенді өрендерінің бастарын бір арнаға тоғыстырған жастар бастамалары орталығы мамандарының қабілет-қарымдары жетпей ме? Әлде жастардың көкейлерін кернеген тәуелсіздік тақырыбы – жалған ұран ба?

Өңіріміздегі бірқатар жастар ұйымдарының атқарып жүрген шалағай шаруаларына назданған жалғыз мен ғана емес екен. Бақсам, шақырған жерден қалмай, кейін алтыннан да қымбат уақыттарын зая кетіргеніне налитын мен сияқты адамдардың қатары қалың болып шықты. Солардың бірі мен әңгімелескен “Молодежная-Жастар” газетінің редакторы, журналист Ақ-Ләйлек Жаукина. “Жуырда жастар бастамалары орталығының өкілдері жиын ұйымдастыратынын айтып шақырған соң С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға барсам, ондағы мамандар шараның өтетін орнының өзгергендігін айтты. Абдырап қалдым. Әлде шалыс естідім бе деп өзімді қоярға жер таппай ұялғаным да жасырын емес. Не болса да мән-жайды анықтайын деп аталмыш орталықтың директорына хабарластым. Ол жиын басқа ғимаратта өтіп жатқанын айтып қарап тұр”, – деген ол жастардың жауапкершілікті сезініп, салдыр-салақтықтан арылу қажеттігін айтады.

Біз үшін мемлекет қыруар қаржысын бөліп, әртүрлі жастар орталықтарын ашып берді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Әйтсе де, елдің қазынасын оңды-солды ысырап қылуға шебер кейбір әсіре белсенділердің, жалған ұраншылардың әрекеттерін қайтсек тыя аламыз?

Ұлжан СҮЛЕЙМЕНОВА,

М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp