ЕС-164/6 әйелдер колониясында “Ашық есік күнін” өткізу дәстүрге айналған. Осындай айтулы сәт Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жалғасын тапты.
Бұл күні темір тордың арғы жағында отырғандар мекеме аумағында орналасқан Мәдениет үйінде шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырып, балалардың көңілін аулауға тырысты.
Кішкентай бөбектердің құрметіне арналған шараны кіріспе сөзбен ашқан ЕС-164/6 мекемесі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айқын Бәженов колонияда жазасын өтеп жатқан әйелдерді айтулы мейраммен құттықтап, бүгінгі шара қамаудағы қыз-келіншектердің көңілін аулаумен бірге, оларды бостандықта жақындары тосып отырғандығын еске салатынын атап өтті.
Концерттік бағдарламада ән айтылып, би биленді. Сотталушылардың ішінен, әсіресе, Жанар Нәшкенова, Ирина Московченкова, Светлана Медведева нақышына келтіре орындаған әндерімен көрермендердің жүрегіне жол таба білді. Әрине, бұл әндер көзге жас үйірілтті. Бірі – бөбегі мен екіншісі – ақ жаулықты анасы мен енді бірі жұбайымен қауышып, сырласып, көрісіп жыласқан, сағыныса жүздескен әйелдер бір сәт өздерінің темір тордың ар жағында отырғандарын ұмытып кеткендей болды.
Сотталғандардың бірі – мерекелік шара сценарийінің авторы Елена Шереметова:
– Түрме әкімшілігі бастамамызды бірден қолдады. Алғашқы күннен бастап оған ерекше дайындалдық. Барлығын өзіміз қолымызбен жасадық. Сахнаны көркемдеп, үстіміздегі костюмдерді де өзіміз тіктік. Жеке басым аналарына келген балаларға шаттық сыйлау үшін ән шырқадым, – деді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.