Бұрнағы күні Достық үйінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық “Саланг”, “Ер Отан” және “Алғыс” әскери-патриоттық клубтарының өкілдерінен жасақталған солтүстікқазақстандық “Поиск” тобы кезекті сапарларын қорытындылады.
Өңір белсенділері 26-шы сапарында Ресейдің Новгород облысының Парфинск ауданында жүргізген қазба жұмыстарында 22 жауынгердің сүйегін көтерген.
Шараға қатысушылар іздеу барысында майдан даласынан табылған жауынгерлердің жеке заттары мен басқа да жәдігерлерді тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Баспасөз мәслихаты барысында сөз алған “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі Александр Азегов сапар туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
Александр Анатольевичтің айтуынша, ТМД елдерінің 29 іздеушілер отрядының басын қосқан экспедиция барысында жалпы 703 жауынгердің сүйегі табылған. 22-нің медальоны бар. Олардың үшеуі қазақстандық жауынгерлер: қызылордалық Мих Усентаев пен Иратулла Хамидуллин және Ақмола облысының тумасы Айшамбек Асылов.
Іздеу шаралары барысында солтүстікқазақстандық жастар екі медальон тапса, оның тек біреуінің ғана есімін анықтау мүмкіндігі туған. Екі медальонның бірінде “Поляков Филипп Никифорович” деп жазылған. Кейін анықталғанындай, ол бұл жердегі соңғы ұрыстан кейін хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Ал екінші медальонның іші қуыс болған. Өзгелерінің де есімдері беймәлім болғанымен, Отан үшін отқа түскен жауынгерлердің сүйектері Ресейдің бауырластар зиратына құрметпен жерленген.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.