«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЖӘРДЕМІ мен ЗАРДАБЫ

Алғашқы алаңдаушылық осыдан тоғыз жыл бұрын басталып еді. 2016 жылы қытайлық өнертапқыштар көркем шығарма жазатын қабілетті робот ойлап тауып, бар әлемді таңдай қаққызған. Әлемдегі алғашқы мәтін жазатын роботтың шығармасы кейін беделді әдеби байқауда жоғары бағаланып, үздіктер қатарынан көрінді. Сол кездің өзінде қалам ұстаған ағайын өз кәсібінің болашағы туралы ойланып қалғаны бар. Содан бері көз ілеспес жылдамдықпен дамыған ЖИ бүгінде адамды алмастыра алатын деңгейге жетті. Көп өтпей жаңа өнертабыстың көмегімен алғашқы зерттеу жазылып, алғашқы диплом жұмысы қорғалып, цифрлық дәуірде білім алған жастардың алғашқы буыны еңбек нарығына жолдама алды. Бүгінде ЖИ білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Не нәрсеге болсын балалардың тез бейімделіп кететіні бар ғой. Сол сияқты жаңа технологияның игілігін алғаш болып көрген де солар. Бұрын сабақ­тарда калькулятор қолданудың өзін әжептәуір жеңілдік санайтын оқушылар көп өтпей өз мін­детінің бір бөлігін ЖИ-ге жүктеуге үйреніп алды. Іле зерттеушілер мен мұғалімдер де маманданып, білім беру саласында жаңа өзгерістің белгісі бай­қалғандай болды. Алайда аз уақыттың ішінде ата- аналар мен ұстаздар жаңа технология оқушылар мен студенттердің үлгерімін кері тартып бара жат­қанын айтып дабыл қаға бастады. Өйткені жастар бұрынғыдай кітап кеміргенді қойып, қалағанын ЖИ-ге жүктеп, бірнеше минутта керек тапсырманы орындай салуға әуестеніп алған.

– «ChatGPT» қаншалық іл­гері болғанымен оның жазған мәтіні бірден көзге түсіп, ерек­шеленіп тұрады. Студент уни­верситетке білім алып, бойында кәсіби дағдыларын қалыптас­тыру үшін келеді. Ал ЖИ бұған кедергі келтіреді. Түптің түбін­де әр жас жоғары баға немесе шәкіртақы үшін емес, бірнеше жылдың ішінде өз мамандығы­нан жан-жақты хабары бар кәсіби маман болып шығу үшін университетке келетінін ұмыт­пауы керек. Заман ағымына сай біз де тапсырма мазмұнын өз­гертудеміз. Білім алушылар ға­ламторға иек артпауы үшін олардың өз пікірі мен сыни ой­лауына негізделген тапсырма­лар беруге тырысамыз, – дейді М.Қозыбаев атындағы СҚУ- дың оқытушысы Жанар Құлы­бекова.

Алайда бұл үрдістің жағым­ды жағы да бар. Қолданушылар көп болған сайын ЖИ тілі де қазақыланып, ана тілімізде са­палы ақпарат ұсына бастаған. Алдағы уақытта еліміз бұл сала бойынша Орталық Азияда көш бастауы мүмкін. Қырғыз аға­йындардың ЖИ-ге жолдаған қырғызша сауалына қазақша жауап алып, екі көзі төрт болып жатқаны осының көрінісі.

Заманауи чат-бот кез келген жанрдағы мәтінді аз уақытта жазып беруге қабілетті. Эссе, реферат, мақала, зерттеу жұ­мыстарының тақырыбын жаз­саңыз болды, сұрауыңыз дайын болады. Бұған алаңдаған өзге елдердегі білім беру ұйымдары түрлі шектеулер енгізе бастаған. Мысалы АҚШ, Франция, Үндістандағы кей оқу орында­рында ЖИ арқылы тапсырма орындағандарды оқудан шыға­руға дейін жаза қарастырылған. Ал елімізде Ғылым және жоға­ры білім министрлігінің баста­масымен барлық студенттер ЖИ бойынша курстардан өтуге міндеттелді. Осылайша ми­нистрлік жастарды жаңа техно­логияны тиімді пайдалануға баулымақ. Ал өз жұмысында «ChatGPT» пайдаланғандар ол туралы хабарлауға міндетті. Оған қоса «құпия» таңбасы бар зерттеулер мен балаларға пси­хологиялық тәжірибелер жүргізгенде ЖИ-дің көмегіне жүгі­нуге болмайды. Бірақ мұндай нақты талаптар болғанмен он­дай деректерді анықтау, мони­торинг жасау алгоритмдері қа­растырылмаған.

