«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ЖЕМІСІ

 

Тұңғыш Президент күні мерекесін осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни 1991 жылдың 1 желтоқсанында алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлаумен байланыстыруға әбден болады. Осы саяси айтулы оқиғаның нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан ел Президенті болып сайланды. Одан кейін небәрі 15 күн өткенде Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды.

Халқымыздың сан ғасырлар бойғы арман-тілегі орындалып, ел тарихының жаңа дәуірі басталды. Сондықтан да 1991 жылдың 1 желтоқсаны дүйім қазақстандықтардың тарихи таңдауы, егемен еліміздің негізін қалаушы Мемлекет басшысына артқан сенімі мен құрметі деп білуіміз керек. Мемлекетіміздің мерейлі жетістігі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырған Тұңғыш Президент күнін солтүстікқазақстандықтар да айрықша атап өтті. Елі сүйген, елін сүйген Елбасының, тарих таразысына салып қарасақ азғантай уақыт аралығында биік белестерге жеткізген кемеңгер саясаты, көреген басшылығы, даналығы мен жаңашылдығы Қазақстан тәуелсіздігінің іргетасын берік қалады.

Бұл күні Петропавлдағы Орталық алаңға жиналған жүздері шуақты, тілектері бір жұртшылықтың қарасы қалың болды.

Мемлекет басшысының егемен еліміздің іргесін бекітіп, керегесін кеңейту, шекарасын шегендеу жолында атқарған қыруар жұмыстарының куәсі болған аға буын өкілдерінің шексіз ризашылықтары, жалынды, жігерлі, мұраттары асқақ жастардың бақытты шақтары, балғындардың қуанышты сәттері елін әлемге танытқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа деген зор сүйіспеншіліктің көркем көрінісі іспеттес.

Мерекелік концертке “Елбасымен бірге мықты Қазақстан үшін” атты тақырып арқау болды. Би биленіп, күй күмбірлеген, әсем әндер шырқалған шараны облыс әкімі Ерік Сұлтанов та тамашалады. Концерт Елбасының туған жері – “Үшқоңыр” әнімен басталды. Облыстық филармонияның әншілері Мұрат Бекжановтың “Отан ана”, Медет Ибадуллаевтың “Байтақ елім”, “Әлем”, “Самғау” топтарының “Жаным қазақ”, “Қазақпыз бәріміз”, “Егемен Қазақстан” әндері “Ұлым дейтін елің бар, елім деуге жарасаң” атты қанатты тәмсілдің мағынасын айшықтап, бейбітшілік бесігінде тербелген еліміздің мерейін, осынау мерекенің шырайын арттыра түскендей болды. С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры әртістерінің “Азаттық пен елге қонды тосқан бақ, Қазақ елін мойындауда дос таңдап. Елбасының еңбегімен нұрлана, Қазағымның мерейі тұр аспандап. Елі үшін олжа салып қиырдан, Ықпаған еш ауыртпалық қиыннан. Мерекеңіз құтты болсын көпшілік, Елбасының құрметіне жиылған!” деп жырлауы елін өркениет көшіне ілестіріп, әлемге танытқан Мемлекет басшысының ерен еңбегі мен ерлігін паш еткендей әсерге бөледі.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp