“Өткен күн – көрген түстей” деуші еді бұрынғылар. Дәл айтылған. Адамның атқарған игі істері, қызықты сәттері, араласқан достары жылдар жылжыса да жүректе сақталады екен. Бүгінде сексеннің сеңгіріндемін. Кезінде бірге араласқан, қызметтес болған замандастардың тау тұлғалары көңілімнің түкпірінде. Аллаға шүкір, өмір жолымда тағдыр байланыстырған адамдар, жақсы жандар аз болмады.
Біздің балалық шағымыз қиын кездермен тұспа-тұс келді. Өткен ғасырдың 50-інші жылдары қазіргідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман емес, соғыстан кейінгі аса ауыр кезең болатын. 12-13 жасымыздан кеңшардың шаруасына араласып, тың көтеру науқанына үлкен адамдардай үлес қостық. Бізге бала екен деп ешқандай жеңілдік көрсетілген емес. Тапсырылған жұмысты уақтылы орындауға тырысатын едік. Бүгінде сол кезеңдерді есіме алсам жан дүнием мазасызданып қоя береді.
Майдан даласында қаншама азаматтар көз жұмды. Бірі баласынан, екіншісі әкесінен айырылған жұрт біразға дейін қайғыдан айыға алмады. Қаншалықты ауыр болса да ересектер бәріне төзіп, еңбекке араласты. Біз жас болсақ та, ел игілігі үшін маңдай терімізді төктік. Дәл кешегідей есімде, тіркемелі “Сталинец-6” деген астық бастыратын комбайнда төрт адам бір экипаж болып жұмыс істейтінбіз. Бұл төртеудің ішінде біреуі – басты комбайнер. Өзгеміз соның айтқанымен жүреміз. Комбайнды тіркейтін трактор жүргізушісі, одан соң комбайнёрдың көмекшісі, яғни мен және тағы бір жұмысшы бірігіп еңбек ететінбіз. Ер адамдардың жетіспеушілігінен “темір тұлпардың” тізгіні нәзік жандарға да тапсырылатын.
Сол жылдары Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының жанында “Жданов” кеңшарының бөлімшесі болды. Орталығы бұрынғы Көбеш ауылы, кейін Николаевка деп аталды ғой. 1954-1956 жылдар аралығы болатын. Туған ауылымыздан шыққан алғашқы комбайнерлер: Имақ Бөсібаев, Меңдібай Жакупов, Тұрғынбек Шаяхметов, Қайырбек Жүсіпов, Қайролла Күрсанин сынды азаматтар абыройлы еңбек етті. Ел үшін аянбай тер төккен ауылдастарымның бірі, біздің экипаждың аға комбайнері болған Геннадий Набабкин де жоспарды асырып орындап, ауылымыздың алдыңғы қатардан көрінуіне атсалысты. “Жақсыда жаттық жоқ” демекші, ол шын мәнінде жақсы адам болатын. Бойындағы ізгілік, адалдық, қайырымдылық сияқты қасиеттерімен айналасына нұрын шаша білді. Ешқашан дауыс көтерген кезін көрген емеспіз. Ашуға берілмейтін, туындаған мәселелерді ақылмен шешетін. Біздің экипаж қашан да жоғары көрсеткіштерімен алдыңғы орындардан көрініп жүрсе де, сол ілкімді істердің басы-қасында болған майталман механизаторға үкімет тарапынан бірде-бір марапат берілген жоқ.
Ал басқа қызметкерлер орақ науқанының қорытынды жиналысында жүлделер мен ақшалай сыйлықтардан кенде қалмайтын. Осындай шараларда еңбегі еленіп жатқан әріптестерінің қуанышына ортақтасып, шынайы көңілімен құттықтайтын оның жайдары жүзі бүгінге дейін жадымда. Ол атақ пен марапатқа таласпады, қызметін адал атқарды. Сол қасиеті арқылы әріптестерінің құрметіне бөленді.
Оның ұйымдастырушылық қабілеті сол кезеңдегі өзге басшылармен салыстырғанда ерекше болатын. Кез келген жұмыстың сәтті орындалуына бар күшін жұмсай білді. Ұжымның бір мүшесін өзінің қамқорлығынан кенде қалдырған емес. Ыңғайлы уақытта қарамағындағы әрбір қызметкерді жеке шақырып алып, отбасылық жағдайын сұрайтын. Осылайша, қолдауға мұқтаж әріптестеріне көмек қолын созатын.
Егін науқаны аяқталғаннан кейін ауылда сабантой болады. Алдын ала жиналыс өтіп, бөлімше бойынша жұмыс сол жерде қорытындыланады. Гена ағамыз осындай жиналыстарда біздің экипаждың алдыңғы орындардан көрінуіне бар күш-жігерін жұмсайтын. Жасаған еңбегі ерен болса да, оның атын атап, ешкім арқасынан қағып, мақтаған емес. Сол кездері жасалған еңбекке әділ баға берілсе, оның да көңілі бір қуанып қалар ма еді? Маған өмір көшінде мағыналы ісін, кесек мінезін өсіп келе жатқан жастарға үлгі етерлік адамдар аз кездеспеді. Солардың қатарында қарапайым еңбегімен елге жаққан Геннадий Набабкиннің жарқын бейнесі жадымда жатталып қалыпты.
Жамбыл НЕКІБАЕВ,
зейнеткер.