Қоғам ғаламторға сенім арт­қан жастардың ертеңіне қарай­лап жүрсе, сол жастарға тәлім беретін мұғалімдердің өзі дайын дүниеге үйрене бастаған сияқ­ты.

– Тәжірибесі толыспаған жас мұғалімдердің көбі тапсыр­маларды ЖИ арқылы жасайды. Тіпті чат-ботқа «514 бұйрық негізінде сабақ жоспарын жа­зып бер» десеңіз, сұрауыңыз қас қағым сәтте дайын болады. Мұ­ғалім ЖИ дайындап берген тап­сырманы оқушыға жолдайды. Оқушы ол тапсырманы ЖИ ар­қылы орындап мұғалімге бе­реді. Кім кімді оқытып жатқаны белгісіз. Қазіргі білім беру жү­йесінде сыни ойлаудың маңызы зор. Мұғалімдер баланы баға­лаушы емес, жетелеуші болуы керек. Сабақ барысында құрғақ тапсырмадан гөрі, оларды мә­селені шешуге, кедергілерді ең­серуге, өз ойын білдіруге үйрет­кен дұрыс, – дейді мектеп мұ­ғалімі Қабдолла Бейісхан.

Десе де ЖИ-дің жұмысына да сөзсіз сене беруге болмайды. Оның өзі де, қолданушылары да қателесіп кетуі бек мүмкін. Ал жіберілген қателіктер үшін кімнің жауап беретіні белгісіз. Бүгінде мектептерде өз пікірін ашық айтуға қабілетсіз, өмірлік ұстанымы, айқын мақсаты қа­лыптаспаған, еңбекке құлық­сыз буынның өсіп келе жатқа­нына жаңа заманның жасанды көмекшісі айтарлықтай әсер етіп отыр. Роботтың алгоритм­деріне сүйенген жастар мәсе­лені өзі шешуден қашқақтайды, басқалармен қарым-қатынасы шектеледі, жаңаны үйрену дағ­дысы дамымайды. Соған қара­мастан оқушылар мен студент­тер ЖИ-дің жағымды жағына үңілуге шақырады. Олардың ойынша, кей бағыттағы жұмыс­тарды орындауда адамды ро­ботпен алмастырғанның зияны жоқ.

– Қоғам әрқашан жаңа нәр­сені үреймен қабылдайды. Ал­ғашқы ғаламтор пайда болғанда да, телефон кең танылғанда да адамдар білім берудің ертеңіне алаңдады. Уақыт өте келе ЖИ- ге де үйреніп кетеміз деп ойлай­мын. Үлкен ақпараттарды өң­деу, ауқымды есептеулердің шешімін табу адам үшін көп уақыт алады. Сондықтан осын­дай техникалық жұмыстарды ғаламтордағы көмекшімізге тапсыруға болады. Мұның бәрі зерттеу жұмыстарының өнімділігін арттырып, білім беру мен ғылымды ілгерілетер еді. Мұғалімдер мен оқытушылар да жаңа өнертабыстан қауіптен­бей, уақыт талабына сай бейім­деліп, жұмыс тәсілін өзгертуі керек. Жаңалықтан теріс ай­налғаннан ұтарымыз аз. Керісінше тиімді тұсын пайдалана білсек игі, – дейді жергілікті университет студенті Аружан Құрымбай.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Түйін:

Жер бетіндегі ой-қиялы ұшқыр, шығармашылық қабі­леті шексіз жаратылыс иесі – адам ғана. Біз күмәнмен қарайтын ЖИ-дің өзі адамға еліктеп, барынша өзін ұқ­сатқысы келеді. Алайда ешқандай құрылғы ғаламның сы­рын жүрегімен сезген адамзаттың әрекетін қайталай алмайды. Алмағайып заманда жүрегіміз тасқа, жүй­кеміз темірге айналып кетпеуі үшін жанымызды таза сақтап, адамдық болмысымыздан айнымағанымыз жөн.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp