«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНСЕБІЛ МАХАББАТ

Қазақ киносының тарихына екі се­риялы «АЛЖИР. Біз куәміз» деректі-публицистикалық және «Жансебіл» көркем фильмімен бірге «Бәйтерек», «Әнуар Молдабеков», «Жұмат Ша­нин», «Толғау» сынды тағы да басқа деректі киноленталары арқылы енген белгілі кинорежиссер, жерлесіміз Ая­ған Шәжімбаевтың есімі иісі қазаққа таныс. Қазақтың аяулы азаматының өнегелі өмір жолына тереңірек үңілу мақсатында Алматыға арнайы барып, жақсының жары Алмагүл Құлжабаева­мен әңгімелескен едім.

– Қазақстанның түкпір-түкпірінен арман қуып келген бір топ жас режиссер Райымбек Сейтметовтің шеберханасына қабылдандық. Екі жыл бойы спектакльдерге қатысып, өзімізді шыңдадық. Райымбек ағай Аяғанды жанына жақын санады. Бір күні: «Этюд дайын­даңдар. Оның екі кейіпкері ғана болсын. Ешқандай сөз ай­тылмасын», – деп тапсырма берді. Шыны керек, ағайдың тапсырмасы айтылған жерде қалып қойды. Келесі күні Аяған жатақханадағы қыздардың бөл­месіне кіріп келді де: «Қайсы­ларыңда этюд жоқ?» – деді. Төртеуіміз де «Менде жоқ» деп шу ете түстік. Аяған қолымнан жетектеп алды да, бөлмесіне барып этюдті қалай қою ке­ректігін түсіндірді. Бір-біріміз­ге деген ыстық сезім сол күні бүр жарды. Біз Аякең айтқан­дай, жансебіл махаббатымызды аялап өттік, – дейді Алмагүл апай.

Қос ғашық бірнеше күн бойы этюдке бірге дайындал­ған. Соны сылтауратып Алматының жұлдызды кештерінде, айлы түндерінде серуендейтін кездері аз болмапты. Екі жас көп ұзамай шаңырақ көтеріп, ерлі-зайыпты атанады.

Алмагүл Ыдырысқызының айтуынша, Аяған өте ақкөңіл, елгезек жан болған. Оның бо­йындағы мейірім шуағы үнемі аңқылдап тұратын. Ол жасы үл­кеннің бәріне ілтипатпен қа­рап, жасы кішінің бәріне «ой, бауырымдап» елпектейтін. Қайтсе де алдымен халқына, сосын жақындарына, жолдас­тарына бір пайдамды, жақсы­лығымды тигізсем екен деген ой оның үнемі басында жүретін. Асқақ арманы да аз болмаған. «Менің бар ойым – бес фильм түсіру. Оның ішінде «Қамбар батыр» бар. «Қасқыр адамды» түсірсем деп те қиялдаймын», – деп жан жарына ақық арма­нын айтқан Аяған Қуандық-ұлының өмірден ерте кетсе де, артына қалдырған ізі өшпегенін көзі қарақты көрермен жақсы біледі.

Қатарластары Аяған Шәжімбаевтың екі тілге (қазақ және орыс) бірдей жүйрік екеніне таңданыспен қарай­тын. Ол «Қасқыр адам» фильмін түсіруге ерекше ынтызарлықпен дайындалыпты. Алайда адамның емес, Алланың дегені болады емес пе? Кинорежиссер бұл туындыны көзі тірісінде жа­рыққа шығара алмай кетті. Фильмнің сцейнарийін алды­мен қазақша жазып, кейін орыс тіліне аударған. «Өзі әзірлеген нұсқасын орыс редакторларына көрсетсе, «Өзің жақсы-ақ ауда­рыпсың. Неге бізге әкелдің?» – депті олар. Қазақ ауылында өс­кен баланың орыс тілін лезде меңгеріп алғанына ұстаздары да риза болысатын. Жұмыс бабы­мен еліміздің біраз өңірін ара­лады. Айналасына жиналған жандардың барлығы Аяғанды ерекше сыйлайтын. Себебі ағаң кез келген адамды түсінетін. Қарапайым көлік жүргізушісінің жағдайын жасап беруге тырысатын», – дейді Алмагүл Ыдырысқызы.

Аяған Қуандықұлы қай кез­де де жұрттың жақсылығын ғана көруге тырысып, игі жақ­сыларға жанаса жүріпті. Ағалық сөздеріне көбірек құлақ асқан сырлас жандардың бірі Болат Шәріповпен туған бауырлардай қоян-қолтық араласқан. «Менің ұлы ұстазым – Абдолла Қарсақбаев!» – деген сөзі жан жарының жүрегінен өшкен емес. Қарсақбаевтың «Тревожное утро» фильмін түсірердегі ерен еңбегіне, ізденісіне таң­данған. Кененбай Қожабеков есімді сыйлас ағасынан үйрен­гені көп. Бір жолы Кенекең Ая­ған Шәжімбаевқа қоңырау ша­лып: «Бауыржанға (Момышұлы) алып баршы» деп өтініш айтады. Баукеңнің аурухана төсегінде жатқан кезі. Екеуі палатаға кіре сала қазақтың батыр ұлымен нағыз батырларша амандасып, қал-жағдай сұраса­ды. Баукең өзі ерекше құрмет­тейтін Кененбай ағаны күтіп жатқандай сол күні бақилық болыпты. «Аяған бұл оқиғаны өте ауыр қабылдады. Көпке дейін ұмыта алмай жүрді. «Алма, ұлы адамдардың ақырғы демін алып, өмірмен қошта­суының өзі де өзгеше болады екен», – деді қайта-қайта. Осы оқиғаны үйге келген талай мейманға айтып берді. Аяған аяғынан тұра алмай, арбаға та­ңылып қалған Кененбай аға­ның сырлас інісі бола білді», – деп жақсының жары ерінің кім­дермен аралас-құралас болға­нын сағынышпен баяндады.

Киностудияның жас маман­дар тұратын «Витебский» деп аталып кеткен жатақханасында өмірінің он бес жылға жуығын өткізген жерлесіміз 1994 жылы ғана жеке пәтерге ие болады. Алайда Аяған Қуандықұлының бұл қуанышы бір ай, үш күнге ғана созылыпты. Саналы ғұмы­рын қазақ киносын өркендету­ге арнауды мұрат тұтқан асыл жүрек соғуын мәңгіге тоқтатты. Артында Сандуғаш, Бейбіт, Сұ­лушаш есімді балалары мен за­йыбы қалды. «Алғашқы қос перзентімізді атасы мен әжесі бақты. Біз ол кезде ата-ана бо­лудың машақатын түсінген жоқпыз. Үшіншіміз дүниеге келгенде қатты қуандық. Сұлу­шаш – Аяғанның Құдайдан сұрап алған қызы», – дейді апай.

Алмагүл Ыдырысқызы 1954 жылы Алматы облысы, Ең­бекшіқазақ ауданы, Қызылқай­рат аулында шаруа отбасында дүние келген. Алматыдағы №9 мектеп-интернатта алтыншы сыныпқа дейін оқып, кейін Талғарда білімін жалғастырған. Мектепті тамамдаған соң ре­жиссер Райымбек Сейтме­товтің шеберханасында кәсіптік білім алады.

Жақсының жары мені Аяған Шәжімбаевтің ізі сайрап жат­қан Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына алып барды. Ардақты азамат­тың есімі «Жұлдыздар» аллеясы мен ескерткіш тақтаға қашалып жазылыпты. Қоштасуға ыңғайлана бергенде ол кісі кілт тоқта­тып: «Самрат, Қызылжардан арнайы келген екенсің. Ағаң­ның қарашаңырағына қонып кет», – деп үйіне қайта алып барды. Ертесіне «Кеңсай» зира­тына барып, жерлесіміздің аруағына Құран бағыштадық. Құлпытастың дизайнын анима­циялық фильмдердің режиссері Ерсайын Әбдірахманов жасап­ты.

Қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалған режиссер, есімі көпшілік жадында сақтал­ған жерлесіміз Аяған Шәжім­баев тірі болса, 25 қарашада 73 жасқа толар еді. Небәрі 42 жыл ғана ғұмыр кешкен аяулы аза­мат артына өшпес мұра қал­дырды. Ол – «Бәйтерек», «Бар­бол», «Толғау», «Алжир», «Ак­тер Әнуар Молдабеков», «Ре­жиссер Жұмат Шанин», «Дом­быра үні», «Алтынбектің ән­дері», тағы басқа деректі фильмдердің авторы. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алжир» туындысы қазақ ки­носының алтын қорына енді. Есіл ауданының, Қаратал ауы­лында дүниеге келген Аяған Шәжімбаев жайлы қаншама адам қалам тербеді. Есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Явленкадағы №3 қазақ орта мектебіне, Қызылжардағы кө­шелердің біріне оның аты берілген. Назарбаев зияткерлік мектебінде «Аяған Шәжімбаев» атты кабинет бар. Ол оқыған білім ұясының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған. «Алаштың Аяғаны» және «Мен қазақтың баласы» естеліктер кі­таптары оның халық жадында мәңгілік жасайтынын айғақтай түседі.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp