Төгілді сан шақтардан мөлдір әнім,
Мөп-мөлдір қанып ішкен таңғы нәрім.
Өкініп керегі не, өтті жастық,
Шегіндей ширатылған домбыраның.
Аппақ сүттей ұйыған, арлы жаным,
Сан жылдар мұң құшақтап қалжырадың…
Мойымай жасын боп өт қалған ғұмыр,
Өмірде таусылар ма бар құмарым?!
Өмірде таусылар ма барлық әнім,
Он жетіде уыздай балбырадым.
Ертеңгі ұрпақ айтқызбай ұқса болды,
Күмбір қаққан кешегі тау бұлағын…
* * *
Арқасы кеңіп кете алмай,
Өксікпен өткен сан жылдар.
Арманға биік жете алмай,
Көміліп жерде қалдыңдар?!
Лап етіп бойды күш кернеп,
Махамбетке ұқсап мерт болып.
Табиғи дарын қамшылап,
Тәлкекке түскен тағдырлар?!
Ой құшып сені жырлайтын,
Жанымды жонып етімнен.
Кешегі өткен бір бейбақ,
Айтуын атын өтінген.
Жазғырар ма екен мені де,
Құшаққа алғанда қара жер,
Аққанда қаным тамшылап,
Нұр тамған менің бетімнен…
* * *
Бұл өмірден мен жақсылық көрмеспін,
Түпке жетер өлең менен өлмес мұң.
Қайғы жұтып жүрсем-дағы жабығып,
Келеді әлі биікте өскім, белде өскім.
Соның бәрін қалайша мен көтердім?
Бұл өмірден келер, кетер, өтер мұң.
Осы жырды шыныменен мен жазсам,
Бақытты да, бақытсыз да екенмін.
Неге солай, оны санам сездірші,
Терең ойдың құшағына ендірші…
Бұл фәниде бақыттылар көп болып,
Бәрімізге жақсылықты көл қылшы…
* * *
Алды-артыма бір сәт қарадым,
Сергімей қойды-ау көңілім.
Солыпты әбден жанарым,
Мұң басқан менің өмірім.
Қалғандай бәрі соңымда,
Қайғыртқан пірім – Аллам-ай!
Өмірім осы сорым ба,
Жанбай бір қалған арман-ай?!
…Көтеріп бәрін келіппін,
Үмітпен алға қараймын.
Сағындырған, көріктім,
Алдымнан шықшы, арайлым.
Үмітім жарқын жар құшу,
Іздеп мен сені табармын.
Арманым биік – алға ұшу,
Бақыттан сосын солармын…
Қошқарбай ЖҰМАТАЕВ.