Еліміздегі компаниялардың экологиялық саясатын қалыптастыруға және кеңселердің ресурстарын үнемдеуге бағытталған “Жасыл кеңсе” конкурсы биыл республика аумағында екінші рет ұйымдастырылып отыр. “Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту” коалициясы мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Нұр-Сұлтан қаласындағы бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен байқауға қатысуға ниет білдіргендер үшін тренинг өткізілді. Шара барысында өткен жылғы байқаудың қорытындылары мен “Жасыл кеңсені” іске асыру қағидалары, қатысу шарттары туралы айтылды.
Байқауға мемлекеттік органдардың, білім беру, денсаулық сақтау, сауда құрылымдарының, өнеркәсіптің, халықаралық және үкіметтік емес, тағы басқа ұйымдардың өкілдері он аталым бойынша қатыса алады. Тренинг барысында “Жасыл экономиканы қолдау коалициясының” атқарушы директоры Асхат Сүлейменов былтыр солтүстікқазақстандықтар аталған жобаға қызығушылық танытқанын атап өтті.
– Өткен жылы конкурсқа қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен жетпіске жуық өтініш келіп түсті. Үздік деп танылған отыз жұмыстың авторын жеңімпаз ретінде таңдадық. Соның ішінде Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық-гуманитарлық колледж, “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы және электр тарату ұйымын атап өтуге болады, – деген Асхат Сүлейменов үздік бастамалар мен жұмыстарды мысалға келтірді. – Қазіргі таңда елімізде табиғи ресурстарды сақтап, экологиялық саясатты қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл байқау кәсіпорындар мен ұйымдардың осы бастамаға атсалысуына ықпал етуді көздейді. Мысалы, Ақмола облысындағы ауылдардың бірінде орналасқан мектепте суға арналған сенсорлық экран орнатылды. Сол арқылы күніне 300 литр суға дейін үнемдеуге мүмкіндік туды. Әр кеңсе бұл бастаманы қолдап қолға алатын болса, табиғи ресурстарды үнемдеп, қоршаған ортаны қорғауға да септігін тигізер еді.
“Жасыл кеңсе” әлеуметтік жобасы ресурстарды үнемдейтін, түрлі қалдықтарды қайта өндеуге, бұл үшін экологиялық жауапты компаниялар қоғамдастығын қалыптастыруға ықпал етеді. Байқауға өзінің жұмыс орнында кез келген экологиялық технологияны қолданатын мекеме қатыса алады. Биыл конкурсқа қатысуға Солтүстік Қазақстан облысынан әзірге екі кәсіпорын ниет білдірген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарнаманың аздығынан. Республикалық байқаудың қорытындысы қазан айында шығады. Жеңімпаздар арнайы жасыл кеңсе белгілерімен марапатталады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.